«ЖАНАМ ДЕГЕН ЖҮРЕККЕ ОТ БЕРЕМІЗ…»

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да жастарға үлкен міндет жүктеп отыр. Жастардың қоғамдағы белсенділігін, білімі мен білігін арттыру – бүгінгі басты талап. Осы орайда жастар ресурстық орталығының қызметіне де артылар міндет зор. Атырау қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жасұлан Бисембиев осы орайда бізге өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайын кеңінен әңгімелеп берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде жергілікті жерде жастармен жұмысты күшейтіп, жастар ресурстық орталықтарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл міндеттерді орындау мақсатында өткен жылдың маусым айында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қаулысымен Атырау қаласының жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды, – деді Жасұлан Бисембиев. -Орталық Атырау қаласы жастарының азаматтық бастамаларын, рухани-адамгершілік, зияткерлік, шығармашылық әлеуетін дамыту, қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыру, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқаруда. Орталық қалалық пікірсайыс лигасын құрып, оған 28 қала мектептері қосылды. Екі мектептік және студенттік пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып, оған 500-ге жуық жас қамтылды. Жүйелі түрде пікірсайысшылардың біліктіліктерін арттыруға бағытталған арнайы тренингтер өткізілуде.

Ағымдағы жылы жастар орталығының бастамасымен қандай ауқымды жобалар жүзеге асырылуда? Жеке-жеке тоқталып өтсеңіз…

– Атырау облысындағы 157 мың жастың тең жартысы – Атырау қаласының жастары. Жеті ауданның ішкі саясат бөлімдерінің мамандарына және Атырау қаласындағы селолық округтерде жастар істері мамандарына арнап екі күндік семинар-тренинг өткіздік. Семинар-тренингте топпен жұмыс жасау шеберлік сыныбын өткізу, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнату, әлеуметтік желілерде жұмыс жасау, «Жұмыспен қамту – 2020», «Дипломмен – ауылға», «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламалары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

– Мемлекет тарапынан жастар үшін ұсынылған әлеуметтік бағдарламалар, жобалар орындалысы туралы айтсаңыз…

– «Қолжетімді баспана-2020» және «Жас Отау» қолжетімді баспана бағдарламасы жайында жастар сауалдарын жолдап, орталыққа көп хабарласады. Біздер оларға негізгі мәліметтерді ғана жеткіземіз. Сондай-ақ, «Тұрғын үй жинақ банкі» қызметкерлері мен жастар арасында кездесу өткізіп тұрамыз. Жастар арасындағы жұмыссыздық қазір үш пайызды құрап отыр. Бұл – жұмыссыздар қатарына тіркелгендердің мәліметі бойынша анықталған қорытынды.

Қазір жастардың бәрі бірдей жұмыссыздар қатарына тіркеле бермейді. Негізінен әрбір жұмыссыз жас арнайы есепке тұруы керек. Сондай-ақ, жастардың жергілікті әкімдікпен де байланыстары төмен болып отыр. Мемлекеттік бағдарламаларды екінің бірі білмейді.  Осы бағытта түсіндіру үшін жұмыстанып отырмыз. 

«Дина» сауда орталығының бірінші қабатында жастарға кеңес беру орталығын да ашып қойдық. Кез-келген жас сол жерге барып, сауалдарын жолдауға болады. Оларға арнайы мамандар жауап береді. Қазірдің өзінде 200-ден астам жас мемлекеттік бағдарламалар жайында толық мәлімет алып, тиісті құжаттарды жинақтауға кірісіп кетті.

Айта кетейік, елімізде қазіргі таңда «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне еріктілер корпусын дайындау жұмыстары басталып, Атырау қаласында да еріктілерді іріктеудеміз. Осыған байланысты түрлі бағыттағы шеберлік сыныптар, басқосулар өткіздік. Өзін-өзі ортада ұстау этикасы бойынша психологиялық тренинг, «Геометрия.ru» жобасының өкілдері фотоға түсіру өнері бойынша, ал, өлкеміздің тарихымен таныстыру үшін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері келіп дәріс өткізді. Халықаралық көрмеге Атыраудан 40 ерікті дайындалуда.  

  Жастармен  бөлісер жаңалығыңыз бар ма?

– Басты проблемалардың бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық. Осыған орай «Қызмет көрсету саласы мамандарын даярлау» жобасын қолға алып, сатушы, даяшы, қонақ үй қызметкерлері болуға ниеттенген қала жастары бір айлық тегін оқу курсынан өтіп, қаламыздағы мейрамхана, дүкен-дүңгіршек, қонақ үйлерге орналасуға мүмкіндік алып отыр. Қазірдің өзінде 25 жас тәлім алуда. Курстарда тренер ретінде «Армада», «BlackBerry» мейрамханаларының, «Атаба» супермаркетінің, «Ақ Жайық», «Атырау» қонақ үйлерінің өкілдері, бірқатар рекрутинг компанияларының қызметкерлері келіп  дәріс  беруде.

Атырау қаласының жастар порталы – www.zhasatyrau.kz күнбе-күн Атырау жастарына қажетті ақпаратты үздіксіз жариялап тұрады. Толғандыратын тағы бір мәселе – бұл жастардың демалыс орындары. Орталық тарапынан жүргізілген соңғы зерттеуден байқағанымыз, жастардың басым көпшілігі дәстүрлі, заманауи экстремалды спорт түрлерімен айналысуға ниет білдіріпті. Сондықтан, қала аумағында арнайы экстрим парктер орналастыру қажет болып тұр. Аталған парктерде жастар скейбординг, велокросс, экстрим-ролики, паркур, жасанды тауға шығу секілді спорттың түрлерімен айналысуға мүмкіндік алар еді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз