smartphone headphones music

Құлаққап киюге неге құштармыз?

СарапTime Медицина
8 / 100

Құлағымыз ауырып, жергілікті емханаға бас сұққан едік. Бақсақ, көз бен құлағы ауырғандар көп екен. Біразы – жастар мен жасөсіпірмдер…

Кезегімізді күтіп отырған сәтті пайдаланып, ауруына ем іздеген оларды сөзге тартып көргенбіз. Сөйтсек, әлгілердің құлағынан су кетіп, мазаларын алған екен. Бұған құлаққаптың теріс әсері себеп болғанын өздері де мойындап отыр.

Жалпы, мамандардың айтуынша, жуық арада әлем бойынша 12-ден 35 жасқа дейінгі  1 миллиардтан астам адам есту қабілетінен айырылуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені, қазір кез келген қоғамда құлаққап күні-түні құлақтан бір түспейді.

Психологтар құлаққапқа құштарлықтың үш себебін атап көрсетеді. Біріншіден, адам ашуға бой беріп немесе мазасы қашса музыкамен алаңдайды. Екіншіден, айналадағы адамдардан оқшауланып, тыныштық табудың бірден-бірі жолы – құлаққап киіп алу. Үшіншіден, қара жұмыс жасаған кезде немесе күнделікті қызықсыз іспен айналысқан сәтте музыканы қосып қоюды көбісі әдетке айналдырып алған.

Сонымен, бұл тұрғыда дәрігерлер не дейді екен? Біз бұл сауалдың жауабын жоғары санатты дәрігер-отопаринголог Салтанат Досжановадан білдік.  

– Бүгінде жастар арасында жиі кездесетін проблемалардың бірі – құлақтың есту қабілетінің күрт нашарлауы, – дейді ол. – Мәселенің мәнісі нақты құлаққап арқылы ән тыңдауда емес. Шындап келгенде, негізгі себеп – сүйікті әуендердің дауысын шектен тыс шығарып тыңдау. Егер дыбысты шамадан асырмаса, одан ешқандай зиян жоқ.  

Сонда қалай болғаны, құлаққаптың өзінен еш залал болмағаны ма? Демек, бұл құрылғымен музыка тыңдауды жалғастыра берген жөн бе?   

– Құлаққап зиянсыз екен деп оны күні бойы киіп жүруге тағы болмайды. Мұның соңы тек есту сапасының төмендеуіне ғана әкелмейді. Сонымен бірге, адамның басы айналып, қатты шаршайды. Тіпті, әлсіреп кетуі де мүмкін. Бұл жерде мәселе тек музыкада ғана емес. Басқа да аудиофайлдарды мөлшерден тыс тыңдау қауіпті, – дейді білікті маман.

Сол сияқты, құлаққапты жиі қолдану жүйке жүйесі мен миға да кері әсерін тигізуі ғажап емес. Оның орнына қарапайым дыбыс шығарғыш құралдарды пайдаланған тиімді. Өйткені, олар құлаққа жанаспайды және құлақтың ішкі бұлшық еттеріне еш әсер етпейді. Әдетте бұлшық еттер дыбысты қабылдап, оны реттеумен айналысады. Ал, үнемі қатты, әрі өткір шығатын дауыстар олардың қалыпты қорғаныс қызметін бұзады. Сөйтіп, барлық дыбыстық импульстер жүйке жүйесіне беріледі де, оны тітіркендіреді.

Сөзімізді түйіндей келе, мамандардың мына бір кеңестерін қаперге бергіміз келеді…

Құлаққап киетін болсаңыз…

  • 1.Құлаққаптарды күніне 60 минуттан және тәулігіне 120 минуттан артық пайдаланбау қажет.
  • 2.Құлаққаптарды сатып алмас бұрын, мұқият танысып шығу керек. Ең қауіпсіз түрін таңдаған жөн. Әсіресе, құлаққа жақын орналасатынын мүлде алмаған дұрыс.
  • 3.Дауыс ырғағын тиісті деңгейден асырмау қажет. Құлаққап дыбысының рұқсат етілген мөлшерін анықтау өте оңай. Бұл үшін бірнеше сөзді дауыстап айту керек. Егер өз дауысыңызды естісеңіз, дыбыс қалыпты деген сөз.

P.S:

Жалпы, музыканы мүмкін болса, құлаққапсыз тыңдаған абзал. Қазір құлаққаптың сан түрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Әйтсе де, соның ішінен құлақтан мейлінше алшақ тұратынын таңдаңыз. Әйтпесе, денсаулығыңызды дәрігер де түзей алмауы мүмкін.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

*Сіз не дейсіз?

Көркемай ЖӘДІГЕРОВА,

«Болашақ» колледжінің 1 курс студенті:

– Құлаққап көп кимеуге тырысамын. Өйткені, ол денсаулыққа зиян. Соңғы кезде құлаққапты құлаққа қаптап алған жастардың көшеде келе жатып көлікке қағылғаны туралы көп естідім. Сол сияқты, құлаққап киіп ұйықтап кеткен ересектер де келесі күні саңырау болып қалған және сондай сәтте тағы бірінің телефоны өртеніп, құлағын күйік шалған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған