ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ

Тайсойған топырағында 1922 жылы дүниеге келген немере ағам Өтеген Мырзалиев – Исатай-Махамбет көтерілісінде қол бастаған батырдың бірі Қабыланбай Қалдыбайұлының төртінші ұрпағы. Әкесі Төлеуғали мен анасы Қанзиба тоғыз сәбилі болған екен. Солардың бәрі шетінеп, Өтеген аға жалғыз перзент болған. Он жасында әкесі көз жұмып, үй тірлігі мен отбасын асырау қамы өзінің басына түскендіктен, бала Өтеген он бес жасында еңбекке араласады. Артынша Ұлы Отан соғысы басталып, ел қорғауға аттанады.

 

Соғыстың аты – соғыс, онда бір мезет те тыныштық жоқ. Сондай кезекті шайқаста Курск доғасындағы Прохоровка түбінде жас жауынгер ауыр жараланады. Госпитальда барынша емделгенмен ақыры оған мүгедектік тағайындайды. Елге оралған соң Өтақаң Алматы заң мектебіне оқуға түсіп, оны жақсы бітіріп шығады. Осыдан кейінгі бар саналы өмірін ол құқық қорғау, заң саласы қызметтерімен байланыстырады. 1948 жылдан бастап үш жыл бойы бұрынғы Бақсай, қазіргі Махамбет ауданының судьясы болады. Мұнан кейінгі жылдары ағамыз Гурьев қаласындағы екінші учаскенің судьясы, облыстық сот мүшесі, Гурьев облыстық халық шаруашылығы кеңесі басқармасының аға заң кеңесшісі, бөлім бастығы, Гурьев қаласының прокуроры, облыстық прокуратура бастығының орынбасары, облыстық сот төрағасының орынбасары, Әділет басқармасы бастығының орынбасары, Балықшы аудандық сотының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Үлкен беделге ие болды.

Ел басына төнген сын сағатта фашистермен білек сыбана күрескен Өтақаң бейбіт өмірде де өзін адал қызметкер ретінде көрсете білді. Ол «Отан соғысы» орденінің бірінші және жауынгерлік «Даңқ» орденінің үшінші дәрежесімен, оннан астам медальмен марапатталып, ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Жоғарғы соттың көптеген құрметіне ие болды. Ағайын-туысқа жанашыр бола білген ағамыз көзі тірісінде оларға «Ұрпақтарға» атты естелігін өз қолымен табыстап кетті.

Төрінен қонақ кетпейтін, қолы ашық ағамыздың өмірден өткеніне де он жыл болды. Бізге ол кісінің салмақты ойы, ағалық ақылы, бауырмалдық сезімі жетпейді. Қайтеміз, жазмыштан озмыш жоқ. Маржан жеңгеміз бен артында қалған ұл-қыздары – Айнагүл, Айымгүл, Қайрат, Беріктердің барына қуанамыз. Ұрпақтар өсіп- өніп, әке мен ата арманын жалғап жатыр…

Ержүрек майдангер, сот-құқық қорғау саласының айбынды ардагері Өтеген Мырзалиевті мәңгі есте қалдыру үшін қаладағы көшелердің біріне оның есімін берсе нұр үстіне нұр болар еді деген тілегіміз бар.

Жолдасқали ДҰРАШЕВ.

Атырау қаласының тұрғыны.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз