ЖАСТАР ЖАТ АҒЫМҒА НЕГЕ ҮЙІР?

Аудан әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысында ұлттық құндылықтарды Ислам дінімен байланыстыра отырып, насихаттау бағытындағы мәдени-көпшілік мекемелердің жұмысы туралы мәселе қаралып, оған комиссия мүшелері, поселкелік және селолық округтердің әкімдері, діни ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Мақсым Ізбасов көпшілікті осынау күрделі мәселенің түйінін тарқатып, ширатып жолға қоюға, біркісідей атсалысуға шақырды.

 – Дін – мемлекеттен бөлек болғанымен, қоғамның іргетасын бекітетін идеологиялық құралдың бір саласы екенін ескерсек, адамзат өміріне, оның дүниетанымдық дамуына пәрменді ықпал жасап отыратын рухани құндылық. Сол себепті де қоғамымызда ақпараттық-идеологиялық қауіпсіздікті сақтауда діннің рөлі зор.

Десек те, жастарымыздың өз дінінен, өз ортасынан, ұлттық санасынан адасып, өзге діннің жетегінде кетіп жататын оқыс қадамдары қоғамды алаңдатпай қоймайды, – деді кеңес отырысында хабарлама жасаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрбай Сүйембаев. – Санасы өзге ағымдардың уағыздарымен уланған кейбір жастардың «жиһадпыз» деп өз өмірлерін өлімге қиып жататыны қандай өкінішті! Араға жыл аунап түскенімен Құлсарыда орын алған қасіретті оқиға көпшіліктің көңіліне сызат түсіріп, жадына ұялап қалғаны белгілі. Бұл жай көшеде сақалдары өскен, шалбарының балақтары шолтиған, хиджаб киіп жүрген жасөспірімдерді көргенде санаңда жаңғырып сала беретінін несіне жасырамыз.

 Нақты бір мысал. Жылан жылы төрт бірдей баласын мектептен, балабақшадан себепсіз қалдырып, теріс бағытта тәрбиелеген ерлі-зайыптылардың іс-әрекеті, жат ағымға еріп адасқандары әшкереленді.

 Бөлім басшысы бұдан кейін аудан көлемінде жастардың теріс ағымдардың арбауына түсіп кетпеуінің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. 

Тақырыпты талқылау барысында «Жастар арасында жат ағымға ұмтылушылық неден туындап отыр?» деген сауал жиі көлденеңдей берді. 

– Қазақтың салт-дәстүрі Исламға қайшы емес. Бұл тұста бір жымысқы саясат бар, ол қазақтың бірлігіне, тұтастығына сына қағу – әлдебір топтарға қажет болып отырғандығы. Теріс бағыттағы сайттардан осыны аңғаруға болады, – деді найб имам Серік Ясин. – Ресейде осындай керітартпа, керек емес сайттарды жабуда. Біз бұны бас қосқан сайын қайталап айта бергенше, құзырлы орындар арқылы жоғарыға шығып, мәселе көтеруіміз керек. Ауданға тұрақты жұмыс істейтін, білімді, білікті теолог маман қажеттігі де айтылып жүр.

Бұған үн қосқан прокуратура өкілі «Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану керек. Ол үшін мәдени-көпшілік және спорттық шаралар жиірек өтіп тұрса, мектепаралық жарыстар, алуан тақырыпта конкурстар ұйымдастырылса» деген ұсыныс-пікірін ортаға салды.

Жастардың бойына отансүй-гіштік рухын сіңіру үшін, олар алдымен,  туған жерінің тарихын, оның ішінде діни орындардың қасиетін, тәрбиелік уағыздарды жақсы білулері керек. Бұл салаларды кең қамтыған ауданда тарихи-танымдық кітап жазылып, таяуда жарық көретіндігі жария болды. Міне, сол тәлімдік, тағылымы мол жинақты мектептердегі сабақ-дәрістермен ұштастырып, жүргізіп отырса, тәрбиелік мәні  зор болар еді деген ұсыныс-пікір де айтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің 04.04.2013 жылғы отырысында берілген хаттамалық тапсырманың аудандық білім бөлімімен орындалуы туралы» бөлім меңгерушісі С.Аманшиеваның хабарламасы қанағаттанғысыз деп табылды. Қазірдің өзінде жат ағымға еліктеушілік нышаны бар он алты оқушы анықталып отыр, олардың біреуі – ер бала, қалғаны – қыз балалар. Бұл  теріс бағыт ұстанған ата-аналарының ықпал-әсері болса керек. Демек, олармен мақсатты әрі табанды жұмыс жүргізу міндеті туындап отыр.

Кеңес отырысында белгілі болғанындай, ұлттық құндылықтарды Ислам дінімен байланыстыра отырып, насихаттау бағытында ауданда жыл ішінде ұйымдастырылған шараларға 700-ге жуық жастар мен жасөспірімдер тартылған екен. «Бұл – аудан көлеміндегі жас буындардың санына шаққанда өте аз көрсеткіш» деген аудан басшысы бұл шаруаны аудандық мәдениет бөлімі ғана емес, сонымен қатар, ішкі саясат және білім беру бөлімдері, имамдар, жастар ұйымдары – барлығы бірлесіп атқарулары керек. Ал, ауданға тұрақты жұмысқа теолог маман алдыру, оған пәтер және жалақы беру мәселесі шешілетіндігін нық сеніммен алға тартты.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз