ТӨРТ ҚЫЗДЫҢ ТӘТТІ ТІЛЕГІ

Өмір тек бақытты сәттерден тұрмайды. Қуанышы мен қайғысы, қасіреті де бірге жүреді. Адам баласының тіршілікте тартар қасіреті – ауыр дерт. Қатарыңнан қалып, төсек тартып, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жан азабын тарту қандай ауыр? Ал, егер осы халге өмірдегі ең асылың – сәбиің шалдықса, ата-ана үшін бұдан өткен азап жоқ.

Ғасыр зауалына айналған онкологиялық, ЖИТС (СПИД), туберкулез, қант диабеті секілді дерттердің балалар арасында таралуы жан күйзелтер жайтқа айналды. Біздің облысымыз соның ішінде туберкулез ауруынан, өкінішке орай, алдыңғы қатарда. Сәбилердің осы ауыр дертке шалдығып, айлап, жылдап ауруханада жатуы өзекті өртейді. Олардың ұзақ уақыт бойы қиналып, дерт қиындығын күрсіне көтеруіне күнде куә болу, әрине, қиын. Бұрын дәрі-дәрмек, тамақ, төсек-орын, басқа да күнделікті қажетті нәрселер жетпей қинайтын. Еліміздің өрлеуі, экономикалық дамуы балаларымыздың денсаулығын емдеуге мол мүмкіндік берді. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері ұжымы осы мақсатта жұмыстанып келеді.
Дүниеде балалардың күлкісінен, қуанышынан артық ештеңе жоқ. Сәбилерге деген шынайы қамқорлық азаматтық қоғам тарапынан әрдайым орын алып отырса, біздің де жұмысымыз алға басар еді. Осы ретте диспансердің материалдық-техникалық базасының нығаюына «ЕмбіМұнайГаз», «Медицина», «Фармация» акционерлік қоғамдары мен «Тезводэлектромонтаж» ЖШС-тері үнемі көмек қолын созып келеді.
Жаңа жыл алдында диспансердегі туған-туыстары жоқ балаларға арналған бөлімшеге өздерін Айгүл, Эльмира, Мәрия, Гауһар деп таныстырған қыздар келіп, қайырымдылық көрсеткілері келетіндерін айтқанда, басында таңырқағанымыз рас. Өйткені, әрбір жақсылық, ізгі ниеттің астарынан пайдакүнемдік іздеп тұратын пиғылдағы адамдарды да көріп жүрміз. Бірақ, біздің бұл күдігіміз теріске шықты. Қыздар алдын ала келіп, балалардың тілегін Аяз атаға хат жазу арқылы біліп, сұраған заттарын әкеліп берді. Тіпті, Аяз ата мен Ақшақарды да ала келді. Бұл сәт балалар үшін естен кетпестей ғажайыпқа толы болды.
Сіңлілеріміздің бұл шараны шынайы жүрекпен, шын ықыласпен атқаруы бізді сүйсіндірмей қоймады. Аттарын жария етуге қарсы болғандарына қарамай, біз олардың бұл жақсылықтарына рахмет айтуды жөн көрдік. Гауһар Тайыншева, Эльмира Унашева, Айгүл Серікбайқызы, Мәрия Губанова есімді қыздарға жүрек жылулары үшін шексіз алғыс айтамыз.
Қандай қиын кез, қандай қатал заман болмасын, адамгершілік, балаға деген сүйіспеншілік, махаббат бәрінен де биік екенін сіздер тағы да дәлелдедіңіздер. Рахмет, Сіздерге!

Алтын КҮШІМОВА,
облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар бөлімінің
меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз