Мемлекеттік Ту неге көк түсті?

img 20220604 wa0033 СарапTime

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІН БЕЙНЕЛЕП, ХАЛЫҚ РУХЫН АСҚАҚТАТАТЫН, ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТАТЫН БАСТЫ АТРИБУТТАР.

Тарихта таңбаны пайдалану дәстүрі ежелден бар. Осы үрдіс көне түркі заманында пайда болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Көшпенділер бір тайпадан екінші тайпа бөлініп шыққандатуын көтеріп, ұрандатып, таңбасын белгілеу дәстүрі болған. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан. Осы саланы зерттеушілер де елтаңба мен ту өмірге келгелі бірнеше ғасыр болды дегенді айтады. Сүйінбай Аронұлы «Бөрілі менің байрағым…» деп жырлаған.

Алты алаштың Абылай дыңақтуының астына біріккенін де білеміз. Одан беріде Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандатқан. Ұзақ жылдар бойы қазақ халқы өзіне тән қасиеттерді ескеретін рәміздерді қабылдай алмады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 4 маусымында Республика Жоғарғы Кеңесі жаңа рәміздерді бекітті. Содан бері 30 жыл уақыт өтті. Егемен ел тарихына алтын әріптерімен жазылған бұл күн қазір жыл сайын «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» күні деп аталып келеді.

Ту – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздердің бірі. Терминнің түп төркіні нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Тудың зеңгір көк түсті болуы – біртұтастық, бірлік, ашық аспанның белгісі. Ал, герб термині «таңба» деген мағынаны білдіреді. Гимн – грек сөзінен шыққан, «салтанатты ән» деген мағынаны білдіретін термин. Ол ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз болып саналады. Осыдан екі жыл бұрын қазан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты қолданыстағы мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау туралы тапсырма берген болатын.

Бүгінгі таңда аталған тапсырманы орындау аясында Үкіметтің 2020 жылғы 27 қарашадағы №801 қаулысымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Гимн мәтінін пайдалану, орнату, орналастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Осының нәтижесінде азаматтар үшін мемлекеттік Туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында орната алады.

Сондай-ақ, мемлекеттік Ту оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс екенін ескеру қажет. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік Туды ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Өз кезегінде, Туда белгіленген нысан, өлшем мен техникалық талаптардың бұзылуы ұлттық стандарттарға сәйкессіздіктер болып табылады. Ал, мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуы және жойылуы тиіс. Қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік Туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл салынады. Туды жеке және заңды тұлғалар қорлау заты ретінде пайдалануына тыйым салынады.

Сонымен қатар жеке тұлғаларға осы Қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік Туды бір қабатты немесе көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұдан былай жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын мемлекеттік Туды тәуліктің қараңғы уақытында жарық құралдарын қолданбай пайдалана алады. Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер еліміздің мемлекеттік Туының қолданылу аясын едәуір кеңейтеді, оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді. Туды пайдалану тәртібіне қатысты қандай шектеулер бар? Мемлекеттік Туды орналастырған кезде оның аумағында орналасқан заттарға, жерге, еденге тиетіндей етіп орнатуға, Туға жазу немесе сурет салуға, мемлекеттік Тумен бір нәрсені орауға, төсек-орын және драпировка ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді.

Ата-бабаларымыз: «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаса керек. Кейбір ортада «мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, оларды насихаттау тек мемлекеттік органдардың, билік мекемелерінің міндеті» деген сыңаржақ пікір бар. Ал, Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал, сол міндеттілікті сезіну, орындау үшін әрбір отандасымызға үйде, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, өндірісте, мекемелерде ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі керек.

«Біздің мемлекеттік Туымыз неге көк түсті?» деген сауалға: «Туымыздың тұтас көк түсті болуы – бейбітшілікті сүйетініміздің, бірлігіміздің, бөлшектенбейтіндігіміздің, біртұтастығымыздың белгісі», деп сайрап тұрған жас өскінге риза боларымыз шын. Еліміздің ежелден аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі – болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиіс. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып, өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша. Мeмлeкeттiк pәмiздep – бұл ұлттық мaқтaныштың жәнe oлapғa дeгeн epeкшe көзқapaстың бeлгiлepi. Сондықтан оларды мақтан тұтайық, қастерлей білейік!

Руслан ХАМЗА, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз