
Сайлау барысына дайындық пысықталды
Алдағы 26 қазан күні өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына байланысты еліміздің әр аймағында дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов пен Комиссия аппаратының бас консультанты Жанатқали Жакеев жұмыс сапарымен Мақат ауданына келді.

Іссапар барысында делегация №9 бірмандатты округ пен №213 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты. Мамандар сайлауға дайындық барысын саралап, ұйымдастыру мәселелерін пысықтады.
Кездесу аясында сайлау заңнамасының орындалуы, үгіт-насихат жұмыстарының тәртібі, дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету жолдары талқыланды. Сонымен қатар, сайлау процесіне қатысатын комиссия мүшелерінің дайындығы мен жауапкершілік деңгейі де назардан тыс қалмады.

Азамат Айманақұмовтың айтуынша, еліміз бойынша 71 округте сайлау өтеді. Атырау облысында бұл науқан Жылыой, Мақат және Индер аудандарын қамтиды.
— Бүгінгі іссапар кезінде жергілікті комиссиялардың жұмысына қанық болдық. Олардың сайлау заңнамасына сәйкес әрі шынайы көзқараспен дайындалып жатқанын байқадық. Бұл алдағы сайлаудың әділ әрі заң шеңберінде өтуіне мүмкіндік береді, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс сапары сайлау үдерісінің ашық әрі заңды түрде өтуін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі бақылау жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ж.ҚАМЗА



