ЖҮЗ ЖЫЛ МҰНАЙ ӨНДІРГЕН, МАҚАТ ДЕГЕН МЕКЕН БАР

Мақат -  бір ғасырдан астам уақыт бойы «қара алтын» өндіріліп келе жатқан аудан. Осы кезеңде қол жеткізген табыстары да аз емес. «Атырау» газетінің «Атамекен» экспедициясы кезекті сапармен Мақат ауданына бет түзеді. Айрықша сәнмен сап түзеген көшелер, еңселі үйлер, сауда орындары мен мейрамханалар, кәсіпорындар ғимараттары... Мақат поселкесінде біздің алғаш көзімізге түскендері осы болды.

 Жолдың жыры жетіп тұр

Ең алдымен, ауданның тыныс-тіршілігі, тұрғындардың жағдайы, көңіл-күйі, шешімін күткен өзекті мәселелер жөнінде білу мақсатында сапарымызды аудан әкімдігінен бастадық. Мұндағылар да аудандағы бірінші мәселе ретінде жолдың жайын баяндады. Шынымен де, Мақат пен Доссор арасындағы жолдың біз барған жауынды күні жағдайы тіпті нашар болып жатыр еді.

Аудандық әкімдіктің берген мәліметіне сүйенсек, Доссордан Мақатқа дейінгі 15 шақырым жер республикалық Атырау-Ақтөбе тас жолы бойына қарайды. Сондықтан, оны жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралмаған. Тұрғындарды толғандыратын басты мәселе де – осы. Ауданға Астанадан депутаттар келгенде де, әкімдер келгенде де, жұрт ең алдымен осы жағдайды айтады, бірақ әлі еш нәтиже жоқ.

Елу екі тұрғын үйі бар Ескене стансасы және 48 үйі бар ПМС мөлтекауданынан басқа елді мекендердің барлығында «көгілдір отын» мәселесі толықтай шешіліпті.

Байшонастың 2042, Ескененің 400-ге жуық халқы толықтай Атырау қаласына көшірілді. Тұрғындар саны азайса да, халыққа мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмысы алдыңғы қатарға қойылған. Соның ішінде «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несие алып жатқан кәсіпкерлер саны артып келеді. Олардың көбі ауыл шаруашылығы саласы бойынша өз кәсіптерін ашуға ниет білдіріп отыр екен.

Бір айта кетерлігі, мұнда жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, спорттық-мәдени шараларға баса назар аударылып отыр. Аудандық мәдениет үйінде заман талабына сай 3D форматында 380 орындық кинотеатр аптасына екі-үш рет қызмет көрсетеді. Ал, күндіз балаларға мультфильмдерді тамашалауға мүмкіндік қарастырылған.

Жас мамандарды әлеуметтік қолдау мақсатындағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының орындалысында да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Мақат ауданында әлеуметтік сала мамандарын қолдау мақсатында биыл 11 маманға (денсаулық сақтау саласы – 3, ветеринария саласы – 1, білім беру саласы – 7) біржолғы көтермеақы берілді. Сонымен қатар, тұрғын үй алу үшін екі маманға несие берілген.

Тағы бір мәселе, Қарабатандағы «Болашақ» зауытында жұмысшылардың қысқартылуына байланысты  ауданда жұмыссыздық деңгейі артып отыр. Қазіргі таңда 700-ден астам адам жұмыссыздар кезегінде тіркелген.

Мақат облысымызда қылмыстық оқиғалар көптеп орын алған өңір ретінде белгілі. Бүгінгі күні аудан бойынша қылмыстың ашылу деңгейі небәрі 15 пайызды ғана құрайды. Қылмыстың бұзақылық пен ұрлық сияқты түрлері көбірек орын алады. «Бұған аудандағы жұмыссыздық мәселесінің ушығуы да әсер етіп отыр-ау» деген ойда қалдық.    

«Бүгінге ризамыз, ертеңнен де үміттіміз»

Мақат ауданының тұрғыны Семғали Есенов бізбен әңгімесінде  бала кезінен бері өзіне жақсы таныс темір жол  саласында көп жылдар бойы жол жөндеуші болып қызмет етіп келе жатқандығын мақтанышпен айтты. Семғали аға секілді темір жол маңында жұмыс жасап жүргендердің дені бүгінде жастармен толыққан. «Аудан жұртшылығының негізгі жұмыс  көзі – темір жол мен мұнай саласы болғандықтан, халықтың көпшілігі осы салада», – дейді ол.

Қазіргі заманда ниеті мен мақсаты бар адамның кез келген кәсіппен айналысуға жолы ашық. Ол үшін ерінбей тер төгу қажет. Оның үстіне, мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндіктер көп. Мамандығым – есепші. Бірақ, мамандығыма сай жалақысы жақсы жұмыс таба алмағандықтан, осыдан төрт-бес жыл бұрын сауда-саттықпен айналыстым. Қазір кәсібім біраз жанданып қалды, – дейді жеке кәсіпкер Орынша Оғибанова.

Ал, Орақ Деңгелбаев Мақат ауданына іргелес орналасқан екі мыңға жуық халқы бар Бәйгітөбе ауылының кейбір мәселелерін ашып айтты. Соның бірі – Бәйгітөбе ауылындағы мектепке  оқушылардың қатынауы мен ауылға балабақша салыну қажеттілігі өткір тұрғандығы. Оған қоса, ақсақалды өңірдегі темір жол маңындағы жаяу көпірден түскеннен кейінгі Бәйгітөбеге қатынайтын жаяу жүргіншілер жолы да толғандырады. Аталған ауыл ішіндегі қырық жылға жуық қатынасатын жалғыз көлік жүретін жолға күрделі жөндеу де керек екен.

Мақат ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Орақ Ерғалиұлының айтуынша, өңірде мәдениет үйлері, мектеп, балабақшалар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Алайда, солардың аулалары мен айналасының тазалығына соңғы кезде мән берілмей жүр.

Мақат ауданындағы ескі Жеңіс саябағына биылдан бастап жөндеу жұмыстары жасалып жатқанымен, баяғы кеңес кезінен қалған дүкен құрылысы саябақтың алдында орналасып, әлі күнге дейін бұзылмай, көркін алып тұр. Бұл ескі құрылысты бұзып, орнын тегістеу жөнінде де ауыл ақсақалдары мәселе көтерген. Бірақ, әзірге шешімін табатын емес.

– Айта берсек, ауылда халықтың назарында жүрген мәселе көп қой, – дейді Орақ Ерғалиұлы өткенді көз алдына елестетіп, – тәубе дейміз, бір кездері құмы бұрқырап, шаңы шығып жатқан тақыр жерлер игеріліп, «қара алтынымыз» да халықтың игілігіне жарап жатыр. Бүгінде өркениетке беттеген ауылдардың тұрмысы нашар емес. Бір кездері газет, кітаптарды әрең алып оқитын болсақ, бүгінде үйіміздің төрінде теледидар, компьютер тұр. Ауыл тұрғындары жан-жақты ақпарат алуына мүмкіндік мол. Күні кеше көшелердегі трансформаторлар жаңартылды, түнде жарқырап тұрған шамдар да өңірімізге ерекше көрік беріп тұрады.

Сондай-ақ, аудан тұрғындары жылу мәселесінің де өткір күйінде қалып отырғандығын жасырмады. Көптеген жылдар бойы Мақаттағы бірнеше үйді жылумен қамтып келген  орталық жылу қазандығының күйі өте нашар.

Орталық жылу қазаны әбден тозып бітті. Бірқатар үйге жылу беріп келген «Болашақ» мөлтекауданындағы жылу қазаны да жабылды. Қыстың суық күндері өте қиын. Сол себепті, бұл мәселені өзімізше шешуге кірісіп, жеке қазандар орнатудамыз. Алайда, бұл шарамыз өте қауіпті. Соған алаңдаймыз. Бұл мәселені жиі айтып келеміз, бірақ уәде бар да, тындырылып жатқан іс көрінбейді, – дейді алаңдаған кент тұрғындары. 

Сонымен қатар, кәріз жүйесінің проблемасын да тұрғындар бізден жасырмады.

Олардың айтуынша, кенттегі кейбір үйлерде кәріз жүйесі әбден істен шыққан. Теміржолшылар көшесіндегі 80/3 үйдің жертөлесі үнемі суға толып, баспалдақтары құлап жатыр. Бұдан шыққан сасық иіс те тұрғындар саулығына кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ, көше тазалығының мәз еместігін байқадық.

        

Кәсібі бардың

нәсібі бар

Аталған проблемалар бойынша аудан басшылары біраз жұмыстар атқарылып жатқандығын айтады. Мақат ауданында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту» жобасымен кәсіпкерлікке ынта білдірген азаматтардың жеке ісін ұйымдастыру жақсы жолға қойылып келеді. Жұмыссыздықты жоюда мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаның мүмкіндігі көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Өйткені, осы уақытқа дейін бизнес жоспарын дайындаған іскер азаматтар қаражаттың жеткіліксіздігінен жеке кәсібін аша алмай келгені белгілі.

Жеке кәсібін дөңгелентуді көптен бері ойластырып жүрген іскер жандардың бірі  – мақаттық Сапура Қадырғалиева. Ол құс және қоян өсіру мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіріп, маусым айында 3 млн. теңге несие алған. Ісін бастауға құс және қоян өсіретін орын белгілеп, оның ішінен қаз, тауық, қоян қоралар, сою бөлмелері, қойма, шөп егу алаңы сынды бөлмелерге ыңғайлы орындар дайындады. Ғимарат электр жүйесімен, көгілдір отынмен, жылу жүйесімен, сумен қамтамасыз етілген. Кәсіпкер алдымен санитарлық-гигиеналық талаптарды да мұқият меңгеріп, ветеринар мамандардың кеңесіне жүгініп, қояндар мен құстарға вакциналарды уақтылы қабылдауды ескеріпті. Көктемге қарай еңбегінің өнімімен жергілікті тұрғындарды қамтуды көздеген Сапура Қадырғалиева енді инкубатор құрылғысына қол жеткізуді көздеп отыр.

Қазіргі таңда шаруашылықта 50 қоян және үй құстарынан 250 тауық, күркетауықтар сатып алынып, өсірілуде. Етті тауықтар, жұмыртқа беретін тауық түрлерін көбейтуді жоспарлаған кәсіпкер алдағы күндері өнімдерді тұтынушы назарына ұсынбақ.

Тағы бір жағымды жаңалық. Өткен жылы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» және «Үздік ұжымдық шарт» шағын кәсіпкерлік субъектісі номинациялары бойынша «Доссор-Сервис» ЖШС дипломмен марапатталды.

Доссорлықтардың да мұңы бар

Қойнауы «қара алтынға» толы Доссор кентінде де болып, халықтың тыныс-тіршілігімен таныстық. Даңқымен әлемді шарлаған Доссор кентінде жасалып жатқан жұмыстар баршылық екен. Ірі өндіріс орындары ашылып, көшелері тазарып, жолдары да біраз түзелген. Алайда, тұрғындарды толғандырған мәселелердің де куәсі болдық.

Осыдан бес жылдай уақыт бұрын Доссор поселкесінде 250-дей жер телімі берілген болатын. Осыншама уақыт өтсе де, бұл жерлерге инфрақұрылымдық жүйелер  әлі де толық жүргізілмеген. Халық жарықсыз, газсыз отыр.

– Бес жыл бұрын «Болашақ-2» ықшамауданынан жер алғанмын. Үйімді көтеріп те қойдым. Бірақ, мұнда еш жағдай жасалмаған. Аталған ықшамауданда жиырма шақты үй бой көтерді. Алайда, мұнда қазір бір ғана үйде адамдар мекен етуде. Қалғандары амалсыздан орталықтан үй жалдап жүр. Мектеп жасындағы екі балам бар. Қыс мезгілінде таңертең және кешкісін мектептен қайту қиынға соғады. Сол себепті, үлкен баламды мектеп интернатына орналастырдым. Ал, 2-нші сыныпта оқитын кіші балам мектеп-интернатта жата алмағандықтан, орталықтан үй жалдауға мәжбүр болып отырмыз. Мектепке барып, білім алу үшін басқа амал жоқ. Бұл мәселені айтып, аудандық әкімдіктің табалдырығын талай тоздырдық. Шешімін табатын түрі де жоқ, – деді жағдайын жайып салған Қайрат Қадырбеков. 

Теміржолшылардың қоныс тойы

«Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ кәсіпорындарының бірқатар қызметкерлері Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алды. Бір қабатты екі пәтерлік 23 үй пайдалануға берілді.

Жаңа баспана иелеріне мердігер компания «КООСК» ЖШС директоры Серік Ерғалиев пен «Локомотив» АҚ Батыс аймағы бойынша Президентінің кәсіподақ өкілі Төремұрат Батырғарин пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Темір жол саласы қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ. Өйткені, баспана мәселесі көпті толғандыратыны жасырын емес. Жыл соңында «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша осындай қуанышқа кенелген темір жол саласы қызметкерлерінің Елбасына, облыс басшыларына алғысы шексіз. Айта кетсек, өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша жүз теміржолшы отбасы баспаналы болған.

Р.S. Мұнайлы өңір Мақаттың проблемасымен қоса, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де баршылық. Бұған экспедиция барысында толық көз жеткіздік. Біз Мақаттан жаңарған, жайнаған ауылдың көрінісін көрдік. Әрине, шешімін күткен күрмеулі тұстар да жоқ емес. Бірақ, ең бастысы – ел ертеңіне сенеді, болашаққа үмітпен қарайды.

Экспедицияға қатысқандар:

Бақытгүл БАБАШ, Айгүл ЕРТІЛЕУОВА, Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз