ӨТКЕНГЕ БЕЗБЕН, БОЛАШАҚҚА БАҒДАР

Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан алып мемлекеттердің дамуында біздің ата-бабаларымыз екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт тарихын жаңаша көзқараста жасау мәселесіне айрықша назар аударып, арнайы тапсырма беруі де осыдан. 

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен «дөңгелек үстел» басында да ел тарихының әлемдік оқиғаларға байланысын қайта саралап, ұлттық тұрғыда жазу мәселесі ой талқысына салынды. Университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраевтың жүргізуімен өткен келелі кеңеске бір топ тарихшы ғалымдар Жеңісбек Мұстафин, Серік Қуаныш, Әния Ермағамбетова, Марат Қасенов, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағимов, тарих және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасының доценті Жұмазия Жұмабаева, тарих-филология факультетінің деканы Гүлфайруз Қайырғалиева және өзге де оқытушы-профессорлар құрамы қатысып, өздері зерттеп, зерделеп жүрген тақырыптары турасында ой өрбітті.

Бейбіт МАМРАЕВ:
-Елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында қазақтардың тарихтың жүрілмеген жолдарымен жүруге енді ғана мүмкіншілік алғанын айтады. Шындығында, қазақтың тарихын түгендейтін уақыт келіп жетті. Тарих тақырыбының қоғамдық талқыға түсуіне Мемлекеттік хатшы М.Тәжин өткізген жиынның түрткі болғаны сөзсіз. Мұнан соң іле-шала 17 адамнан тұратын облыстық кеңес құрылып, жұмыс атқаруда. Оның құрамында университетімізде қызмет ететін тарихшы-ғалымдар да бар.
«Біздің оқу орнында тарих пәні жоғары деңгейде оқытылады, студенттер сапалы білім алады» деп толық сеніммен айта аламын. Студенттеріміздің тарих пәнінен олимпиадалық жарыстардың республика көлемінде ылғи алдыңғы орындарды иеленіп жүргені де осыған дәлел. Тарих мәселесі қолға алынған тұста өңірімізде кенже қалып жатқан археология, сондай-ақ, жылдар бойына айтылып келе жатқан хан ордасы Сарайшық мәселесі де шешімін табады деген ойдамын.

Жеңісбек МҰСТАФИН:
-Мен тарих белестеріндегі Атырау өңірінің гүлденуі, көркеюі жайында айтқанды жөн көріп отырмын. Орта ғасырларда біздің жеріміз Дешті Қыпшақ деп аталған. Тарихшы-маман ретінде XIII ғасырдың басындағы моңғолдар шапқыншылығы бұл өңірдің өркендеуіне себеп болды деп айта аламын. Соғысты жақтамасақ та, мұның нәтижесінде Дешті Қыпшақ даласында үлкен халықаралық деңгейдегі «Алтын Орда», «Ақ Орда» атты мемлекеттер пайда болды. Дешті Қыпшақтың әлемдегі беделі артты. Ислам идеологиясы орнығып, моңғол-маңғыт тайпаларының исламдануы күшейтілді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бекетті елді мекендер көркейіп, Сарайшық секілді қалалардың тамырына қан жүгірді. Мешіт-медреселер салынып, сәулеті келіскен сарайлар бой түзеп, қала мәдениеті салтанат құра бастады.
Бұл жөнінде біз қысқа ғана айтып жеткізе алмаймыз, өйткені, бұл тұста атқарылған іс ауқымды. Өлкенің орта ғасырлық шежіресін зерттеуге зор мән беріліп, осы бағытта тарихшылар зерттеу жұмыстарын кең көлемде, жан-жақты қамти отыра жүргізуі қажет деп білемін. Біздің өңіріміздің орта ғасырдағы тарихының ашылмаған сырлары әлі де бар. Сондықтан, өңірдің өткенін түбегейлі зерттеу керек деп санаймын.

Серік ҚУАНЫШ:
– Соңғы жиырма жыл ішінде тарихымызға үлкен мән берілді. Соның ішінде ғылыми-зерттеулер туралы айтар болсақ, Кеңес дәуірінде және одан бергі уақыттарда үлкен ғылыми орталықтар жұмыс істеді. Бертін келе ғылыми орталықтардың атауы да, қаржыландыру жайы да өзгерді. Бүгінгі талап вертикалды емес, керісінше, горизонталды, яғни, жоғары оқу орындарындағы ғылыми потенциалды арттыруға басымдық беріледі.
Қаржыландыру тек облыс көлемінде жүргізілетіндіктен, көбіне көршілес өңірлермен бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіншілік бола бермейді. Еліміздің тарихы тек біздің өңірімізге ғана тиесілі емес, өзге өңірлермен де бірлесіп атқаратын іс жетерлік.
Тарих – еліміздің ортақ құндылығы, өткені мен бүгіні. Яғни, облыстармен бірлескен жұмыстарды жандандыру елімізде зор маңызға ие шаралар атқарылуына себепші болады. Әсіресе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында зерттеуді қажет ететін әлі де тарихи деректер баршылық. Соңғы үш жылдың өзінде өңірімізде жүзден астам тарихи орындар ашылып отыр. Зерттелмегені қаншама?!

Шахман НАҒИМОВ:
– Кеңестік кезеңдегі Батыс Қазақстан мұғалімдеріне қарсы жүргізілген саяси қуғын-сүргіндер жайын зерттегеніме біраз болды. Саяси-қуғын сүргінге ұшыраған көптеген мұғалімдердің аты-жөндерін анықтадым. Ол жайында баспасөз беттерінде де жазылды. Менің ендігі мақсатым – осы қуғын-сүргін құрбандарының өмірін тереңірек анықтау, олар жайында кітап шығару. Бүгінде атыраулық 30 мұғалімнің ауыр тағдыры туралы «Ақ кітап» атты еңбек жазылу үстінде. Бұл кітаптың жарыққа шығуына бірнеше ғылым докторлары атсалысуда. Қолдау болса, бұл жинақты алдағы оқу жылында аяқтағымыз келеді.

Әния ЕРМАҒАМБЕТОВА:
– Өткен жылдан бастап университетіміздің жанынан археология ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, жемісті жұмыс атқаруда. Сөздің шыны керек, біздің облысымыз басқа өңірлерге қарағанда археологиялық зерттеуден артта қалып келеді. Бұл мәселе мені де толғандырмай қоймады. Әсіресе, өзгелердің біздің жәдігерлерімізді зерттеп, «жерден жеті қоян тапқандай» етіп көрсетуі жаныма батты. Мәселен, Жылыой ауданындағы «Қайнар» атты тарихи үлкен қорымды ақтөбелік ғалымдар зерттеп кетсе, Құрманғазы ауданындағы «Бесшоқы» астрахандық ғалымның еншісіне тиді. Ал біз болсақ, солардың айтқандарына қарап, аузымызды ашып отыра бердік.
Осының бәрі әсер етсе керек, ғылыми орталық ашуға бекіндім. Енді бір-екі жыл ішінде ғылыми тұжырым жасай аламыз деп айта алмаймыз. Дегенмен, бүгінде бастаған ісіміз бар. Өткен жылы тарих мамандығының бірінші, екінші курс студенттерімен бірге көп жылдардан бері зерттелмей келген ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығы орнына қазба жұмысын жүргізген болатынбыз. Студенттердің археологиялық тәжірибесі кезінде дәнді дақылдар салатын хум, құмыра, неолит кезеңінің жебесі, сондай-ақ қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Болашақта ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығын тәжірибе өткізу орталығына айналдыруды да мақсат етіп отырмыз.

Марат ҚАСЕНОВ:
– Өңірдегі отырықшылық мәдениетінің дамуы жайында айтқанда ең алдымен «Атырауда Сарайшықтан өзге қала бар ма?» деген сауал туындайды. Сарайшықтан басқа Атырау өңірінде 13 қаланың бар екендігі белгілі болды. Оның ішінде XV ғасырда салынған Қорғанша қаласы. Бұл ғасырда Қорғаншадан өзге Қазақстанда басқа бірде – бір қала салынбаған. Сондықтан, қаланы кім салды деген сауалға әлі жауап таба алмай келеміз.
Бұл да толық зерттеуді қажет етеді. Ғылыми орталық ашылып, өткен жылдан бері біршама өзгеріс болды. Бір айта кетерлігі, Қазақстанның өзге облыстарында ғылыми еңбекті қолдауға қомақты қаржы бөлінеді. Соның нәтижесінде олардың ғылыми жұмыстары, кітаптары баршылық. Ал, бізде бұл бағыттағы жұмыс әлі жеткіліксіз.

Бейбіт МАМРАЕВ:
– Қаржы мәселесін қозғамас бұрын, ең алдымен, қандай жоба бар, соны көрсетулеріңіз керек. Маңызды жоба, елеулі еңбек бар жерде оған қаржылай қолдау да болады.

Гүлфайруз ҚАЙЫРҒАЛИЕВА:
– Әдетте біздер тарихшы маман даярлағанда студентке өз Отанының тарихын басымырақ үйретеміз. Қазіргі кезде мектептегі тарихты оқыту әдістемесіне аса мән беру керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында осы мектептерге барып жұмыс істейтін тарихшы мұғалімдерді дайындау сапасын жақсарту қажет. Бұл бағытта университетімізде бірқатар жұмыстар жасалуда. Өткен оқу жылында бітіріп шыққан түлектерді өздері барып жұмыс жасайтын ортасына бейімдеу, бізде дайындалатын кадрлардың сапасын жақсарту мақсатында облыс орталығында орналасқан үш мектеппен өзара іскерлік қарым-қатынас туралы келісім-шарт жасасқан болатынбыз. Енді алдағы оқу жылында базалық мектептердегі тарихты оқыту әдістемесіндегі зертханалық сабақтарды барлық мектептерге жүргізуді жоспарлап отырмыз. Себебі, мектеп түлектерінің көпшілігі жаңа оқыту технологиясының не екенін де білмейді.
Сондай-ақ, біздің қазіргі таңдағы ең басты мақсатымыз – «Атырау облысының тарихы» атты екі томдық кітапты жарыққа шығару.

Жұмазия ЖҰМАБАЕВА:
– Тарихымызды зерделеу мәселесі айтылып жатқан уақытта біз Қазақстан тарихы революцияға дейін мүлде зерттелмегенін айтуымыз керек. Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында осыған, қазақ тарихы, орта ғасыр тарихы тек орыс бодандығына кіргеннен бастап қана зерттеліп, ал, оған дейінгі тарихы мүлде зерттелмегеніне көз жеткіздім. Сондықтан да, қазіргі Қазақстан тарихының ежелгі және орта ғасыр кезеңі маңызды проблема болуда. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жыл да мұны зерттеуге жеткіліксіз болды. Сол себептен де, бұл күрделі мәселені енді ғана қозғап жатырмыз.
Әрине, бұл үлкен дайындықты талап етеді. Мәселен, аңыз-әңгімелерді сол күйінде көрсете алмаймыз, оны соңғы кезеңдердегі тарих ғылымында бар ғылыми әдістерді қолдану арқылы, әртүрлі лингвистикалық бағыт, тотальдық тарих, микро тарих, археологиялық деректермен және басқа облыс көлемінде шығарылған еңбектермен, шетелдік ғалымдар айтқан пікірлермен салыстыра отырып жазуымыз қажет.

Бейбіт МАМРАЕВ:
– Бүгін біздің ұжым мемлекетіміз, оның әрбір азаматы үшін маңызды мәселені талқыға салды. Өзіндік пікірлерін, ойларын қосты. Бастағалы отырған істерімен таныстырды. Тарих саласына қозғау болып, бұл істердің бастау алғанына қуаныштымын. Нақты бір істі қолға алмай, құр айтып қойсақ, онда біз тарихымыздың ақиқатына жете алмас едік. Сондықтан да, сіздердің бастаған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Мұнымен санаулы адамдар ғана шұғылданып қоймай, өзге де қоғам мүшелері қолдау көрсетсе, біз діттеген мақсат-мұратымызға жететін боламыз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Өз елінің өткенін білмейтін халық болашаққа бағдар жасай алмайды. Білімнің қарашаңырағында өткен «дөңгелек үстелге» қатысқан атыраулық ғалымдар ұлт тарихының толтырылмай қалған парақтары мен өткен күннің еншісінде орын алған олқылықтар туралы өз ұсыныстарын ортаға салып, алдағы атқарылар ауқымды міндеттерді саралады. Ал, нақты нәтиже – уақыт еншісінде.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз