Пара орнына бата берсе…

f02c95ef 764e 42f0 b220 968b41e6ae6b СарапTime

немесе

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ жоюға бола ма?

Қарапайым ғана мысал, кейде жекелеген мемлекеттік құрылымдарда аса қиындық туғызбайтын мәселені шешу де сағызша созылып кететіні бар. Себебін іздеп, сергелдеңге түсесіз. Бірақ мәселенің кесімді түйіні айтылмайды. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, осыған ұқсас жағдайлардан жемқорлықтың «иісі» шығады. Оның түп-тамырын бүкіл ел болып балта шаппаса, тосқауыл жоқ. Сонымен, ғұмыры ғасырларға жалғасқан «жегі құртты» жоюға бола ма?

Көрпені әркім өзіне тартып әлек…

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың айтуынша, облыста былтыр жемқорлыққа қатысты 91 қылмыс тіркелген. Оның 19-ы денсаулық сақтау, 13-і білім беру, 16-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 8-і әлеуметтік сала, қалғаны құрылыс саласында анықталған.

«Transparency Kazakhstan» ұйымының халық арасында жыл сайын жүргізетін сауалнамасы көрсеткендей, соңғы кезде жемқорлықтың жиілеуіне адалдық мәдениетінің қалыптаспауы себеп. Ал, оны қалыптастыратын мемлекеттік қызметшілер екені айтпаса да түсінікті. Егер бюджеттің «көрпесін» әркім өзіне тартып әлек болса, көпке кімді үлгі етеміз? Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын азаматтар әділ, шынайы және ақшаға сатылмайтын болуы керек. Сонда ғана тұрғындар тарапынан сенім көпірі пайда болып, одан арсыз адамдар өте алмайды.

Сауалнамаға қайта оралсақ, оған еліміз бойынша 9 мың адам қатысқан. Барлығы 200 әлеуметтанушы мен 12 сарапшы зерттеу және зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, соңғы жылы азаматтардың 37,4%-ы мен кәсіпкерлердің 45,9%-ы өздері тұрып жатқан елді мекенде жемқорлықтың сәл де болса саябырсығанын көрсеткен.

Құқықтық сауаттылық қажет

Респонденттердің ішінде мемлекеттік органдарға хабарласқандарының 11,3%-ы тұрмыстық жемқорлыққа тап болған. Ал, 8,2% шағын және орта кәсіп өкілдері мәселені бейресми түрде шешуге тура келген жағдайдан жапа шеккен. Соған қарамастан, сауалнама бойынша сұралған кәсіпкерлердің 80 пайызынан көбі пара бермей-ақ бизнеспен айналысуға болатынын айтыпты. Шынында да солай болар, бірақ олардың бәрі бірдей Ата Заңды жатқа білмейтін шығар?! Оны да ойлау керек-ақ. Сол үшін де кәсіпкерлердің, соның ішінде алыс ауылда төрт түлік өсіріп жүргендердің құқықтық сауатын арттыруды Үкімет жолға қойса, жақсы болар еді.

Пара демекші, оны жалақы түскендей күтіп отыратындар бар. Солар қай өңірде, қандай мемлекеттік органда және қай салада көбірек кездесетіні де анық екен. Аталған сауалнамаға жауап берген тұрғындар – Атырау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал, кәсіпкерлер – Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында кез-келген мәселе «айналма жолмен» шешілетінін ашық айтқан.

Емхана, аурухана, полиция, салық, өрт сөндіру, жер қатынастары, қала құрылысы, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), мемлекеттік балабақша, жоғары оқу орындары – жемқорлыққа ең көп жол беретін мекемелер есебінде тұр. Бұл көрсеткіштің тең жартысы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің итермелеуінен болады екен. Ашығын айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің жедел немесе мүлде әрекет етпеуі, мемлекеттік жүйедегі техникалық қателіктер, полицейлер мен сот орындаушылардың дөрекілігі, аудан әкімдерімен жолығудың қиындығы жұрттың жүйкесін жұқартқан.

Миллиондар азайыпты

Бұрын «біреу пара алды» дегенді естіген жұрттың төбе шашы тік тұратын еді. Қазіргі қоғам бұған таңданудан қалды. Тіпті, жыл сайын параның орташа мөлшерін шығарып отырады. Атырауда бұл көрсеткіш биыл 5 миллионнан 13 мың теңгеге дейін төмендепті!..

Жоғарыда аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт осындай статистика келтіріп отыр. Міне, мұны қоғам дертімен күресіп келе жатқан «антикорлық агенттердің» жарқын жеңісі деп қабылдауға болады.

Бүгінде жемқорлық жойылып кетпесе де, бір қадам артқа шегінгенге ұқсайды. Расында да, өндірісті өңірде соңғы кезде мұндай қылмыстар қатары 39 пайызға дейін төмендеген.

– Егер өткен жылдың тоғыз айында 95 құқық бұзушылық тіркелсе, биыл тек 58-і ғана әшкереленген. Жыл басынан бері сотталған 28 адамның 4-еуі – мемлекеттік органдардың бірінші басшысы. Облыс бойынша былтыр 193 миллион теңге пара берілсе, биыл небәрі 507 мың теңге. Сондай-ақ департамент қызметкерлері 10 әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 2,4 миллион теңге айыппұл өндірді. Демек әкімшілік жаза – жемқорлықтың алдын алуға арналған ең тиімді тәсіл екені айрықша аңғарылып тұр, – дейді департамент басшысының бірінші орынбасары.

Биылғы тоғыз айда департамент ел қазынасына 548,8 миллион теңге табыс түсірген. Бұл сомаға 109 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) немесе 21 рентген аппаратын сатып алуға болады екен. Ар жағын өзіңіз байыптай беріңіз!..

Ресми деректерге сүйенсек, жемқорлық деректерінің басым көпшілігі құқық қорғау, әкімдік пен мемлекеттік кірістер органдарында тіркеледі. Бір қызығы, ер азаматтар параны әйелдерге қарағанда 3-4 есе көп беретін көрінеді.

Айтпақшы, параның орташа мөлшері 13 мың теңгеге дейін төмендеуіне пандемия әсер етуі мүмкін бе? Өйткені, жер жүзіне жайылған жұқпалы дертпен күресіп жатқанда, экономикалық көрсеткіштер кілт кідіретіні анық қой. Әйтсе де, мамандар оң өзгерісті Мемлекет басшысы мен Елбасының тапсырмасына сәйкес қолға алынған шұғыл шаралармен байланыстырады.

Сыбайластық сыйлық беруден бастала ма?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лауазымдық жағдайына байланысты енді ешкімге сыйлық беруге болмайды. Егер сыйлықтың бағасы 2 айлық есептік көрсеткіштен (биыл АЕК мөлшері – 2917 теңге) төмен болса – әкімшілік, одан жоғары болса – қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

– Бәрінен маңыздысы – халық сеніміне селкеу түсірмеу. Сол үшін біздің департамент тікелей арыздан бөлек, 1424 CaII-орталығына қоңырау қабылдайды. Соңғы 6 жылда жемқорлық дерегі туралы хабарлаған 50 облыс тұрғынына жалпы сомасы 7 023 360 теңге ақшалай сыйақы төленді. Бір қуанарлығы, ірі еңбек ұжымдарында жемқорлықпен күрестің экономикалық жағынан пайдасы зор екені жөнінде түсінік қалыптасып келе жатыр. Себебі, қоғамдық кеселдің кесірінен табыс төмендеп, елге тартылған инвестиция өзін-өзі өтемей жатады, – дейді Айдос Мамыт.

Сірә, ең дұрысы – пара орнына бата беру. Есесіне, ертеңіне жүзің жарқын, жолың айқын болады.

ТҮЙІН

Қалай болғанда да, мемлекеттік кәсіби аппарат құру, облыстағы жемқорлық көрсеткішін төмендету, құзырлы органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың сенімін нығайту – мемлекеттік қызметшілердің қолында.

Амандық АБДОЛ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз