Жарнама
Сайлау

Жылыойда қос депутат сайланды

Жуырда  26 қазанда Жылыой ауданында аудандық мәслихаттың шығып қалған екі депутатының орнына сайлау өтті. Бұл саяси іс-шара №3 және №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінде ұйымдастырылып, сайлаушылардың белсенді қатысуымен өрбіді.

  Сайлау науқаны ҚР Конституциясы мен «Сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес өткізілді. Дауыс беру ашық әрі әділ жағдайда өтіп, аудандық сайлау комиссиясы тарапынан бақылау үздіксіз жүргізілді.

  №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 2576 адам енгізілген. Оның ішінде 1393 сайлаушы, яғни шамамен 54 пайызы өз таңдауын жасаған. Аталған округте үш кандидат Асұлан Әбдрахманов, Айбек Едигеев, Айдос Тәжімұхандар бақ сынады.

Дауыс беру қорытындысымен  А.Әбдірахманов  943 дауыс, А.Едигеев – 295 дауыс, ал А.Тәжімұхан 141 дауыс жинады. «Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдер саны – 8 дана.

 Сайлау нәтижесі бойынша Асұлан Әбдрахманов жеңіске жетіп, Жылыой аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Ол 1990 жылы туған, «Жылыой аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры, Құлсары қаласының тұрғыны.

   Медицина саласында тәжірибесі мол маман енді ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуге өз үлесін қосатынына сенім мол.

   Бұл күні №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округінде 4001 сайлаушы тіркеліп, олардың 2149-ы дауыс беруге қатысқан. Үйден дауыс берген азаматтар саны – 1 адам. Бұл округте де үш үміткер Мейрамгүл Күмісқалиева, Нұрлан Надиров және Зулайхо  Саидмахмадовалардың арасында тартыс өрбіді. Нәтижесінде сайлаушылар М. Кумискалиева – 579 дауыс, Н.Надиров – 1259 дауыс және З.Саидмахмадова – 260 дауысқа ие болды. «Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдер саны – 32 дана.

   Осылайша, сайлау қорытындысымен Нұрлан Надиров жеңімпаз деп танылды. Ол 1976 жылы туған, «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Құлсары қаласының тұрғыны.

  Кәсіпкерлік саласында ұзақ жыл еңбек еткен жаңа депутат аудан экономикасын дамытуға бағытталған бастамаларға атсалыспақ.

   Жылыой аудандық сайлау комиссиясының хабарлауынша, дауыс беру барысы бірқалыпты өтіп, заң бұзушылықтар мен шағымдар тіркелмеген.
Комиссия мүшелері сайлаудың ұйымдастырылу деңгейін жоғары деп бағалап, барлық кандидаттарға тең мүмкіндік берілгенін атап өтті.

   Сайлау нәтижесі аудан жұртшылығы тарапынан оң қабылданып, жаңа сайланған депутаттардан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін нақты істер күтілуде.

Халық жаңа депутатты таңдады

 Индер ауданында 26 қазанда аудандық мәслихаттың бос мандатына кезектен тыс сайлау өтті. Бұл жолы дауыс беру №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округінде ұйымдастырылып, тұрғындардың айтарлықтай белсенділігімен ерекшеленді.

 Аудандық аумақтық  сайлау комиссиясының мәліметінше,сайлаушылар тізіміне 1359 адам енгізіліп, олардың 763-і, яғни 56 пайызы өз таңдауын жасаған.

Депутаттық орынға үш кандидат үміткер болды. Дауыс санау қорытындысы Нұрбол НұрланұлыЕрғалиев – 476, Ренат Кубайдуллин  77, Рустам Тұрайсов – 164 дауысқа ие болды. Ал 11 бюллетеньге «Бәріне қарсымын» белгісі қойылған.

Нәтижесінде, сайлаушылардың көпшілігінің қолдауына ие болған Нұрбол Ерғалиев жеңімпаз деп танылды.

  Нұрбол Ерғалиев 1991 жылы туған, Индер аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры, Индербор кентінің тұрғыны. Ол соңғы жылдары жастар саясаты мен қоғамдық бастамаларды дамыту саласында белсенді қызмет атқарып келеді. Жергілікті жұрт оны өңірдегі еріктілер қозғалысын қолдаушы, жас буынның бастамаларына дем беруші азамат ретінде жақсы біледі. Енді ол аудандық мәслихатта өз сайлаушыларының мүддесін қорғап, әлеуметтік бағыттағы жобаларды ілгерілетуге ниетті.

Дауыс беру барысы тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтті. Комиссия мүшелерінің айтуынша, сайлау кезінде елеулі құқық бұзушылықтар немесе шағымдар тіркелмеген.

Сайлау – сенім мен жауапкершілік өлшемі

   Мақат ауданында №9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың шығып қалған депутатының орнына өткен саяси науқан аймақтағы сайлаушылардың белсенді қатысуымен ерекшеленді.

    Аудандық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлаушылар тізіміне 1803 адам енгізілген. Оның 952-сі дауыс беруге қатысып, азаматтық ұстанымын білдірді. Сондай-ақ 19 сайлаушы үй жағдайында дауыс берген.

   Депутаттық мандатқа үш үміткер бақ сынады. Сайлау нәтижесінде сайлаушылардың басым бөлігі өз таңдауларын Бағдат Ниязғалиевтің пайдасына жасады. Ол барлығының ішінен ең көп дауыс жинап, қарсыластарынан айқын басым түсті.

Сайлау қорытындысы бойынша Ж.Есенгужин мен М.Қуанышев та өз бағдарламаларын ұсынғанымен, дауыс берушілердің көпшілігі Б.Ниязғалиевтің кандидатурасын қолдады. Сонымен қатар, 18 сайлаушы «бәріне қарсымын» деген ұстанымын білдірген.

  Қорытындысында ең көп дауыс жинаған Бағдат Ниязғалиев Мақат аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.

  Бағдат Ниязғалиев, 1978 жылы туған, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы, Атырау қаласының тұрғыны. Кәсіби жолында өндіріс саласында жетекші қызметтер атқарып, энергетика мен жергілікті экономиканың дамуына үлес қосып келеді. Салада жинақтаған тәжірибесін енді аудандық мәслихат мінберінен аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттамақ.

  Мақат ауданындағы сайлау барысында айтарлықтай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Комиссия өкілдерінің айтуынша, дауыс беру үдерісі заң шеңберінде, әділ және ашық өтті.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button