ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ

Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында «Жыл адамы – 2014» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Өңірдің экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуына, тыныс-тіршілігіне үлкен үлес қосқан азаматтардың еңбегі еленді. Шараны Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев мерекелік құттықтау сөзімен ашты.

– Басты мақсат – барды бағалап, бір мүдде, бір тілекпен жұмыла жұмыс жасау. Ал, адал еңбек ету – үлкен мәртебе. Бүгін, міне, өткелі тұрған 2014 жылдың жетістіктері сараланып, әр саланың үздіктері анықталды, – деді ол.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан, ел дәулетін арттыруда еңбегі облыс тарихымен біте қайнасқан тұлғалар аз емес. Оның ішінде Атырау қалалық мәслихатының депутаты, «Астана банкі» АҚ Атырау филиалының директоры Майра Смаилова, «Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰҚ» АҚ-ның төрағасы  Абат Тасимов,  Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева, «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалының кеңесшісі Алтынай Үмбетова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ал, ҚР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, актер, режиссер Чапай Зұлхашқа «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағы беріліп, төсбелгісі тапсырылды.

Сондай-ақ, Атырау қалалық мәслихатының Құрмет грамотасымен «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Қанат Әзмұханов, «АрнаулыАвтобаза» КМК директоры Мұратбек Маханов, «АтырауСуАрнасы» КМК басшысы Андрей Ташлыков және жеке кәсіпкер Серікбай Қазиев марапатталды.

Ал, «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалының саяси кеңесі мүшесі Мақсот Ислат, «Эталлон» ЖШС директоры Асқар Саппаев, жеке кәсіпкер Лолахан Кенжемұратова Атырау қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды.     

Одан әрі әр сала бойынша іскерлік қабілетімен, еселі еңбегімен танылған қызметкерлер марапатталды.

Салтанатты шарада «Жыл мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Алуа  Исмағамбетова, «Жыл мұғалімі» атағымен №10 орта мектептің химия-биология және өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі  Күләш Мұңайтпасова және «Жыл спортшысы» атағымен дзюдодан төрт дүркін Қазақстан чемпионы Назгүл Құбашева марапатталды.

«Жыл кәсіпкері» номинациясын «Группа компания Атаба» ЖШС директоры Асқар Таубаев алса, №2 қалалық емхананың дәрігер-эндокринологы Татьяна Югай «Жыл дәрігері» атанды. «Ақ Жайық»  газетінің тілшісі Зульфия Исқалиева «Жыл журналисі» атағымен, «АлматыинжСтрой» АҚ бас директоры  Серік Оразбаев «Үздік құрылысшы», Атырау қаласы ІІБ әкімшілік полиция  бөлімінің басшысы, полиция майоры Асхат Нұрманов «Жылдың құқық қорғаушысы» номинанттарымен ұлығыланды.

Ал, «Жұмағалиев» шаруа қожалығының басшысы Өтеміс Жұмағалиев «Ауыл шаруашылығы саласының жыл қызметкері», Атырау қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлнәр Құспанова «Әлеуметтік саланың жыл қызметкері» атанса, «Жылдың мемлекеттік қызметкері» номинациясы бойынша Жұмыскер селолық округінің әкімі Қайрат Хабиев, №6 «Гүлдер» балабақшасының тәрбиешісі Ләззат Жағыпарова «Жыл тәрбиешісі» номинациялары бойынша үздік деп танылды.

Бойында кісіліктің қасиеті тұнған, ерен еңбегімен көріне білген «Атырау-Жарық» АҚ  Директорлар кеңесінің төрағасы «Құрмет» орденінің иегері  Оразғали Қаршегенов «Жыл адамы» атанды. 

Жеңімпаздардың дипломы мен ескерткіш сыйлықтарын Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев пен қала басшылығының өкілдері табыстады.       

Салтанатты жиында қазақ эстрадасының жұлдыздары  «Kesh you» тобы кеш қонағы ретінде әсем әндерін әуелетті. Шараға арнайы шақырылған «Астана»  көңілді тапқырлар театрының әртісі Қанат Әлжаппаров қатысып, атыраулықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сол сияқты, жыл қалаулылары жайындағы деректер мен бейнетүсірілімдер жиналғандарға көгілдір экран арқылы көрсетілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз