ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТЕГЕУРІНДІ ҚАЛҚАНЫ

Мемлекеттің тұтастығы жөнінде сөз еткенде тұрақтылығымыздың кепілі, Тәуелсіздігіміздің қалқанына айналған қауіпсіздік қызметкерлерінің еңбегі туралы айтпай кетуге болмас. Қашанда мемлекеттің қауіпсіздігін қай мүддеден де жоғары қойып, бар ғұмырын осы салаға арнаған, өмірде көргені мен түйгені мол ардагерлер де аз емес. Ұлттық қауіпсіздік органы қызметкерлері күні қарсаңында сала ардагері Мүтәлі Тәйтенов туралы әңгімелеуді жөн санадық.

Астрахан қаласында туып- өскен ол сұм соғыстың салдарынан әкесінен үш жасында айырылып, анасы мен бауырларының қамқорлығында өседі. Сол кезеңдегі қиындық Мүтәлі Ыбырайұлының отбасына өте ауыр соққы болады. Жесір анаға бес баланы бірдей өсіру оңай болмады. Ол тоғыз жасында әріп танып, бірінші сыныпқа кеш баруының себебі де осы болса керек. Мектепті жиырма жасында  тәмамдаған соң әскер қатарына алынып, үш жыл азаматтық борышын абыроймен атқарады.  Әскерден кейін жас жігіт арман қуып Атырау өлкесіне бет бұрады. Атырау педагогикалық институтына оқуға қабылданды.

Студенттік жылдардан соң облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарады. Бұл кезеңдерде де алғырлығымен ерекше көзге түскен ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасына қызметке шақырылады. Мұнда 1967 жылдың бірінші қарашасынан бастап қызметке алынып, қиындығы көп жұмысқа тез төселеді.      Мұнда атқарған іскерлігін, жұмыс бабында көрген-білген құпия мәліметтерді сақтай білетіндігін, нендей міндет жүктелсе де қабілет-қарымымен жоғары деңгейде орындайтындығын бағалаған басқарма басшылығы оны сыртқы барлау қызметі бөлімінің басшысы лауазымына дейін көтереді. Қызығы мен қиындығы мол осы салада он алты жылдай басшылық қызмет етеді. Қауіпсіздік қызметінің темірдей тәртібін арқалай жүріп, өзіне жүктелген міндетті  абыроймен атқара білді.

«Мемлекеттің қауіпсіздігін бірінші орынға қойған соң бұл іске аса жауапкершілік қажет. Құпиялықты сақтай білу өз алдына, орын алған фактінің анық-қанығына жетуде өте сақтық пен мұқияттылық қажет» деген Мүтәлі Ыбырайұлы өткенге шегініс жасап, қауіпсіздік саласының қыр-сыры жөнінде былай дейді:

«Қауіпсіздік қызметін атқару – өте күрделі іс. Уақытпен санаспай еңбек етіп,  қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етуде, азаматтардың ар-ожданын, денсаулығы мен өмірлерін сақтап қалу жолында табанды күресе білу қажет. Көпшілікпен тіл табысып, оқиғаны зерттеп, ақпарат алуда адамдардың ішкі жан-дүниесіне үңіле білу қажет. Мен өзім педагог болғаннан кейін бұл жағы аса қиынға соқпады. Ал, қауіпсіздік қызметінің құпияға толы сырларын қызмет бабында жүріп, арнайы курстарда меңгердім» дейді сала ардагері бізбен әңгімесінде. Айта кетерлігі, Мүтәлі аға өзіне бекітілген идеологиялық барлау қызметін мүлтіксіз атқара жүріп, өзінен кейінгі жас мамандарға үлгі бола білді. «Мәкеңнің өз ісіне шебер, өте ұқыпты қызметкер болғанына ешкім таласа алмайды, ол өзін баяғыда-ақ мойындатқан», – деген пікірді кешегі, бүгінгі қауіпсіздік қызметкерлері арасында жиі естиміз. Бұл үлкен мәртебе емес пе? Атқарған ісіңнен кейінгілер үлгі алып, көпшілік қолдап жатса, бұдан асқан баға бар ма?

Мүтәлі Ыбырайұлы –бүгінгі күні «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Құрметті ардагері», Атырау облысының тұрғындарына танымал азамат.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ол зейнет жасында болса да ел Тәуелсіздігі үшін күрескен Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен  өзі қатарлас әріптестері туралы сыр шертіп, республика, облыс газеттері бетіне мақалалар мен естеліктер жариялап келеді. Бірге жүріп, қызмет атқарған әріптестері туралы «Арлы да абыройлы дос» кітабы жарық көрді. Сондай-ақ, шабыт келсе, өлең жолдарын қағазға түсіріп отыратын кездері де аз емес екен.

Ол – бірнеше төсбелгілер мен граматолардың иегері. Мұның бәрі оның адалдықты ақ ту етіп ұстай білген еңбегінің жемісі десек артық емес. Ұлттық қауіпсіздік органынан зейнет жасына шыққан соң ол қарап отырмады. Атырау облысы бойынша Экология департаментінде кадр бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

Қай салада болмасын қызметтің бар ауыртпалығын көтере білген Мүтәлі аға бүгінгі күні бетінің әрі мен көзінің нұры таймаған, жүзін шаттық кернеген ардақты әке, немерелерінің сүйікті атасы, көпшілікке айтары мол ақсақал атанып отыр. Біраз жыл ұстаздық еткен жұбайы Жұмағыз екеуі үш ұл өсіріп, оларды оқытып, тоқытты. Әрқайсысын қанаттандырып, бөлек шаңырақ етті. Ұлдары мұнай саласына бойлаған, өз ісінің шебері атанған бүгінгінің нағыз азаматтары.      

Бүгінде олар – тоғыз немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Мүтәлі ағамыз жуырда мерейлі 75 жастың шыңына шықпақшы. Келер жылы жұбайы екеуінің отау құрғандарына 50 жыл толмақшы екен.

Қауіпсіздік саласының сардары атанып, алдыңғы буын ағаларға құрмет көрсетіп, кейінгі толқын інілерге үлгі бола білген мерейтой иесіне ұлттық қауіпсіздік департаментіндегі ұжымдастары да ұзақ ғұмыр тілейді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз