ЖҮРЕКТЕРДІ ТЕРБЕГЕН ЖҰМЕКЕН-ЖЫР

Ән де адам секілді. Өз тағдырымен туады, өмірде өз орнын табады. Әр адамның өз ғұмыры сияқты әннің де өз тарихы бар. Расында, әр қазақтың жүрегінде тулаған «Менің Қазақстанымды» асқақтата жырлаған жыр жампозы Жұмекен ақын жиырма бір жасында-ақ бүкіл қазақты өз өнеріне табындыра білді.

Туған елінің ұлы мұраттары жолында «гүлі болып егілуге, жыры болып төгілуге» дайын ақынын құрметтеген Атырау жұртшылығы Жұмекен ақынның сексен жылдық мерейтойына сексен шара ұйымдастырса, ұлттық гимназия шәкірттері де «Тұлғалы таланттың тау мүсіні» тақырыбында әдеби кеш өткізіп, ақын рухымен сырласты.

Жас ұрпаққа өнеге болар тың бастамаға ұйытқы болған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың ұйымдастыруымен Атырау өңірінде «Жұмекен жылы» атауымен өткен әр игі істердің нәтижесі – Салтанат сарайы алдында бой тіктеген Жұмекен ақынға қойылған ескерткіш.

Осы бастаманы дарынды балаларға арналған облыстық ұлттық гимназия шәкірттері мен ұстаздар қауымы қолдап, Жұмекен ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Ән падишасы Шәмшінің, жыр желкені Жұмекеннің,  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының елім деп соққан жүректерінде оянып, бар халықты әуенімен тербеген ән еркесі «Менің Қазақстаным» әнұраны талай дәуірдің куәсіне айналарына сенімдімін.

Нұрлыбек ДАУМОВ,  облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз