ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ПЕН РУХАНИЛЫҚ

олар  қайткенде  қатар  дамиды?

Сыртқы форма ішкі мазмұнға қызмет етуге тиісті. Сонда ғана қоғамның үйлесімді дамуына жол ашылады. Дін саласына қатысты айтқанда, діни таным – өзінің табиғаты жағынан «біз және олар», «біздікі дұрыс, өзгелердікі теріс» дилеммасын тудыратын таным. Яғни, сыртқы форма басым түседі. Мемлекеттің зайырлылық ұстанымы осы бөліністі болдырмауға, діндер арасында ортақ платформа, тепе-тең сұхбаттасу орын алуына мүмкіндік береді.

 

Жасыратыны жоқ, исламды тек құлшылықпен, мешітпен, Құранмен байланыстыру – дініміздің тынысын тарылтатын жайт. Қазіргі таңда әлемді алаңдатып отырған радикализм мен фундаментализм құбылыстарының сыртқы форманы ішкі мазмұннан жоғары қоюдан бастау алғаны да, көп жағдайда билік үшін, жаулап алу үшін пайдаға асқаны да тарихтан аян.

Шындығында, ислам идеялары адамгершілік тәрбиеге қызмет етуі керек. Ұлытау жерінде берген сұхбатында (25 тамыз, 2014 жыл) Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. …Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді. Міне, осындай исламды құрметтеуіміз керек» деп «дінді өркендету жолы қайсы?» деген мәселеде бағыт сілтеді.  

Сонымен, зайырлылық дегеніміз – діни канондарға құрметпен қарау, діни мәдениетті оқыту, қолдау және мемлекет пен діни бірлестіктер арасында теңдікті сақтау, ғылым мен дінді ымыраластыру жүйесі. Зайырлылықтың түрі көп. Оған идеологиялық, мәдени-әлеуметтік және ағартушылық аспектілер тән. Сондықтан да, оның өзгелерге ұқсамайтын қазақстандық типін, моделін жасау маңызды. Ол үшін зайырлылық руханилықпен ұштасса, байытылса жөн. Мысалы, оқу орындарында діншілдіктің емес, құдайшылықтың рухы тамыр жайса игі. Өйткені, құдайшылық пен жоғары руханият – егіз ұғымдар.     

Жоғары руханият деген не? Осыған келейік. Дінтанушы Марат Әзілханов «Жоғары руханият – зайырлы және діни құндылықтар негізі» деген тақырып қойылған «Егемен Қазақстан» газеті (22 шілде, 2014 ж.) тілшісіне берген сұхбатында дінді руханиландыру қоғамдағы діни ахуалды реттеудің негізгі тетігі дей келе, бұл ойын былайша дамытты: «Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі құндылықтардың негізінде де дәл осы дінде руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн».

Реті келіп тұрған соң, «дінге руханият негізі ретінде қарау», «діннің рухани әлеуетін пайдалану» және «дінді руханиландыру» деген тың ойлардың астарын аша кетпекпіз. Абай атамыз: «Адам екі нәрседен жаралған: бірі – тән, бірі жан», – деген. Тән үшін күніне үш рет тамақтануды кім ұмытсын. Ал, жанымызға да жүйелі нәр, азық керектігі ше? Әлбетте, мұны ескере бермейміз.  Тамақ тоқ, көйлек көк болса болды, бітті деп. Шындығында, жан жабырқап, көңіл шіркін пәс болса, ештеңе де ілгері баспайды, ісіміз де көгермек емес. Қайта ұрыс-керіс, жанжал көбейіп, араздыққа, күншілдікке себептер табыла кетпек. Таңның атысы, күннің батысы ойлағаның құр құлқынның қамы болса, жаның ашықпағанда қайтеді.

Екінші жағынан, жан азығы деген, кейбіреулер ойлайтындай, әлемдік деңгейдегі жылтырауық мәдениет емес. Оның суаты тек әдебиет пен түрлі өнер өрістері десек те қателікке ұрынамыз. Кәдуілгі адамдардың бір-бірімен сәлемдесуі, сіз-біз деп сыйласып, бірін-бірі қонаққа шақырысуы, жасы үлкен адам келе жатқанда атып тұрып орын беру, қыз-келіншектердің ер адамды кес-кестемей, сызылып жол беруі сияқты көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын әдет-ғұрыптардың күллісі жан азығы болып табылады. Задында, махаббат пен әділет көп жерде  өсіп-өнбейтін, көгермейтін ештеңе де жоқ. Мінеки, діннің рухани әлеуетін пайдаға асыру деген ой-пайымда осы астар бар. 

Тағы бір жайт, жоғарыда айтылғандай, руханиландыру үдерісі дін-ғұрпылық, салт-жоралғы қалыбында қалмай, оның адамгершілік, тәрбиелік әлеуеті молынан ашылуына мүмкіндік береді. Мейірім, әділет сезімнің қайнары болу деңгейіне көтерілсе, дініміз исламның қоғамдық сананы толымды ететін, бүкіл қауымның мінезін өзгертетін, Әулие бұлақтың басында Елбасы айтқандай, «Елдің басын біріктіретін» құдіретті күшке айналары сөзсіз. Бізше алдағы уақытта дінді өркендету мен зайырлылықты дамытудың сара жолы – осы.

Асан ОМАРОВ,

Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының жетекші

ғылыми хатшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз