ЖАҢАҒА ҰМТЫЛҒАН ЖАН ЕДI…

Руханият

Осында подполковник Геке әскерінің оқ боратқан екі мың мылтығына, зіркіреген он екі зеңбірегіне қарсы бес жүз адамдық Исатай батыр жасағы жанкешті соғыс салған. Осында қарға бойлы Қазтуған мен қайсар Махамбет жырлары бесік әлдиіне қосып айтылды, Құрманғазының адуын, Дәулеткерейдің әсемпаз күйлері тартылды. Осында соғыс кезінің ауыр жылдарында да қара басты қалқаласпай, ауылдастың тауқыметін арқаласқан, көрші-көлеммен бір таба нанды бөліп жеген, бір ешкінің егіз емшегін бөліп сауысқан қазақи қайырымы, адами мейірімі мол ел болды. Сағынғалидың әрқашан ойында жүретін елжандылық, әрқашан бойында болатын мейірімді мінезділік осы жерде қалыптасса керек. Есерлігі жоқ, естілігі көп ортада өскен ауыл баласы жақсыны көруге, жаңаны білуге құмар болатын көрінеді. Туа біткен зеректігінен оның мектеп бітіргендегі кәмелеттік аттестатында барлық пәндер бойынша түгелдей «бестік» баға тізілген екен.
«Адам мамандық таңдайды, мамандық та адам таңдайды, осы екеуі сәйкес келсе, сәттілік болады» дейді білетіндер. Ол Омбы темір жол инженерлері институтының «Автоматика, телемеханика және байланыс» факультетіне оқуға түсті. Оны да үздік бітіруінен сол сәтті сәйкестіктің бастапқы белгілері білініп еді. Гурьев темір жол бөлімшесінің тіректі мекемелерінің басшылары мен бас мамандары басқа жақтардан келген, техникум бітірген, басқа ұлттың адамдары болып тұрған 1966 жылы жергілікті халықтан шыққан, жоғары білімді, үздік дипломды жас инженер С.Хасаев Мақат-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес стансаларын қамтитын Құлсары белгі беру және байланыс дистанциясына жұмысқа жіберілді. Бұл бұрынғы стрелка сүйрелеп, жолды ашып-жабатын қарадүрсіндіктен пойыздардың жүруі мен тоқтауына автоматты белгі беретін жаңа жүйеге көшу енді қолға алынған кез еді. Жаңбырлы күндері ток өткізгіш тұзды топырақ семофор белгілерін қызылды-жасылға немесе керісінше жаңылдырып жіберетіні болады. Ол – пойыздардың жүретін кезде тұрып бөгелуіне, бір-біріне бір жолмен қарсы жүріп кетуіне соқтыратын қауіпті жағдай. Мұны болдырмау үшін жол бойындағы жұмысшы монтерлер, маман электр-механиктер арнаулы қондырғыларды қалт жібермей қадағалауы керек. Осы үлкен жаңалық техникалық тұрғыдан дұрыс жүзеге асуы, тәжірибе жинаған жұмысшылар, білгір мамандар көптеп қалыптасуы үшін дистанцияның бас инженері С.Хасаев көп еңбек сіңірді. Осынау абыройлы ұжым әлі күнге «Хасаевтың кезінде біліп қалғандармыз» деп мамандықтың сырларын, «Хасаевтың тұсында үйреніп алғандарымыз» деп адамдықтың қырларын айтып отырады.
Мамандығы мен адамдығы сайма-сай азаматқа аймақ басшылары назар аударып, 1972 жылы облыстық партия комитеті өнеркәсіп-транспорт бөліміне нұсқаушылыққа шақырылды. Осында өнеркәсіпті өлкенің бір қарағанда бөлек, зер салғанда біртұтас халық шаруашылығы кешенін құрайтын өндіріс салаларының сырына қанығып, маңызды мәселелерді талдау мен қорытынды жасау тәжірибесі толықты.
Жетпісінші жылдар Гурьев химия зауыты Одақтық маңызға ие бола бастаған кез еді. Мұнда бұрын шығарып келген полиэтиленнен басқа полимер өнімдердің бүкіл елге қажет жаңа түрі полипропилен өндіруге техникалық, технологиялық дайындық басталған. Осындай шешуші шақта ол зауыт ұжымының саяси жетекшісі етіп жіберілді.
Батыс өлкенің жетекші экономикалық саласы – мұнай, газ өнеркәсібі. Бұл сала осыдан бір ғасырдан астам бұрын Қарашүңгілдің сайында тайыздан тегінге жақын алынған алғашқы қазақ мұнайын тері местерге құйып, түйе керуендермен тасыған, 1911 жылы Доссордың бұрғылау ұңғысынан мұнай бұрқағы атылып, өнеркәсіптік игеру бастаған жылдар мен жолдардан өткен, Қазақстанның экономикалық картасында Өзен, Жетібай, Қаратон, Қосшағыл, Құлсары, Мақат, Жайық кеніштерін белгілейтін кезге жеткен. Әлемдік, адамзаттың отын-энергетика қорлары санатына енетін «Теңіз» кенішінің телегейі ашылып, «Қарашығанақ», «Жаңа жол», «Құмкөл», «Қаламқас» «Қаражамбас» кеніштеріне келешектің үміті артылып жатқан. Осы тұста аймақтың мұнай өнеркәсібі мекемелерi арасында сенімді, дербес байланыс желісін қалыптастыру ерекше маңызға ие болды. Өндірістің өзекті мәселелері бойынша өтініш жазған хаттар, жанайқай жеткізген жеделхаттар, баршаға ортақ байланыстың босауын сағаттар бойы сарыла күту мезгілдің ерен екпініне ере алмай қалды. Осындай кезде Сағынғали Хасаев Мәскеудегі Мұнай министрлiгінің таңдауымен, облыстың қолдауымен бүкіл Батыс өлкедегі мұнай-газ өнеркәсібінде, құбыр тасымалында мемлекеттік жедел байланысты қамтамасыз етуге тиіс дербес Прикаспий өндірістік-техникалық байланыс басқармасына бастық болып 1978 жылы тағайындалды. Ол бастық болу үшін емес, алда тұрған зор міндеттерді орындау үшін келгені бірден білінді. Оған жүктелген міндет бір жылда бітіре салатын бір шара емес еді, ондаған ауқымды істерді қатар қолға алғанның өзінде межеге бірнеше жылдарда жеткізгендей күрделі де, көлемді болатын. Оны тынымсыз, толассыз жүзеге асыра отырып, тек сексенiншi жылдардың өзінде 871 километрлік Шевченко-Қаражамбас, Шевченко-Гурьев, Гурьев-Қиғаш, 691 километрлік Гурьев-Мақат-Құлсары-Теңіз кабельдік байланыс желілері жаңартылып қайта тартылды. Сөйтіп, Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінің тарихында мың ғасыр болмаған жаңалықтар жасалды, ел мен өндіріс игілігіне берілдi. Басқарма одақтағы әріптес 25 кәсіпорынның ұдайы алғы сапында тұрды.
Сәкеңмен істес болғандар, жақсы білгендер адамдардың өмірлік мүддесін ескермей өндіріс өрге баспайды деп қарау Сағынғали Хасаевтың басшы ретіндегі басты қағидаларының бірі болғанын айтады. Атыраудың Авангард ауданындағы он сегіз пәтерлік үш тұрғын үй, Индер мұнай айдау стансасында, оралдық Шаған, Сахарный шағын кенттерінде тұрғызылған жаңа үйлер – соның айғағы.
С.Хасаевтың тәрбиесін көріп, тәлімін үйренген, кейін өзі де бір ұжымға басшы болған, қазақ қызына үйленіп, Қазақстан азаматтығын алған ұлты әзірбайжан Айдамир Намазов «Сәкең өмiрде қайырымды, ілтипатты, өндірісте білімді де, мәдениетті адам еді. Әр ұжымның өндірістік қана емес, әлеуметтік мәселелеріне де мән беретін. Біздің Құлсары цехы қаладан аулақтау, шаң шұбалған құла түзде орналасқан еді. Келген сайын, көрген сайын соған бізден бетер қиналған ол цехқа су таситын машина алып беріп, айнала ағаш егуді тапсырған. Қазір сол цехтың төңірегін көк тоғай көмкеріп, қайран Сәкеңді еске салып тұрады» дейді.
Бұрынғы ұжымдастардың Оралдан жіберген естелігінде «Сәкең бәріміздің аты-жөнімізді, үйдегі хал-күйімізді де білді, көмектесіп отырды. Жұмыстың жас мамандармен жетілгеніне мән берді, біздің кішкене ұжымымыздың өзінен сегіз жасты оқытып, арнаулы мамандық алып берді» – дейді. Бұл – бір ұжымның ғана емес, елдің де ертеңін ойлағандық.
Сәкең 1969 жылы аяулы адам, асыл жар Рыскүл Сейтқалиқызымен жұптасқан. Олардың қыздары Анар, күйеуі Бауыржан – дәрігерлер, Айнұр мен Дэвид Томпсон – ТШО инженерлері, Самал мен Пьер Болдучи – шетелдік компания қызметкерлері. Ұрпақтарды білімді, тәлімді өсіру де, өрісті ету де – бір отбасылық емес, елдік мәні бар мәселе.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағанда талай ұжымдар аңтарылды, талай кәсіпорындар қаңтарылды. Ал, өндірістің экономикалық, адамдардың әлеуметтік мәселелері түгелімен және тікелей Мәскеудегі «Мұнай-транс» бас басқармасына тәуелді Батыс аймақтық байланысты өндірісте пайдалану басқармасының бүгіні мен болашағы қандай болмақ? Қазақстанда мұнай өнеркәсібінің ведомстволық байланысын техникалық, технологиялық, қаржылық қолдайтын еш мекеме жоқ. Бұған дейін бар билік Мәскеудің қолында болып келген бүкіл Мұнай өнеркәсібі кешеніне кірген бұл салада ұлттық маман кадрлар некен-саяқ. Сәкең осындай алмағайып заманда баяғы бағана сымдар бойымен қарлығып, әуе толқынымен барлығып жететін байланысты мезгілдің озық дәрежесіне жеткізген, сол істің бәрін өзімен бірге атқарысқан адамдарды, білімімен және тәжірибемен атсалысқан мамандарды, материалдық құндылықтарды сақтап қалмаса, жаңа нарықтық қатынастарға бейімдеп «Каспий мұнай байланыс» акционерлік қоғамы етіп қайта құрып алмаса, ұжым ыдырап, иесiздік иектеп, жылдар бойы тірнектеп жинағандары қармағыштың қолында, жұтқыштың көмейінде кетер еді.
Ол өзі құрған акционерлік қоғамның алғашқы ұйымдастырушысы, алғашқы Президенті болды. «Өткелдерден аман өттік, ендігіні елмен бірге көре жатармыз» десе, ешкім кінә тақпас еді. Ол басқарған мекеменің кабельдік байланыс желілері Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының отандық және шетелдік барлық мұнай кәсіпшіліктеріне сенімді қызмет істеп тұрды. Заманауи байланыс ісінiң ең озық жетістігі – талшықты оптикалық байланыспен Орал-Атырау-Ақтау арасын желiлеп тастау мақсат етілді. Оның өзі Батыстағы үш облыс түгiлі, Қазақстан мемлекеті халықаралық транс-континентальдық байланыс жүйесіне қосылу үшін енді ғана ойға алып, бастап қолға алып жатқан жаңалық болатын. Бұл істе мемлекеттің де мүддесі бір екенін талай табалдырықтардан өте, төрлерге жете жүріп пікірін дәйектеді, пайдасын дәлелдеді. Сөйтіп, бас-аяғы бірнеше айда желіні жүзеге асыру үшін есептелген 32 миллион теңгенің 28 миллионын жинақтап та үлгерген. Қазақ теңгесі орыс рублінен әлдеқайда қымбат, американ долларынан аз ғана арзан болып тұрған сол кезде бұл – өте көп қаржы.
Өткен ғасырдың соңына қарай жаңа техника мен технология, қаржы нарығы, инвестиция қайтарымдылығы бойынша Еуропаның ылдилағаны біліне бастаған, Азияның жұмыр жон жолбарыстары аталып, Қытайдың, Сингапурдың, Бангкоктың, Куала-Лумпурдың алғырлығы анық аңғарылған еді. Ол да – С.Хасаевтың назарынан тыс қалмаған жағдай. Бұрынғыдай өзгенің еңбегімен тапқан ақшасы көп Мәскеудiң айтқан ақылы да көп деп қарайтын кез емес, өз ақылымен тапқанының ақшасы көп деп қарайтын Казақстандағы жаңа экономикалық саясаттың берген мүмкiндiгi бойынша озған елдердегi озық технологияны тану, iскер байланыс орнату үшiн Сингапурға аттанды.
Ежелгі Рум империясының халқы жорыққа аттанған әскербасыға «Қалқаныңды өзiң көтерiп кел немесе қалқаның өзiңдi көтерiп келсiн» деп тiлек айтады екен. Ол елiнiң ертеңi үшiн аттанған осы сапарынан 1994 жылдың басында туған елге, өскен жерге қалқанның үстiнде келдi. Император Наполеон Бонопарт «алғы шептегiлер кейiнгiлердiң жеңiсi үшiн құрбан болады» дептi.
Сағынғали Хасаев –егемен елдің қыран қанатты, күн шапақты көк туы келер жеңістерде желбіреп тұруы үшін ең қиын кездерде өз майданының алғы шебінен шегінбей өткен сардарлардың бірі.

ӘЛ-ЖҰМА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған