ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕЙТІН ЖЫЛ

Басталып отырған Қой жылының өзіне тән ерекшелігі   көп. Біз бұрын қайталап айтып жүргеніміздей, бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, бұл – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланатын дүбірлі жыл, бұл – еліміз Конституциясына 20 жыл толатын мерейлі жыл. Мұның бәрін де ауызбіршілікпен, әрі салтанатпен атап өтуге дайындық қазірден-ақ басталып кетті. Сонымен қатар, тағы бір айрықша мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтпек.  Бәзбіреулер Қазақ елінің мемлекеттілігі тым әріде жатқандығына күмән келтіріп, ауыздарына келгенін бөсіп жүргенде, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл түрде осы ғасырлар қойнауындағы көне тарихты кең көлемде қайта жаңғыртуға шешім қабылдағаны ұлттық рухымызды ерекше көтеретін тағылымды бастама болды. 

Бұрынғы «Қазақстан тарихы» оқулығының өзі қандай жұқа болса, ішкі мазмұны да кеңестік саясаттың сүзгісінен өткендіктен тым тайыз болғанын баршамыз да білеміз. Алайда, атамекенінде азаттық туын көтеріп, дербес іргелі хандық құрған қазақ халқының талайлы тағдыры маңдайына жазған тар жол, тайғақ кешулері хақында от жүректі, патриот тарихшылардың там-тұмдап жазып қалатын, көнекөздердің там-тұмдап айтып қалатын шежірелерінен сана саңылауына ғасырлар қойнауының әлдебір күмбірлері жетіп жататын. Содан-ақ біз тарихымыздың тым әріде жатқандығын жүрегімізбен сезінетінбіз.

Кезінде бүгінде өмірден озып кеткен тарихшы Талас Омарбеков жазған мынадай жолдарды қойын дәптеріме түртіп қойған екенмін. «Біздің тарих – күрмеуге келмейтін қысқа тарих емес, түп тамыры мыңдаған жылдарға кететін күрделі тарих. Көп томдық қазақ мемлекеттілігінің тарихын жазатын кез болды. Оның түп қазығы Қазақ хандығы болуы тиіс. Ал, бастауы сонау ғұн, қаңлы, үйсін және басқа тайпалар болғаны жөн. Мәселен, 100 кітаптан тұратын қазақ мемлекеттілігінің тарихын неге жазбасқа? Бізде осыншама томға жүк болатын тарих бар» деген екен Талас тарихшы.

Ал, саяси ғылымдар докторы, профессор Сейілбек Мұсатаев та:

 – Қазақстан тарихының жаңа көп томдығын жазатын кез келді. Мәселе ол қалай жазылады, сонда. Ешкімге жалтақтамай, ашық, әділетті түрде тасқа басылуы тиіс. Біз ешкімге көз алартып, жер даулап отырған жоқпыз. Мұндағы айтпағым – қазақтың жері бүгінгі шекарамен шегенделіп қалмаған. Қазіргіден әлдеқайда кең болды. Бұл – шындық, бұл – тарих. Ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті, шекара сызығы бекітілген тұста, талай қазақ жері сыртта қалғанын, ол жерде өмір сүріп жатқандар ешқандай да оралмандар емес, өз ата-бабаларының мекенінде тірлік жасап жатқандарын да баса көрсеткен жөн. Бұл жас ұрпаққа керек. Олар сырттағы қазақты «оралман» деп түсінбеуі үшін! – деп бұл мәселеге байланысты ой-ұстанымын қабырғасынан қойды.

Шынында да, дәл солай. Алысқа бармай-ақ, біздің облысымыздың іргесіндегі шекаралас елді мекендердің көпшілігі – біздің ата-бабаларымыздың жайлаған атақонысы. Газеті-мізде «Қазақ хандығы – 550» айдарымен жарық көрген алғашқы құнды материал – жазушы, өлкетанушы-ғалым Өмір-зақ Қажымғалиевтың «Нарын-ға Бөкей бастап өтіп еді» атты зерттеу мақаласында (№141, 9.XII, 2014 ж.) бұл туралы жан-жақты баяндалады. Тіпті, сол Бөкей ханның зиратының өзі Ресеймен екі арадағы шекарадан өткенде сонадайдан көрініп тұр, яғни қазақтың зиялы бір ханы қазір өзге елдің аумағында мәңгіге тыныстап жатыр. Егер сол аймақ бұрын қазақтыкі болмаса, Бөкей ханды ел-жұрты әдейі орыстың топырағына апарып жерлемеген шығар. Немесе бұрын Қазақстанның астанасы болған Орынбор ше?..

Бір замандарда Алтын Орданың астанасы болған, Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі шаhарлардың бірі – Сарайшықта қазба жұмыстарын жүргізген археолог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев қазақтың тарихын қытайлар тарихының басталу кезеңімен тұстас қарастыру керектігін айтады. «Біз өз тарихымызды қола, ерте темір, орта ғасырлар дәуірі сынды кезеңдерге бөліп жазатын болсақ, қытайлар өз тарихын әртүрлі династияларға бөліп жазады. Көнелері Шань, Инь, т.б. болып басталады да, Цинь, Хань, Тан, Юань деп тізбектеліп кете береді. Египетте де тарихты жіктеу осы принциппен жасалған» дейді ол.

Сөз жоқ, ғалымның осынау пікірінде бұлтартпастай қисын бар. Яғни, тарихты өзімізге тән жаңаша зерделеудің тұжырымдамасын нақты анықтап алуымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, бізде ежелден қалыптасқан қазақ шежіресі бар, тек оны жинақтай, жүйелей білу керек. Әр өңірдің сондай шежіресінен, ханы бар, батыры бар, халқының тіршілік ету ерекшелігі бар тарихынан бөлек-бөлек нақты зерттеулер жасалса, соның бәрі тұтас Қазақ елінің тарихын құрар еді. Сондай жағдайда ғана биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтсек, 2017 жылы Түрік қағандығының 1465 жылдығын, 2024 жылы Алтын Орда мемлекетінің 800 жылдығы сынды айтулы даталарды да назардан қағыс қалдырмас едік. Мұның өзі – біздің тарихымыздың өте әріде жатқандығының бұлтартпас дәлелі.

Түйіндеп айтқанда, Қазақ елінің мемлекеттілігін айқындап, саналарда жаңғыртатын мағыналы да, тағылымды үлкен шаруадан біздің атыраулық өлкетанушы, тарихшыларымыз да сырт қалмауы тиіс. Олардың ойлы да, жүйелі зерттеулеріне газетімізден әрқашан да орын әзір. Өйткені, өткенін білмеген, оны әділетті де, салиқалы саралай алмаған ұрпақ болашаққа да айқын бағдар ұстай алмайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  тарихқа жаңаша көзқараспен келу қажеттігін айтып, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге шешім қабылдауының негізгі мәні де осында.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз