Атырауда байқаушылар ауыл әкімдері сайлауының қалай өтіп жатқанын айтты

whatsapp image 2021 07 25 at 12.38.42 Саясат

Атыраудағы №68 сайлау учаскесіндегі ахуал бірқалыпты. Тәртіп бұзу, заңдылықтарды сақтамау фактілері тіркелген жоқ. Бұл туралы «Азаматтық қоғам» қоғамдық қорының өкілі, тәуелсіз бақылаушы Жарқын Сәрсекенова айтты, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ауыл азаматтарының айрықша белсенділігін атаған ол – жас маман ретінде бұл іс-шараның өзі үшін де маңызды екенін айтты. Бұл бастамаға бірінші рет қатынасып отырған әріптесі «Nur Otan» партиясы атынан бақылаушы ретінде бекітілген Динара Құрманғалиева да сайлау науқанын бақылау ісінің зор жауапкершілік жүктейтінін айтты.

«Біз сайлау туралы заңдылықтарды қадағалаумен қатар, санитарлық талаптың сақталуын да қарап отырмыз. Ара қашықтық сақталған, ауыл адамдары белсенді түрде атсалысып, өз таңдауларын жасауда» дейді ол.
Дамбы ауылық округіндегі № 68 сайлау учаскесінде 4 бақылаушы бар. Олардың екеуі үміткерлердің сенімді өкілдері болса, енді бірі – «Жәрдем Атырау» қоғамдық бірлестігінің және «Азаматтық қоғам» қоғамдық қорының өкілдері.

Айта кетейік, ауыл әкімдерін сайлауда дауыс беру 2021 жылғы 25 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де басталып, сағат 20.00-де аяқталады. Сайлау қорытындыларын ауданның аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде анықтайды. Басқа кандидаттармен салыстырғанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған ауылдық округтің әкімі болып сайланды деп есептеледі. Ауданның аумақтық сайлау комиссиялары жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеуді жүзеге асырады. Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз