ТАРИХҚА ҚОСЫЛҒАН СҮБЕЛІ ҮЛЕС

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласындағы «Мерекенің баспалар үйінен» «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты 688 беттік сүбелі еңбек 1330 данамен жарық көрді. Кітаптың авторлары - тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар.

Монография, аты айтып тұрғандай, XVII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың І ширегі аралығындағы Қазақ хандығының тарихын саралауға арналған. Атап өтуіміз шарт, қазақ тарихының бұл кезеңі Ресей империясы мен Кеңес өкіметі кезінде заманына сай бағаланып келді. Оның үстіне, бұған дейінгі зерттеулерде дәл осы кезеңді, әсіресе, 1731 жылдан кейін Қазақ хандығы мемлекеттік тұтастығынан ажырап, бөлшектенген халге түскендігі, қазақтың үш жүзі әр бөлек әрекет еткендігі көп айтылады. Кіші жүз ханы Әбілқайыр өз билігі, мансабы үшін тұтас қазақтың арасына сына қаққандай суреттеледі. Ал, бұл монографияда кәсіби тарихшылар мәселеге кеңірек және тереңірек қарауды ұсынады. Бұрын жарияланған мұрағаттық құжаттар мен зерттеулерді жаңаша зерделей келе, соңғы жылдары қолға тиген Ресей, Қытай, Иран мұрағаттарының жаңа материалдары негізінде өз тұжырымын ұсынады.

Әрине, жаңа еңбекке кәсіби тарихшылар, мамандар нақты бағасын бере жатар. Біз өз тарапымыздан осы еңбекті елден бұрын көріп, оқып шыққан оқырман ретінде өз ойымызды оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.

Біздіңше, «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» монографиясының ең басты жаңалығы – Қазақ хандығының басқару жүйесі және оның даму ерекшеліктері туралы тұжырымы дер едік.

«Сайып келгенде, басқарудың жеті сатысы – ауыл, ата аймақ, ру, арыс, ұлыс, жүз, хандық қазақ өміріне берік орнықты. Бір кезеңде ең жақын, қандас туыстардан тұратын ауылдың жеті атаға дейінгі бауырлары құрайтын бірнеше ауылдарымен қосылып ата аймақ, содан он үш, он бес ата аймақ бірігіп, біртұтас руды, олар көбейіп, арысты құрады. Оларды ауыл басы, ақсақал, ұлыс басы басқарды. Кейін үлкен рулар ұлысқа, бірнеше ұлыс жүзге бірікті. Арысқа сұлтандар, жүзге хандар жауап берді. Соңында барлығы біртұтас мемлекетте – хандықта жинақталып, олардың өкілдері қатысқан арнайы шақырылған Құрылтайда Ұлы қағанды немесе Ұлы ханды сайлады», – дейді авторлар.

Міне, осы жерде – Қазақ хандығы тарихында болған Бас немесе Аға хандар туралы айтылғанда көптеген зерттеушілер ортақ мәмілеге келе алмайды. Біз сөз етіп отырған еңбектің авторлары XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының Бас хандары – Тәуке, Болат, Қайып, Әбілқайыр, Әбілмәмбет және Абылай болғандығын нақты айтады. Бұл тұжырымдарын нақты дәлелдермен негіздеп көрсетеді.

Мысалы, 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай хан Омбы әкімшілігіне жолдаған хатында қазақты басқарған Бас хандар туралы толық жазып, «менің ата-бабаларым – Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» деп хабарлаған. Бұл құнды құжатта қазақтың Бас хандары тұңғыш рет хронологиялық ретімен тізбектеліп берілген. Оның үстіне, мұның Абылай хан атынан жазылуы дерекке ерекше салмақ береді. Сондықтан, бұл еңбектің ең басты ерекшелігі – көптеген зерттеулерде, тарихи және әдеби шығармаларда «қазақты орыс билігіне жығып берген мансапқор» ретінде біржақты сипатталатын Әбілқайыр хан Қажысұлтанұлының тарихи бағасы тұңғыш рет әділ көрсетіліп, оның біртұтас Қазақ хандығына 30 жыл (1718-1748 жж.) Бас хан болып, ат үстінде өткендігін айтуы дер едік.

Монографияда кіші хандар, билер институты, батырлар институты, ел басқарудағы дін өкілдерінің рөлі – бәрі де жан-жақты, нақты дәлелдермен көрсетілген. «Қазақ рулары – мемлекетіміздің негізгі тірегі болды» дейді тарихшылар. Рулар әрдайым саяси-экономикалық егемендікті сақтап, рулар федерациясын, одан әрі тайпалық конфедерациялар одағын құрады. Конфедерациялар одағы – Ұлы, Орта, Кіші жүздерден құралған Халық кеңесіне, Құрылтайға тоғысты. Халық кеңесінде ұлт мәселесі, сыртқы саясат, тұтас елдікті сақтау мәселелері талқыланды. Осының барлығы қорыта келгенде Қазақ хандығында орыс отаршылдығы әбден күшейген ХІХ ғасырға дейін ішкі алауыздықтан гөрі тұтастық, сыртқы жауларға қарсы күресте үйлесімді бірлік басым болғанын дәлелдеп тұр.

Мәселен: «1762 жылғы Қытай патшасына жолдаған хатында Кіші жүз ханы Нұралы: «Қазақтарда үш жүз және оларды басқаратын үш хан бар. Біз Әбілпейіз сұлтан арқылы оның және Әбілмәмбет, Абылай хандардың Сіздермен өзара сенімге құрылған қарым-қатынасын естідік. Біз, Нұралы хан, Ерәлі, Досалы, Қарағай (Әбілқайыр ханның баласы. Зерттеушілер оны Қаратай деп атап жүр – Е.С.,Ә.М.) сұлтандар Кіші жүзді басқарамыз. Біз үш жүзге бөлінсек те, жауға қарсы соғыста болсын, бейбіт өмірде болсын әрқашан да біргеміз. Сондықтан, біз де, өзге жүздердей Сіздермен қарым-қатынасымызды бекіткіміз келеді», – деп елшілерін жіберген. Мұндай елшілікті Кіші жүздегі Батыр, Қайып хандар да ұйымдастырып, қазақ билеушілері арасында «Шыңғыс заманынан бері ешқандай ішкі талас-тартыс жоқтығын» алға тартып, өзара байланыс жасауды ұсынады. Кіші жүз билеушілері хаттарынан байқағанымыздай, олардың қай-қайсысы да Әбілпейіз сұлтан арқылы Әбілмәмбет пен Абылай хандардың сыртқы саясатын қолдайтынын және үнемі олармен хабардар болып отырғанын аңғартады» деген ой білдірген авторлар.

Аталмыш еңбекте Қазақ хандығының сыртқы дипломатиялық қарым-қатынастары туралы жан-жақты айтылады. Мысалы, кітапта «Қазақ-орыс байланыстарының тереңдеуі және Орынбордағы кездесулер», «Қазақ-түркімен байланыстары», «Қазақ-иран қарым-қатынасы (1740-1747 жж.)» және «Әбілқайыр ханның ел тұтастығы үшін күресі» атты арнаулы бөлімдер бар. Қазақ мемлекеттілігі тарихында оның Иран, Ауғанстан, жоңғарлармен қарым-қатынасы – тарихы  көп зерттелмеген тақырып. Бұл деректердің маңыздылығын осы кітапқа пікір жазған белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлы атап көрсетіпті. Сондай-ақ, Қазақ хандығының соңғы дәуірі – Орта жүз ханы Әбілмәмбет Болатұлының Бас хан мәртебесіндегі жиырма жылдық қызметі (1748-1768/1769 жж.), үш жүздің басын қосқан соңғы билеуші Абылай хан Уәлиұлының қоғамдық-саяси қызметі (1769-1780 жж.) жан-жақты ашып көрсетілген.

Монографияның соңғы тараулары Ресей отаршылдығына қарсы болған ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына арналған. «Қазақ хандығының Бас ханы Абылайдың дүниеден озуымен біртұтас мемлекетіміздің іргесі сөгілді, ішкі дағдарыс дендеді, дәстүрлі басқару жүйесіне отарлаушы елдердің ықпалы күшейді… Абылай ханның қаза болуымен Қазақ хандығында қалыптасқан Бас хандар институты да өмір сүруін тоқтатты» дейді авторлар.

XVIII ғасырдың соңғы ширегі мен XІX ғасырдың басында орыстың отарлау саясаты батыл жүргізіле бастады. Нұралы ханның күштеп Уфаға жер аударылуы, Кіші жүз хандары – Ерәлі, Есім, Айшуақ, Жантөре, Шерғазы, Бөкейдің орыс келісімімен таққа отыруы Қазақ еліндегі дәстүрлі хандық басқару жүйесіне дағдарыс енгенін толық айқындады. Ресейдің Орта жүз ханы Уәлидің билігіне де қол сұғылып, оған қарсы екінші – Бөкей ханды бекітіп, оны ашық қолдауының соңы қазақты басқару жүйесінің орыстық жүйемен өзгертілуіне ұласты. Бірақ, осы кезде Қазақ елінде отарлауға қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар басталды. Оның басында дау жоқ, ел тізгінін ұстаған тұлғалар тұрды. Сырым батыр, Қаратай хан, Арынғазы хан, Қайыпқали сұлтан мен Жоламан батыр елінің қолдауымен орыс отарлауына қарсы қазақ халқы бітіспес күресті бірінен соң бірі жалғастырды. Азаттық қозғалыстың нәтижесінде Сырым батыр қазақ үшін ежелден атақоныс болған Еділ мен Жайық өзендері аралығын жұртына қайтарса, Қаратай хан, Арынғазы хан дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесінің ел үшін маңыздылығын, Қайыпқали сұлтан «қазақты екіге бөліп, күшін кемітуді» жоспарлаған орыс саясатының жүзеге аспайтынын, Жоламан батыр Елек бойындағы жайылымдардан бас тартпайтынын дәлелдеді.

Сайып келгенде, орыс патшасының отарлау саясаты қазақ даласында ірі кедергілерге тап болды. Қазақ елі үшін елдің елдігін қалпына келтіру, ұлт болып қалу жолында бірнеше жүздеген жылдарға созылған қанды шайқастар, кескілескен күрестер алда бой бермес биік асулар тұрды…

Иә, «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» монографиясын бастан-аяқ оқып шыққан уақытта Қазақ хандығының басынан өткен ең бір алмағайып кезеңнің үш ғасыр суреті оқырманның көз алдына тізбектеле келеді. Тек осы кезең емес, ата тарихтың арғы-бергі дәуірі тұтас, толайым қамтылған бірегей еңбек – мемлекетіміз кеше ғана атап өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына қосылған сүбелі үлес дер едік.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «DANAkaz» тарихи-танымдық журналының редакторы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз