
«Менің дауысым ештеңе өзгертпейді»… деген қате түсінік
Демократиялық құндылықтарды берік ұстанған мемлекетте сайлау әділдік пен халықтың еркін білдірудің басты құралы саналады. Ол – әр азаматтың ел болашағына ықпал етуге берілген заңды мүмкіндігі деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен бүгінде сайлау десе, біраз адам «менің дауысым ештеңе өзгертпейді», «бұл – тек формалдылық» деп бейжай қарап, сайлау учаскесіне баруға құлықсыздық танытатын болып жүр.
Бұл – жалпы еліміздің көптеген аймағына тән құбылыс. Бірақ шын мәнінде, осынау бейқамдық қоғамның өз болашағына бейжай қарауымен тең. Сенімнің төмен болуының себебі көп. Бірі бұрынғыдай үміткерлердің аты бар, заты жоқ уәделерінен шаршаса, енді бірі шынайы бәсеке жоқ деп есептейді. Арасында өткен сайлауларда өз дауысы ескерілмеді деп ойлайтындар да бар.
Алайда соңғы жылдары елімізде сайлау жүйесінде бірқатар маңызды реформалар жүргізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси өзгерістер елдің саяси жүйесін демократияландыруға, азаматтардың саяси үдерістерге белсенді қатысуына бағытталды. «Бәрібір ештеңе өзгермейді» деген қате түсінік. Осы бір сөз – көп адамның сайлауға бармай қалуына себеп болатын ең жиі айтылатын уәж. Бірақ бұл өзін-өзі алдаудың бір түрі. Егер көпшілік осылай ойласа, дауыс беруге санаулы адамдар ғана барып, сайлау нәтижесіне тек сол азшылықтың пікірі әсер етеді. Ал бейжай қалған көпшілік шетте қалып қояды. Яғни, сайлауға бармаған әр адам таңдау құқығынан өз еркімен бас тартады. Сол арқылы ертең өзіне ұнамайтын шешімдер қабылданғанда, оған қарсы сөйлеуге де моральдық құқығы азаяды. Өйткені ол – бұл үдерістен мүлде тыс қалған адам.
Өзгерісті сырттан күтпей, іштен бастау керек. Әр адамның дауысы маңызды. Бұл жай ұран емес. Мысалы, бір мандаттық жүйе арқылы сайланатын депутаттардың арасында небәрі бірнеше дауыстың айырмасымен жеңіске жеткендер бар. Демек, бір адамның дауысы – шешуші рөл атқара алады.
2021 жылдан бері халық ауыл, кент, аудан әкімдерін тікелей сайлай бастады. Бұл – жергілікті жерде нақты өзгеріс жасауға жол ашатын үлкен мүмкіндік. Өйткені енді ауыл әкімі бұрынғыдай жоғарыдан тағайындалмайды, оны сол ауылдың тұрғындары таңдайды. Сенім артқан адам өз уәдесін орындамаса, халық оны келесіде қайта сайламауға толық құқылы. Басты сұрақ – біз өзгерісті қалай қалаймыз? Қоғам өзгерсін, билік ашық болсын, шешімдер әділ қабылдансын десек, сайлау учаскесіне баруымыз керек. Таңдауымызды жасауымыз керек. Егер лайықты үміткер жоқ деп есептесек, өзіміз немесе ойымыздағы адамды ұсынуға, насихаттауға атсалысуымыз керек. Бұл нағыз азаматтық белсенділік болар еді. Қазір әлеуметтік желіде пікір айтатындар көп. Бірақ пікір айтудан бұрын нақты әрекетке көшу әлдеқайда маңызды. Өз дауысымен ел болашағына әсер ету – әр азаматтың қолындағы заңды, әрі маңызды тетік.
– «Менің бір дауысым ештеңе өзгертпейді» деу – үмітсіздікке жол ашу. Әрбір дауыс – шешуші. Әр азаматтың еркін таңдау жасауы арқылы ғана шынайы өзгеріс болады. Сайлау – бұл сенің ертеңің. Қатыссаң – тарихты өз қолыңмен жазасың,-дейді Атырау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлден Ғұмарова.
Бүгінде елімізде сайлау мәдениеті қалыптасып келеді. Бұрынғыдай енжарлық азайып, жастар мен әйелдер қауымы, еңбек адамдары белсенділік таныта бастады. Әсіресе ауыл-аймақтарда өз болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың қатары көбейіп келеді. Бұл ел ішінде саяси сананың өскенін, демократиялық құндылықтардың берік орныға бастағанын білдіреді.
– Мен – алғаш рет дауыс берген жас маманмын. Бұған дейін сайлау мен үшін бірдеңені өзгертпейтін формалдылық сияқты көрінетін. Бірақ енді мен қоғамның бір бөлшегі екенімді, менің таңдауым маңызды екенін түсіндім. Әркім дәл осылай ойланса, еліміз де өзгереді,-дейді жас маман Алина Зинел.
Сайлау науқаны дауыс беру ғана емес, бұл – өз көзқарасыңды білдіру, қоғамдағы әділеттілік пен сенімді қалыптастыруға үлес қосу. Осы ретте дауыс берудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуде байқаушылар мен цифрлық технологиялардың үлесі де айрықша.
Рита ӨТЕУҒАЛИ



