ТАУБҰЙРАТТАН ТҮЛЕГЕН ТҰЙҒЫН

Анау алыстағы Азғырда өткен ғасырдың 50-інші жылдарына дейін бірнеше ұжымшар тұрғындарының басын қосатын Таубұйрат деп аталатын ауылдық кеңес болды. Соның Қарақұс деген жерінде Мекес 1940 жылдың 15 мамырында қарапайым колхозшылар Төлеген мен Мәдинаның отбасында дүниеге келді. Қолда бар малды ортаға алып, таңдайға басар құмыршық көже мен қара суын қазанында қайнатқан үйелменнің шілдехана тойы екі-үш үй адамдарынан аспай, мәз болды. Артынша соғыс басталып, тұсауы енді ғана кесілген нәрестенің әкесі майданға алынды. Көп кешікпей ұжымшардың отымен кіріп, күлімен шыққан Мәдина апаның қолына «Қатардағы қызыл әскер Төлеген Төрешев Сталинград қаласын неміс фашистерінен қорғауда ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз тиді. Сөйтіп, жесір әйел мен жетім бала бір-біріне сүйеніп, күндер кешті. Асандағы бастауыш мектепті тәмамдаған Мекес орта мектепті кеңшар орталығы - Сүйіндіктен аяқтады. Қай-қайсысында да жататын өз үйі жоқ болатын. Реті келсе мектеп жатақханасында, болмаса Нәпиқа сынды нағашыларын сағалап, оқуын бітірді-ау.

 

Мекестің өнерге деген құштарлығы ерте оянды. Әуелі домбыра үйренемін деп әлектенді. Одан соң сол домбыраға қосылып ән саламын деп машықтанды. Ақыры ол 6-7 сыныптарда жүргенде кәдімгідей әнші бала атанды. Негізінен өз өңірінің Мұхит мақамындағы Бисен Жанекешев, Ерғали Аязбаев, Аманғали Кенжеахметовтердің әндерін шебер орындайтын. Кейін ел ішіне патефон тарай бастаған шақта Ғарифолла Құрманғалиевтың орындауындағы әндерге көбірек көңіл бөлді.

Бірақ, алыс ауылдағы жалғыз кемпірдің баласы қай ақшасын қырыштап, қыр асып, оқуға аттана қойсын. Әуелі тракторшылық курсты тәмамдап, шаруашылықтың безілдеген «Беларусь» тракторына мінгені сол еді, дала жұмыстарынан түнделетіп оралғанда көрші үйдің ауласындағы қазандықты опырып, ұятқа қалды да «Бұл кәсіп маған жолдас болмайды екен. Онан да өзімнің қара домбырамды айналдырып, халқымның алдында ән салып жүрейін» деген оймен бәрін жылы жауып қойды да, Алматысына тартып отырды. Ондағы ойы – консерваторияға түсіп, шеберлігін шыңдау, арнаулы білім алу. Бірақ, «үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» демекші, сол кезде аталған өнер ордасында халықтық дәстүрлі әндер класы деген арнаулы мамандық оқуы жоқ екен. Оның үстіне, ауылдан алып келген құжаттарының біразы дұрыс болмай, консерватория маңына жақындай алмады. Салы суға кеткен ауыл баласы консерватория болмаса, қалғанында шатағым шамалы деп Алматысында қала бар-ды. Арнаулы мамандығы жоқ адамға ыңғайлы жұмыс та табыла қоя ма, сонда да болса туған төсектен жырақ, бейтаныс жерде жүрген жан қалай өмір сүрмек, күндікке нан-шайлығына жарайтын бір жұмыстың басын айналдырды. Бірақ, қарап жүрген жоқ, өзінің өмір бойы пір тұтып, ән үйренген ұстазы Ғарифолла ағасына сәлем беріп, өз мүмкіндігін байқап көрді. Әрине, даусын естіп, күйтабақтан үйрену бір басқа да, қарсы алдында отырып, қолын бағып, әнін тыңдап, бет-жүзіндегі әр қимылын бажайлап үйренудің орны бөлек. Мекес осы мақсатпен реті келсе, әнші ағасының үйіне жиі-жиі бас сұғып, шеберлік шыңдаса, былайғы кезде түрлі концерт залдарында болып жататын ойын-сауықтан қалмай, өнер шеберлерінің дауыс қою, орындау шеберліктері, сахна мәдениетін үйренді. Мұның соңы Мекес ағаға пайдаға шықты.

Ғарекең бастаған салиқалы топ оны ортаға алып, әлім-берім дүрмектің арасына қосты, талғампаз тыңдарман алдына шығарды. Білмегенін үйретті, білгенін жетілдірді. Бұның өзі байтақтың барымен базар болған бозбаласының бара-бара ысылып, кәдімгідей әнші жігіт атануына мүмкіндік туғызды. Ақыры осы талпыныс оны 1960 жылы Алматыда енді ғана ашылған өнер шеберлерінің «Қазақконцерт» бірлестігінің жеке әнші-орындаушысы атануына себеп болды. Мұнымен бірге аталған бірлестікке сол кезде аты алты алашқа белгілі өнер шеберлері Қали Жантілеуов, Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Әзидолла Есқалиев, Манап Балқашев, Нұрсұлу Тапаловалар да қабылданды. Басқа жерлерде негізгі жұмысы бар Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Абдуллиндер де мезгіл-мезгіл осы бірлестіктің шақыруымен Қазақстанның, болмаса , басқа да республикалардың ауыл-село, қалаларын аралап, концерт қоятын.

Оның репертуарында негізінен қазақтың халық композиторларының, соның ішінде Батыс Қазақстанның Мұхит Мерәліұлы саз мектебінің шығандап, шырқау биікке көтеріліп, қайта құлайтын, жүрекжарды сағынышқа толы асау әндері орындалатын. Ол үшін әншіге аса бір жоғарылықтағы күші, орындау шеберлігі, мақам және домбырамен сүйемелдеу мүмкіндігі керек. Сайып келгенде, Қазақстанның қай өңірінің әнін орындау үшін де әншіге әуелі сол араның қанға сіңген мақамын жақсы білуі қажет. Әйтпесе, «жүре-бара үйреніп, бәрін де қағып аламын» деген менмендік, тоқмейілсу алысқа апармайды. Қалай талаптансаң да, Мұхиттың мінберін иеленіп, Ғарифолланың тағын алу қиын. Мәселен, осы күні кейбір әншілер Мекестің Ғарекең мәнеріндегі «Он алты қыз», «Зәуреш», «Нарын», «Желкілдек» әндерін қанша ұқсатып бақса да бәрібір оның өрнегіне жете алмайды.

Бір қарағанда, Мекес қандай әнді де ұлы ұстазының әуенінен ауытқымай орындайды. Бірақ, онда бәрібір Ғарекең емес, М.Төрешевтің қолтаңбасы бар. Мүмкін, ол кей жердегі дауыс ырғағы, созуы, әуені, ең кішісі езу, ерін қимылы, бас қозғалысы, көзі, яғни бет мимикасы, бәр-бәрінде өзгешелік бар. Оны басқа ешкім қайталай алмайды. Өйткені, ол – тек Мекеске ғана тән болмыс, соның шеберлігі. Керек десеңіз, Мекестің домбыра қағыстарының өзі өзіндік шеберлікпен орындалады. Бірде шанақты ашық тастап, үнін зорайтса, енді бірде қақпақты шынтақпен құмықтырып, соған өз дауысын сәйкестендіре көтеруі әншілік шеберлік шегі болып табылар еді.

Мекес Төрешев өмірде өте қарапайым, өзгелер «өгіз бұзаулап жатыр» десе де нана қоятын аңқау, қолындағы елу жылдан бері ұстап келе жатқан (ол бір кездегі дарынды домбырашы Оқап Қабиғожинның аспабы болатын) қара домбырасынан басқаға алаңы жоқ, Алаштан ән оздырған асқақ орындаушы еді. Ол аталған «Қазақконцерт» бірлестігінде жеті жыл еңбек еткен соң, Атырау облыстық мәдениет басқармасының шақыруымен сол кезде енді ғана ашылып жатқан Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияға жеке орындаушы-әнші болып келді. Осы жерде 40 жылдың үстінде еңбек етіп, республиканың барлық облыстары мен Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Түркімен, Тәжік, Өзбекстан, Ресей Республикаларында, Моңғолияда өнер көрсетті. Облыстық филармонияның түрлі ансамбльдері мен концерт бригадалары құрамында дәстүрлі ән мектептері жайлы дәрістік лекция, концерттер өткізді. Өмірінің соңғы жылдарында ол он жылға жуық облыс орталығындағы Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде халық әні класы бойынша сабақ беріп, өнерлі шәкірттер тәрбиеледі. Халықтық өнерді насихаттау мен оны кейінгі жасқа үйретудегі еңбегі үшін оған республикамыздың ең жоғары марапаттарының бірі – «Құрмет» ордені және «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.

Мекес Төрешев батыс өңірі дәстүрлі ән-терме мектебінің негізін қалаушылары Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиев мұраларын бірден-бір насихаттаушысы және сол мектептің ірі өкілі болды. Бар өмірін әнге арнады. Ғарекең тірілткен жүздеген шығармаларды қайтадан сахнаның сәні, келер ұрпақтың өлмес әніне айналдырды. Олардың ішінде Мұхиттың «Айнамкөз», «Кіші айдай», «Қарақаншық», «Паң көйлек», халық әні «Соқыр қыз», Б.Жәнекешевтің «Нарын», Ғ.Құрманғалиевтың «Ақын шабыты», «Желкілдек» әндері мен Құмардың термесі, Өмір Көшекбайұлының термесі, Кердері Әубәкірдің «Он бір тілегінің» орны бөлек. Бұл шығармаларды Мекең әрдайым аса бір шабытпен қуатты орындайтын. Сірә да, аталған дүниелерді Мекестей он құбылтып, жүз түрлентіп ешкім де орындай алмаған шығар. Керек десеңіз, келешекте де шырқай алмас. Ол – өз даусы, өз өрнегі бар әнші.

Тірі болса, Төрешев биыл 75-ке толар еді. Мейлі, күндер өтер, айлар жылжыр. Әйтсе де, оны туған жұрты атын ардақтап, есімін естен шығармайды. Бұған дейін ол негізін қалап, еңбек еткен ұжымы – Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония оның атында әнші-термешілердің «Көрінген сонадайдан Нарын еді…» тақырыбындағы аймақтық байқау өткізіп келе жатса, енді биыл бірінші рет республикалық сайыс өткізгелі отыр. Оның өзі Таубұйраттың таудай ұлына деген үлкен құрмет емес пе? «Таулар алыстаған сайын асқақтай түседі» деген осы.

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз