ЖУРНАЛИСТЕН – мемлекеттік қызметші

Күні кеше ғана елімізде Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтті. Биыл тұңғыш рет төл мерекелерін тойлаған атқарушы билік өкілдері арасында ерен еңбегі еленіп, төккен терінің өтеуі ақталғандардың бірі – Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев. Ол осы салада тағайындалған алғашқы марапат – «Үздік мемлекеттік қызметші» белгісін кеудесіне қадады.

Расында да, елудің еңісінен енді ғана асқан Мәди Рақымұлы ширек ғасырға жуық уақыттан бері мемлекеттік қызметтің әр саласында еңбек етіп келеді. Қатардағы маман болды, бөлім басқарды. Соңғы бірнеше жылдан бері аудан әкімінің орынбасары.

Ал, турасында оның мамандығы – журналист. Тума талантымен ерте танылып, жазу өнеріне  бейімділігі  мектеп  қабырғасында-ақ байқалған ол орта білім алысымен сонау 1976 жылы сол кездегі Балықшы аудандық газетіне қызметке қабылданады. Сонда небәрі 17-ақ жаста екен ғой. Келесі жылы Новобогат (қазіргі Исатай) аудандық газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Сол шақтан түсірілген тарихи сурет те бар. Сонда өзге де газет тілшілерімен бірге ортада жап-жас Мәди тұр. Кейін  Қазақ мемлекеттік университетін журналистика факультеті бойынша бітірді. Партия мектебін тәмамдады. Соның бәрінде де теориялық терең білімін тағылымды тәжірибемен ұштастыра білді.

Мәди Өтеғалиев әркез  ізденіс үстінде. Мемлекеттік қызметтен қолы сәл босай қалса, жазу үстеліне отырады. Өйткені, өлке шежіресі сарқылған жоқ. Оның жаңа парақтары ашылуда, тың деректері табылуда. Ал, оны қарымды қаламгер жазбағанда, кім жазар? Ендеше, шабытың шалқысын, әріптес!

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз