Жарнама
Сайлау

Сайлау: Оң өзгеріс, жаңа бастама

Бұл сұхбат барысында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева сайлау процесінің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар соңғы жылдары сайлау заңнамасында орын алған маңызды өзгерістер, цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесі және сайлаушылардың белсенділігі жөнінде нақты мәліметтер ұсынылды.

Әсия Баянқызы еліміздегі сайлау мәдениетінің қалыптасуы мен даму динамикасына да тоқталып, азаматтық белсенділік пен қоғамдық сенімнің артуы туралы өз пікірін білдірді. Сұхбат ашықтық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген сайлау жүйесінің қалыптасу жолдарын жан-жақты саралауға арналды.

 – Соңғы уақытта өңірде қандай сайлау науқандары өткізілді немесе жоспарланып отыр?

– Жалпы сайлау жүйесі – үзіліссіз процесс. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ел Президентін, Парламент, мәслихаттар депутаттарымен қатар облыстық маңызы бар қала, аудан, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл, кент әкімдерін де сайлайды.

Биыл Атырау облысында жыл басынан бері мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау және 17 ауылдық округ әкімдерінің сайлаулары өткізілді. Нақтырақ айтсам, 30 наурызда Атырау қаласы және Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудандарында алты бірмандаттық сайлау округі бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Сонымен қатар 13 ауыл әкімінің кезекті сайлауы, яғни төрт жылдық өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты және 4 ауылдық округтің әкімі өз өтініштерімен өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуына орай орындарына жаңа әкімдер сайланды.

Биыл жыл ішінде Атырау қаласындағы Дамбы, Қайыршақты, Еркінқала, Жылыой ауданында Қара Арна, Индер ауданында Жарсуат, Исатай ауданында Зинеден, Аққыстау, Құрманғазы ауданында Ақкөл, Асан, Орлы, Сафон, Теңіз, Қызылқоға ауданында Ойыл, Тасшағыл, Қызылқоға, Махамбет ауданында Ақжайық ауылдық округ әкімдері сайланып, өз жұмыстарын атқаруда. Олардың арасында 11 әкім алғашқы рет сайланғандар, яғни аталған ауылдық округтерде әкімдер құрамы 65 пайызға жаңарды.    

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын сайлау наурыздың соңғы жексенбісінде және қазанның соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі. Бүгінде Жылыой аудандық мәслихатта 2 депутат, Индер және Мақат аудандық мәслихаттарында бір-бір депутаттан, барлығы төрт депутат өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатып отыр. Оның ішінде 2 адам депутаттық міндеттерді орындаумен сыйыспайтын лауазымға тағайындалу, бір депутат тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету себебімен және бір депутат депутаттық міндеттерін жүйелі түрде орындамауына байланысты мандаттарын тапсырды.

 Осыған байланысты Жылыой, Индер және Мақат аудандық аумақтық сайлау комиссиялары сайлау туралы заңға сәйкес шығып қалған депутаттардың орнына аудандық мәслихаттар депутаттарының сайлауы 26 қазанға тағайындады. Қазіргі таңда бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну, тіркеу кезеңі аяқталып, бекітілген талаптарға сәйкес деп танылып, тіркеуден өткен 12 кандидат сайлау округтері аумағында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Осы жылдың 26 қазанында Исатай ауданы Қамысқала ауылдық округі әкімінің  кезекті сайлауы өтеді. 2021 жылы сайланған әкімнің өкілеттік мерзімі 11 қарашада аяқталуына байланысты сайлау тағайындалып, сайлау процесі өткізілуде.

Сонымен қатар Құрманғазы ауданында Азғыр және Сүйіндік, Қызылқоға ауданында Көздіғара ауылдық округ әкімдерінің өтініштеріне байланысты өкілеттік мерзімдері бұрын тоқтатылып, аталған ауылдық округ әкімдерінің сайлаулары биыл 2 қарашада өтеді. 

– Сайлау процесінің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданды?

– Сайлау туралы заңның талаптарына сәйкес сайлау комиссиялары өз қызметін алқалылық, жариялық және ашықтық негізінде жүзеге асыруға міндетті. Осы ретте сіз айтып отырған ашықтық пен әділеттік принциптерін ұстану – сайлау комиссияларының басты қағидалары.

Ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен сайлау комиссиялары қабылдайтын шешімдерді комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы қабылдау бекітілген. Комиссияның шешімімен келіспейтін мүшелері ерекше пікірін айтуға құқылы, ол дереу жоғары тұрған сайлау комиссиясының назарына жеткізіледі және комиссия отырысының хаттамасына жазбаша нысанда тіркеледі. Сонымен қатар сайлау комиссиясының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқаны кезінде сайлау комиссиясына өз өкілін кеңесші дауыс құқығымен жіберуге құқылы.

Тиісті құжаттарды ресімдеу жұмыстарының нәтижесімен сайлау комиссиясы өз шешімімен кеңесші дауыс беру құқығымен сайлау комиссиясының мүшесін тағайындап, саяси партияның кеңесші дауыс беру құқығы бар өкілі сайлау комиссиясының отырыстарына қатысып, сөз сөйлеуге, өз ұсыныстарын енгізуге, сайлау комиссиясының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға құқылы. Оған қоса сайлау комиссиясының отырыстарына кандидаттар, олар сенім білдірілген адамдар, байқаушылар, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы бар БАҚ өкілдері қатыса алады.

Дауыс беру күні сайлау учаскесі ашылған кезден бастап дауыстарды санау аяқталғанға дейін сайлау учаскесінде кандидаттардың, партиялық тізімді ұсынған саяси партиялардың сенім білдірген адамдары, редакцияның арнайы тапсырмасы бар журналистер, саяси партиялар мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары сайлау процесіне қатысуға құқылы. Сұраулары бойынша оларға дауыстарды санау аяқталғаннан кейін толтырылатын қорытынды хаттаманың көшірмесі беріледі. Хаттаманың бір данасы сайлау учаскесінде екі күн, округтік сайлау комиссиясы отыратын жерде үш күн бойына ілініп тұрады.  

Сайлау туралы заңнаманың талаптарына сәйкес сайлау процесінің әрбір кезеңі (сайлауды тағайындаудан бастап) жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялануға тиіс. Бұл тәртіпті сайлау органдары міндетті түрде сақтап келеді.

– Облыста сайлаушылардың белсенділігі қандай деңгейде?

– Биыл өткен сайлаулардың қорытындыларын қарайтын болсақ, наурыз айының соңғы жексенбісінде өткен қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын сайлау науқанында сайлаушылардың орташа белсенділігі 53 пайызды құрады. Ал жыл басынан бері өткізілген ауыл әкімдерінің сайлауларында орташа белсенділік көрсеткіші 58 пайызға жетті. Ең жоғары белсенділік Жылыой ауданының Қара Арна ауылдық округ әкімінің сайлауында, ең төмен көрсеткіш Құрманғазы ауданындағы Орлы ауылдық округ әкімінің сайлауында байқалды.

– Соңғы жылдары сайлау заңнамасында қандай өзгерістер болды?

– Сайлау туралы заң Конституциялық заңдар санатына жатады. Мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізілген кезде сайлау туралы заңнамаға да өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Баршаңызға мәлім, Қазақстан Республикасының Президентінің ұсынысымен, жалпыхалықтық референдумға қатысқан қазақстандықтардың қолдауымен Ата Заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізілген өзгерістер сайлау туралы заңда да орын алды. Атап айтсам, халық сайлайтын Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттілігі 7 жылға және осы жоғары саяси лауазымға Қазақстан Республикасының азаматы бір рет сайланатындығы бекітілді. Қоғамда белсенділігін арттыру үшін, шешім қабылдау деңгейіне жолдарын ашу мақсатында сайлаудың партиялық тізімдеріне әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасы енгізілді. Саяси партияларды тіркеу және олардың Парламент Мәжілісіне өтуі үшін шекті мәні 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді.

Ауыл, кент, ауылдық округ, аудан, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлауында аралас сайлау жүйесі қайтарылды. Яғни қазақстандықтар саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерімен қатар бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша саяси партия арқылы немесе өзі-өзін ұсыну тәртібімен бәсең сайлау құқығын іске асыруға мүмкіндік алды. Парламент Мәжілісінде мандаттарды бөлу кезінде партиялық тізімдердегі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. 

Сайлау туралы заңдылыққа енгізілген талаптарға сәйкес бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған депутаттарды кері шақырып алу тәртібі енгізілді. Яғни өз сайлаушыларының сенімін жоғалтқан, соның ішінде сайлау алдындағы бағдарламасын орындамаған депутатты сайлаған сайлаушылар тиісті аумақтық сайлау комиссиясына өтініш беріп, депутатты кері шақырып ала алады. Бұл жағдайда ескеретін мәселе – кері шақырып алу құқығы Мәжіліс немесе мәслихат депутатын сайлаған бірмандаттық сайлау округінің сайлаушыларына тиесілі.

Саяси науқан кезінде байқау жүргізу құқығы тек арнайы аккредиттеуден өткен қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарға берілді.

Сонымен қатар сайлау органдарына қатысты өзгерістердің бірі – аумақтық сайлау комиссиялары жұмыстарын кәсіби, яғни тұрақты негізде атқарады.

–  Цифрлық технологияларды енгізу мәселесі қалай қарастырылып жатыр?

– Цифрлық технологияларды енгізу – заман талабы. Сондықтан сайлау органдары үшін де цифрлық технологияларды енгізу, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері өзекті. Осы ретте Орталық сайлау комиссиясының аппаратында жаңа цифрлық технологиялар бөлімі ашылды. Әрбір аумақтық сайлау комиссиясының тұрақты негізде жұмыс жасайтын мүшелерінің арасынан ақпараттық қауіпсіздікке жауапты маман бекітілді.

Жуырда Республика көлемінде аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін онлайн форматта «Кибергигиена» тақырыбында оқыту семинарлары ұйымдастырылып, қорытындысында әріптестер тестілеуден өткізілді. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының өңірлік комиссия мүшелері үшін өткізетін оқыту семинарлардың бағдарламасына «Жасанды интеллект» тақырыбы енгізілді. Яғни қазіргі таңда біздің алдымызда тұрған мақсаттардың бірі цифрлық технологияларды енгізіп, пайдалану үшін цифрлық сауаттылықты арттыру.  

– Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы сайлау мәдениеті қалай өзгеріп келеді?

– Қазақстанда сайлау мәдениетін қалыптастыру мәселесі әрбір сайлаушыға байланысты. Қолданыстағы сайлау туралы заңдылықпен қазақстандықтарға белсенді және бәсең сайлау құқығын іске асыруға, яғни сайлауға және сайлануға мүмкіндік берілген. Ата Заңымыз берген құқықты іске асыру өзімізге байланысты.

Сайлау органдарының мақсаттары сайлау науқанын ұйымдастырып, өткізу ғана емес, сайлау процесіне қатысушылардың барлығына сайлауды насихаттау, заңдылық талаптарын түсіндіру, сайлаушыларға, кандидаттарға, байқаушыларға ашық ақпарат жеткізу. Осы ретте сайлау органдары бірқатар жұмыстар жүргізуде. Мәселен, Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен республика аумағындағы аумақтық сайлау комиссиялары жанынан Жас сайлаушылар клубтары құрылды. Атырау облысында бүгінгі таңда 9 жас сайлаушылар клубы құрылып, жұмыс жоспарлары бекітіліп, жастар арасында сайлау процесі туралы түсінік жұмыстары басталды. Бұл қадам жастардың арасында сайлауға деген қызығушылықты арттырып, сайлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. 

Соңғы мезгілде сайлау науқандарында байқаушылардың белсенділігі байқалады. Мәселен, бүгінде Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 11 қоғамдық бірлестікті аккредиттеп, олардың өкілдері сайлау процестерінде байқаушы ретінде жұмыс жасауда.

Биылғы Конституциямыздың 30 жылдығына орай облыстық аумақтық сайлау комиссиясы облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық пікірді зерттеу орталығымен бірлесіп сауалнама өткізген болатын. Қорытындысы көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан атыраулық сайлаушылардың 86 пайызы «сайлауға қатысу – азаматтық міндетіміз» деп жауап берген.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button