Қаламының желдірме желі бар

oproporpopo СарапTime

ӨТКЕН ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫҢ АЛПЫСЫНШЫ ЖЫЛДАРЫ АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ШОҚАН УӘЛИХАНОВ КӨШЕСІНДЕГІ №7 ҮЙІНДЕ ОРНАЛАСҚАН ОБЛЫСТЫҚ «КОММУНИСТІК ЕҢБЕК» (ҚАЗІРГІ «АТЫРАУ») ГАЗЕТІ РЕДАКЦИЯСЫНЫҢ БІР ҚАБАТТЫ ЕСКІ ҒИМАРАТЫНЫҢ ОРТА ТҰСТАҒЫ БӨЛМЕСІНІҢ ТӨРІНДЕ АҚҚҰБА ЖҮЗДІ, КЕРЕ ҚАРЫС МАҢДАЙЛЫ, ТЕҢІЗ ТОЛҚЫНЫНДАЙ ҚАРА БҰЙРА ШАШТЫ ЖУРНАЛИСТ МЕҢДЕКЕШ САТЫБАЛДИЕВ ОТЫРАТЫН. ЖУРНАЛИСТІГІМЕН ҚАТАР, ӘР ЖОЛЫ КҮМІСТЕЙ СЫҢҒЫР ҚАҚҚАН СЫРЛЫ, НҰРЛЫ, ТҰҢҒИЫҚ ТЕРЕҢ ОЙЛЫ ЖЫРЛАРЫМЕН ТӘНТІ ЕТКЕН АҚЫН. ӘҢГІМЕНІ ДЕ ӘСЕРЛІ ЖАЗАТЫН. ОЛ ӘДЕМІ КҮЛКІСІМЕН, СӘНДІ ӘЗІЛІМЕН ТӨҢІРЕГІНЕ ШУАҚ ШАШЫП, ӘДЕБИЕТ АУЫЛЫН ЖАҒАЛАҒАНДАРДЫ, ӨЛЕҢ, ӘҢГІМЕ ЖАЗУҒА ТАЛПЫНЫП ЖҮРГЕН БІЗ СИЯҚТЫ БОЗБАЛАЛАРДЫ, АРМАН ҚУҒАНДАРДЫ ӨЗІНЕ СИҚЫРДАЙ ТАРТЫП, БАУРАП АЛАТЫН.

Меңдекеш Сатыбалдиевтің жазғандарын кім болса да сүйсіне оқушы еді. Сол бір ерекше журналистке ұқсап, қалам тарта білсек деп қиял жетегіне ергендер шіркін көп болатынбыз. Оның очерктерінің, эсселерінің қалай туындайтынын, əдемі жазылу сырларын білсек пе дейтінбіз. Бақсақ, Меңдекеш Сатыбалдиев эпистолярлық жанр – хаттың өзін көркем шығармадай мөлдіретіп, төгілдіртеді екен-ау. Оның жазған мына бір хатына назар аударып көрсеңіз, бəрін жазбай түсінуге болады: «Армысыз, Ғатеке! От ауызды, орақ тілді аға, сəлем де сəтімен емес пе, Сізге «Ассалаумағалайкүм» деудің иіні осы тұста келді білем. Ал енді ошақ-орман аман ба, аруана көкірек апаларым есен бе, жиендерім жетіліп келе ме? Əлгі бір жайсаң, марғасқа жігіттер дін аман ба? Бас[1]басына атасақ, кəсіподақтағы алымды, айдынды, адырналы ағайын Ғат-аға (Ғатау Рамазанов – Т.Ж.) аман ба? Домбыраны биязы ескен желдей бипаздап бебеулететін бір бауырым бар еді, Халекең (Халидолла Дүйсеев – Т.Ж.) аман ба? Алдынан асау өтпейтін, күй қозғаса, күнге ғана беттейтін, шал деуге мүлде болмайтын, онсыз думан ортасы толмайтын, шадыман Шəкең (Шəмшиден Шəріпов – Т.Ж.) аман ба?

Тағы бір əлгі сызылған сырбаз, сарабдал жігіттер Тілекқабыл, Тілеген, сабырлы, салиқалы Сұңғат аман ба? Көктемгі əуендей дүрілдейтін, ел ішінде асаулығы білінбейтін, басынан сөз асырмайтын, аңғырттығын жасырмайтын, «а»-дан басталатын Адайлар аман ба? Басы сонау Бейбарыстан басталып, Исатай-Махамбетпен бітпейтін, алты алашқа айтулы ауылым Беріштер аман ба? Енді өзім хақында… Адал көкірекпен тартып кетіп, Алматыдан бір шықтым. Өлең-жырға құлшыныс бар, баспадамын, жұрттың кітабын ш ы ғ а р а м ы з . « А қ қ ы с т ау » туралы, оның жаны сұлу адамдары туралы жазсам-ақ деп ем. Тəйірі, орталарыңда аз аунап, адамдардың жан сырын аз аулаппын. Дегенмен, сондағы «Аққыстау ажарын» ажарландырып кітапқа енгізсем деймін. Соған сіздің «бүгінгі ауылды қайтсек құлпыртамыз» д е г е н о й т ө ң і р е г і н д е г і толғаныстарыңызды хат арқылы алсам деймін. Ауылға не керек, не бар, адамға не керек – соны шертсеңіз. Сіздің пікіріңізді «күллі ауыл интеллигенциясының пікірі» деп таныр едім. Ойларыңызды ресми түрде емес, шалқыта, жай, өзіңізше көсілте беріңіз. Ғатеке, мынау хатқа сияның үш түрін малдануға тура келді. Тəйірі, ұйқы-тұйқы адам мінезі сияқтанып кетті. Ал енді бос сөзге кешірім, мен үшін Жансих пен Салтанаттың маңдайынан сүйіңіз. Апайларға сəлем. Қысқа сəлем, көл-көсір тілекпен Меңдекеш. 28.ІІІ.1969 ж.»

Республикалық «Ана тілі» газетінің 2012 жылғы 26 қаңтар-1 ақпан аралығын қамтып шыққан санындағы жазушы-журналист Самат Ибраимның «Академик келген Аққыстау» атты бір беттік эссесіне енгізілген осы хаттың жазылу шеберлігі өз басымды тəнті етті. Төгіліп тұр емес пе?! Бұл Нарын өңірінің абызы атанған Ғатих қарияға (Маштахов) хат емес, шынайы шалқыма ғой. Мұны хат болса да публицистиканың талдамалы жанрлар тобына жатқызуға болмайды. Мөлдіреп тұрған көркем публицистиканың өзі! Əрбір адамға, тіпті руға берген сипаттамалары қандай көркем?! Демек, ол осы тақырыпқа очерк, эссе жазғанда көркемдік деңгейін, тілдік оралымын бұдан да аспандата түсірері хақ. Əрине, сөзсіз солай. С ө з ш ұ р а й ы н ы ң н е б і р а с ы л д а р ы н т а б а б і л г е н , өлеңде ешкімге ұқсамайтын адуынды арынымен танылған, публицистикалық дүниелер жазуда жараулы тұлпардай алға озып самғаған шебер қаламгер қайда, қашан туып-өскен?! Өмір жолдары қалай өріс тапқан?! Оны кім білгісі келмейді?! Бұл сұраққа жауап облыстық, республикалық энциклопедияларда, «Қазақстан жазушылары. ХХ ғасыр» деген анықтамалықта нақты берілген. Солай бола тұрса да тағы бір еске салғанымыздың артықтығы болмас.

Меңдекеш Сатыбалдиевтің кіндігі 1937 жылы Жылыой ауданының Амангелді ауылында кесілген. 1954-1969 жылдар аралығында Есбол, Теңіз аудандық газеттерінде, облыстық радиода, облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, ал 1969 жылдан бастап төрт жыл республикалық «Қазақстан» баспасының редакциясында бөлім меңгерушісі, «Мəдениет жəне тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында жауапты хатшы болған. 1965 жылдан кейін Алматы қаласына кеткенге дейінгі аралықта Атырауда «Жас дəурен» шығармашылық бірлестігін құрып, əдебиет пен өнерді насихаттауға зор еңбек сіңірген. Республикалық, облыстық баспасөз беттерінде очерктерімен, эсселерімен, фельетондарымен жиі-жиі көрінген сөз өнерінің шынайы сайыпқыраны еді. Меңдекештің қаламынан халықтың көңіл-күйін, ой-танымын, арман-мүддесін жырлаған «Ақ моншақ», «Шулайды толқын», «Күн шуағы» деп аталатын өлеңдер жинақтары, «Қоңыр қозы» повесі, «Жартастағы жазулар», «Мөлдір аспан» деген очерктер мен эсселер жинақтары, «Қызғыш құс» атты таңдамалысы жарық көрді. Замандастарының қаһармандық еңбегін, ой-арманын, адамгершілік үлгі-өнегесін, д о с т ы қ қ а р ы м – қ а т ы н а с т ы очерктері мен эсселерінде асқан шеберлікпен көрсете білді.

Меңдекеш Сатыбалдиев – «Жартастағы жазулар», «Жұлдыздар», «Ауылдағы академия», «Аққыстау ажары», «Шоқ жұлдыздар», «Парасат», «Ақсұлу», «Бел-белес», басқа да публицистикалық еңбектерінде қаламының қарымымен қалай жазудың керемет үлгісін ерекше танытқан арынды да дарынды қаламгер. Оны талантты əріптесі Қабижан Сағиев дұрыс аңғарып, «Коммунистік еңбек» газетінің 1970 жылғы 4 қыркүйектегі санында «Атырау адамдарының бейнесі» деген тақырыппен сол жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Жартастағы ж а з у л а р » а т т ы о ч е р к т е р жинағына ой-пікірін жазған. Онда «Меңдекеш очерктерінің басты қуаты неде? Алдымен, олардың алған объектісінде деуге болады. Атыраудың ақиық қырандары жайлы əңгімелер бұлар. Атап айтсақ, адам жүрегін тұңғыш рет өз қолымен ұстап көру құдіретіне ие болғандардың бірі – дəрігер Марат Темірханов, еңбек шежіресінен ауылда академия ашқан жаңа дəуір Шопан-Атасы Сақан Дəулетқалиев, өнері Москва сахнасын тебіренткен ауыл композиторы Тоқсанбай Қ ұ л т у м и е в , к о м м у н и с т і к ауыл жасап жатқан абзал аққыстаулықтар, өткен күнге үңіліп, бүгінгі дəуір сырын байытып жүрген ізденімпаз жас ғалым…

Міне, бұлардың қай-қайсысы да екінің бірі емес, бірдің өздері. Ол не жазса да жеріне жеткізе, иін қандыра жазды. «Жартастағы жазулар» очеркі осы жанрды жазудың нағыз жоғары үлгісі. Əңгімеден бетер тартымды, нанымды, əрі өн бойы тартыс-қақтығысқа, шиеленісті оқиғаларға бай. Оқырманын зеріктірмейді, ой теңізіне ш о м д ы р а д ы , к е й і п к е р д і ң тағдырын таразылап ойқантады, жүрегіңді шымырлатады. Əуелі «Жоқ іздеген жігіт» атанған жас оқымысты Қабиболла Сыдиықовтың кім екендігінен хабар беріп алуы заңдылық. Айтып отырса, əр тас, əр бұтаның түбін алтын іздегендей тінткілеп, өңшең бір көне шежірелерді табу қамымен айлап, апталап ел кезіп жүрген ғалымның өзі қандай мақтаудың да иесі бола алатын азамат. Оны очеркті туындатушы ат үстіндегі ойлы да сырбаз кейпінен бастап, тарихтан бедері жоғалуға айналып бара жатқан жыр-қазыналарды, ескілікті əңгімелерді жер астынан кен іздегеннен бетер тірлікпен тірнектеп жинастыруын əсерлі айшықтап жеткізеді. Сол өңірдің абыз ақсақалы Ж а н ж і г і т Қ о с н а з а р о в т ы ң үйінде үш күнге жуық болып, сыр шертісіп, қойын дəптерін толтырғаны аз болғандай енді оны қасына ертіп алып, Маңғыстаудың тау-тастарын аралауға көшеді. «Бұл аймақты барлауды екі бағытта жүргізу к е р е к . М а ң ғ ы с т а у – т е к мұнайдың қоймасы ғана емес, əн[1]күйдің, өлең-жырдың, сəулеттің де ордасы».

Меңдекеш жолда ғалымның басына осындай ой ұялатады. Дəл сол тұстан əрі қарай оқиғаны ширықтырып, фабуласын қоюлатып əкетеді. Тау қолтығында келе жатып, екеуінің жартастағы жазуларды оқуы, Жанжігіт ақсақалдың оларды қашап жаздырған Елібай Қосыбаевтың қайғылы тағдырын кейін қазаққа аты мəшһүр болған Қабиболланың құлағына құюы өте сəтті өрнектелген. Ол жерге келгенде баяндау əдісін қолданбай, шегініс жасап, өткенге барлау жасау арқылы жанды бейнелеуге ауысады. Аш[1]арыққа ара түсіп, шоқпарға да, сойылға да кеуде тосып, отыз екі жасында мылтықсыз бір майданға кіріп кеткен Елібайды бір сəт көз алдымызға əкеледі. Оны құртудың амал-айласын жымысқылана іздеген арам ниетті шіріген бай Марғау өзінің қолшоқпарына а й н а л д ы р ғ а н с о й ы л д ы сотқарларының қара күштерімен Қарашоқы шатқалында қапияда айламен қолға түсіріп, қорлап өлтіртеді.

Кəдімгі «Абай жолы» эпопеясындағы қырық рудан тас лақтыртып Қодарды мерт еткізетін шатқалға ұқсас жер. Оның да, мұның да атауы Қарашоқы. Аты да, табиғаты да бірінен-бірі айнымайтын қасіретті орындар. Міне, сол бір адамның жанын түршіктіретін айуандық қарекетті жеткізудің əдіс-тəсілін очерк иесі оңай жол іздеп, əңгімені айтушының аузына салумен тынбай, өзі тінін есіп, ширатып өріп, суреттеп шығады. Жанжігіт кім? Елібай кім? Бұл сұрақтардың жауаптарын қазақтың белгілі ғалымы Қабиболла Сыдиықұлының « А қ ы н – ж ы р а у л а р » а т т ы монографиясынан (Алматы, «Ғылым» баспасы, 1974 ж.) оңай табуға болады. Жанжігіт Қосназаровтың аты-жөні ақындар Абыл Өтембетұлы (45-бетте), Қашаған Күржіманұлы (88-бетте), Мұрын Сеңгірбайұлы (170-бетте) туралы жазылған тұстарда, басқа да жерлерде кездеседі. Ғалым ол жөнінде: «…Абыл мен Шернияздың осы кездесуі ел аузында əртүрлі нұсқада айтылады.

Неғұрлым толығырақ, жүйелісі осы жолдардың авторы 1964 жылы Қосназаров Жанжігіт ж ы р ш ы д а н ж а з ы п а л ғ а н жоғарыда келтірілген нұсқасы…» десе, енді бір бетінде: «Мұрын дəрежесіне жетпегенмен, оның жыраулық дəстүрін үлгі еткен Қазақстанның батыс аймағында Шамғұл Ибраһимов, Айтқұл Шыманов, Əлқуат Қожабергенов, Сүгір Бегендікұлы, Ыбыр Досалиев, Құмар Жүсіпов, Айса Байтабынов, Назарбек Раев, Жанжігіт Қосназаров, т.б. ақын, жыршылар шығады» деп түйіндеп, Жанжігітті ақын, жыршылар легіне қосады. Ал, Елібай Қосыбаевтың кім болғанын Сəттіғұл Жанғабылов туралы баян еткенде онымен қанаттас, əрі ақындық, əрі жыршылық өнерді тең ұстап, халықтық дəстүрді жаңғырта жырлаған замандастары мен шəкірттері қатарында Елібайдың да аты аталады. «Оқушы жұртшылыққа есімі соңғы кезде ғана мəлім бола бастаған Октябрь жаршысы – Елібай Қосыбаев (1898-1932)» дей келіп, Қабиболла Сыдиықұлы əрі қарай: «…Өз бойындағы барлық өнерін жаңа өмір қамына арнайды» деп, оның қысқа ғұмырындағы т ы н д ы р ғ а н ш а р у а л а р ы н , жырларының атауларын, мəн[1]мазмұнын тұжырымды түрде қысқаша таныстыра кетеді.

О с ы л а й ш а , М е ң д е к е ш Сатыбалдиевтің очеркінің қаһармандары жайлы мағлұмат шығармаға тағы бір кейіпкер болған ғалымның ғылыми еңбегі арқылы нақтылана түседі, сонымен қатар, осы Маңғыстау жартастарын аралау кезі 1964 жылы болғаны жəне айқындалады. Елібай халықтың көкейіндегі мұң, зарын біліп, ашына жырлаған ақын, тас қашап, ағаш ойған, мүсін құйған сəулеткер, сонымен қатар, қазан төңкерісінен кейінгі өтпелі дəуірдің қара қазақ қамы үшін өліспей беріспеген белсендісі, ж а р л ы – ж а қ ы б а й л а р д ы ң жағындағы кеңес өкіметінің өкілетті өкілі. Бай-манаптардың қытығына тиетін өз жүрегінен шыққан, семсер сөзбен өрілген өлең шумақтарын жартастарға қашап жазып, кейінгілерге өшпестей із қалдырған, жұртқа ой тастаған ділмар. Тартыс, қақтығыс, оқиғаның ө р б у і , ш а р ы қ т а у ш е г і , шешуі, табиғат көріністері, кейіпкерлердің мінез-құлқы Меңдекештің очерктерінде бір тəуірі, бір-бірімен айырылмастай ж ы м д а с ы п ж а т а д ы . Б ə р і о ч е р к т і ң т ү п қ а з ы ғ ы н а н алыстап, адасып кетпейді. Оны жалғыз «Жартастардағы жазулардан» ғана емес, басқа да очерктерінен жазбай тануға болады. Мəселен, «Ауылдағы академия», «Мөлдір аспан» еңбек адамдары туралы шығармалар. Бас кейіпкерлерінің бірі шопан, бірі жүргізуші. Бірақ, олардың қол жеткізген табыстарының нəтижесін айқындайтын қаптаған көрсеткіштер тізбегі жоқ. Меңдекеш, əманда, цифрларға əуес емес, əр фактіге жан бітіріп, құлпыртады, өң береді. Диалог пен афоризмдерді керек жерінде шебер қолдана біледі.

«Мөлдір аспан» очеркінде тілшіге құдай айдап жолда кездескен шофердің кейпін беруі үйлесімді-ақ. «Кішкентай қара құлақшынының бір құлағы салбырап, екіншісі ербиіп тұр. Оң жақ самайынан сап-сары шашы ұйқы-тұйқы ширатылып көрінеді. Жағы түк-түк, сақал-мұртына ұстара тимеген сабаз…» деп алады да, оның қимыл-қарекетін: «… Шофер бұл атыраптың ой-қырын жетік біледі екен, қайткенде де саздақтан бұлтарып бұйырғыны мен жусаны бітік жерлерді қуалап келеді…» деп, енді кəсіби шеберлігін аңғартып өтеді. Түр[1]түсіне қарап бар орысшасын шығындай бастаған еді, ол болса қазақша сайрай жөнеледі. Бір ғажабы, Меңдекеш Сатыбалдиевтің кейіпкерлері сан алуан. Сөйтсе де бір[1]біріне ұқсамайды. Қаламына іліккен нысанына қатысты болсын, қатысты болмасын, маңға жуыған əдемі, жылтырақ сөз шоғырын оңды-солды тықпалай беруге үйірсек еместігі табиғилықпен ұштастырады. Айқын. Ұғынықты. «Ауылдағы академия» очеркінде негізгі сюжетке кірісудің жолын ұтырлы тапқан.

Москвадағы Ғалымбек досына хат жазып, оған елге келгенде үйіне қонақ етіп, қойдың басын ұсынғанда «Əкет, сонау ұлы Москвадан к е л і п т ұ р ы п , а л а қ а н д а й Гурьевтен қойдың басының құйқасын тартқыламасақ та б о л а д ы . . . » д е п м ұ р ы н ы н шүйіріп, кері ысырғанын, содан кейін оны үйінен неге қуып шыққанын мəністей келіп жəне ауылдың артықшылықтарын, алыс қырда да Академия бар екендігін жеткізе отырып: «Ал, Ғалымбек, сен жас адамсың, «білім – арзан, білу – қымбат» деген бар, шоқтанбай жатып «жандым» деп қайтесің, тыңда досыңның əңгімесін» деп алып басты арнаға түседі де шығарма арқауын шынайы шебердің қолынан шыққандай шиыршық атқызып, ширата жөнеледі. Күміс сақалды, сексендегі ақылды қария Дəулетқалидың төңірегіне өрісті өнегесімен нұр шашып отырғанына аз-кем аялдауы да, оның көл-көсір табысымен атағы аспандаған баласы Сақанның шопандықтан ауылда еңбек ете жүріп қайраткерлік биікке көтерілуін, ауылдан озат тəжірибе мектебін – Ауыл Академиясын ашуын күнделікті тұрмыс-тіршілікпен, қанаттас малбегілердің іскерлік қимыл-қарекеттерімен, жоғары жетістіктерімен байланыстыра өрбітуі де иланымды. Очерк шынтуайттап келгенде, Ауыл Академиясының шежіресі.

Т а ғ ы б і р о ч е р к і – «Жұлдыздар» оташы Марат Темірхановтың кəсіби дарынын көз алдымызға əкеледі. Бақсақ, атақты дəрігердің сүйінішімен қатар күйініші де жоқ емес екен. Соның бəрі білгірлікпен қалам ұшына іліктірілген. Очеркті оқып отырып оқырман «Мына ж у р н а л и с т м е д и ц и н а н ы ң ұңғыл-шұңғылына дейін жетік білетін өзі де дəрігер болып жүрмесін?!» деп қалуы ғажап емес. Дəрігер болмаса да, басқа мамандықтардың иесі болмаса да Меңдекештің əр шығармасын осылай ізденіспен, жазар нысанын бүге-шігесіне дейін əбден зерттеп, зерделеп, соған кірігіп барып қағазға түсіретіні көрініп тұрады. Сондай-ақ, «Тайсойған түлегі» – майдан даласындағы ерліктердің, «Ақсұлу» – механизаторлық кəсіптің, «Аққыстау ажары» – ауылдың өсіп-өркендеуінің, «Азамат аманаты» – күйші талантының қыр-сырларымен қанықтыратын түрлері соны, өрімдері шымыр, мəн-мағынасы кең ғұмырлы очерктер. Сөз жоқ, ақын, журналист Меңдекеш Сатыбалдиевтің публицистикалық шығармалары, соның ішінде очерктері өміршең, идеялы туындылар. Жұмыр жерде өмір барда ондай очерктер өлмейді.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз