
Жем бойында мал өлді, не себеп?
Осы аптада әлеуметтік желілерде Жылыой ауданындағы Бақашы учаскесінде сиыр малының жаппай қырылуы анықталды. Аудан орталығынан 18-20 шақырым жердегі жағдайға байланысты жергілікті тұрғындар алаңдап отыр. Бір күннің ішінде өрісте жүрген бірнеше бас мүйізді ірі-қара өзінен-өзі шығын болған. Кейін бір түйенің өлгені де анықталды.
Тұрғындардың айтуынша, өлген малдың бәрінің іші кеуіп кеткен. Сойып көрсе өті жарылып, өкпесі қарайып, ішек-қарны іріп кетіпті.
Ауыл тұрғындары «мұндай жағдай Жем өзенінің Құржем сағасында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен байланысты болуы мүмкін» деген болжам айтып отыр. Өйткені, су қоймасын кеңейту мақсатында шлюз орнатылып, су деңгейін төмендетуге арналған инесүзгі құрылғысы қойылған. Дәл осы құрылғыдан шыққан суды ішкен мал қырылып жатыр екен.
Ал ветеринар мамандар өлекселерді тексеріп, зертханалық сынамалар алды. Судан да, өлген малдан да патологиялық үлгілер жиналып, облыстық зертханаға жіберілген.
– Өлекселерден жұқпалы аурудың белгілерін байқамадық. Алдын ала болжам бойынша әзірге улану деп отырмыз. Құрылғыдан шыққан сумен қатар учаскедегі таза судың да сынамасы алынды. Арнайы зертханалық қорытындыдан кейін нақты себебі белгілі болады. Мұндай жағдай ауданда алғаш рет тіркеліп отыр. Басқа аудандардағы әріптестерімізбен сөйлескенде, олар да біздің болжамды айтты. Өлген малды мал қорымына өз күшімізбен көміп жатырмыз. Мердігер мекеме де қол ұшын созатынын айтты, — деді аудандық ветеринария станциясының басшысы Нұрболат Өрбісінов.
Сондай-ақ мамандар мал өлімі болған аумаққа әзірге мал жаймауды тұрғындар қаперіне беріп жатыр. Осыған байланысты аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Бақашы учаскесіне барып, салынып жатқан дамбаның маңындағы жағдаймен танысып қайтыпты.
– Ауыл халқы малмен күнелтіп отыр. Тек ауыл ғана емес, Құлсары қаласы тұрғындарының малы да осы жаққа жайылады. Сондықтан халықтың алаңдауына негіз бар, — деді кеңес мүшелері.
Облыста мал өліміне қатысты жағдай алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Соңғы рет бұдан екі ай бұрын Құрманғазы ауданында 100-ге жуық түйе жаппай қырылып, тұрғындар жергілікті әкімдіктен қолдау сұраған болатын.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Жылыой ауданы


