«ЖАРЫҚ ДҮНИЕ, СЕН ҚАНДАЙСЫҢ?..»

Қайырымды адамдар көмек қылар деген ниетпен жазылып отырған бұл жолдар – туғанынан көзі көрмейтін екінші топ мүгедегі Мерей  Жанғалиев  туралы.

Мерей қазір 18 жаста. Мұндай жастағы жігіттер әдетте әскер сапында азаматтық борышын өтеп жүреді немесе белгілі бір мамандыққа машықтанып, білім іздейтін кез. Үйленіп, әке болып отыратындары да бар. Ең бастысы, олар әр атқан таңмен таласып тұрып, күннің шапағын көреді. Жаз келіп, құстардың сайрағанын, қыс келіп, айналаның аппақ қарға оранғанын, табиғаттың осындай тамаша сәттеріне шаттанған сәбилердің қуанышты жүздерін, бәрін-бәрін көреді, естиді, баға береді. Ал, біз сөз етіп отырған Мерей – бұл бақыттардың барлығынан айырылған адам. Ол тек ішкі сезім мен дыбыс арқылы ғана сыртқы құбылыстарды танып, біліп отырады.

«Көру» деп аталатын теңдессіз бақыт бұйырмаса да, Мерей өмірді қатты сүйеді. Сол зағип көзбен қоғамнан өз орнын тапқысы-ақ келеді. Бірақ, ауыр дерт жанына батып барады. «Түнімен көзі солқылдап ауырып шыққанда жанымды қоярға жер таппаймын. «Анашым, көзімді біреу суырып тартып жатқан сияқты ауырып барады» дейді ұлым. Бұған дейін ұлыма Алматы қаласындағы көз аурулары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтынан екі рет ота жасалды. Бірақ, нәтиже болмай тұр» дейді редакциямызға келген Мерейдің анасы Жаңылсын Бисенова.

Айта кету керек, Мерейдің әкесі Талғат та – тумысынан зағип. Бүгінде ол І топ мүгедегі. Мерейге  бұл  дерт  генетикалық жолмен беріліп отыр. Зағиптығына ғана емес, денсаулық жағдайының тым ауырлығына байланысты әке де, бала да жұмыс істемейді. Отанасы Жаңылсынның да жұмыс істеуге денсаулығы көтермейді. «Қайырымды адамдардан көмек сұраймын. Зағип та болса балам – мен үшін бар өмірімнің мәні. Сол балама кезекті ота жасауға халық көмек қылса екен» дейді Жаңылсын  Бисенова.

P.S. Мерей Жанғалиевтың жағдайы қазір өте ауыр. Отасыз жүре беретін болса, күндіз-түні жанына бататын ауыр дерт оның жүйке жүйесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бүгінде Ресейдің Волгоград қаласында орналасқан академик С.Н. Федоров атындағы көз микрохирургиясы клиникасы Мерейге көмек көрсетуге дайын. Ол үшін Мерейге 400 000 (төрт жүз мың) теңге көлемінде қаражат керек екен. Осы аз ғана сома – жәрдемақы есебінен күн көріп отырған оның отбасы үшін қол жетпейтін арман. Мерейге жәрдемдескісі келетін ізгі жандар араларыңыздан табылады деп сенеміз.

 Редакция қоңырауларыңызды асыға күтеді!

 

Баян  АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз