ТАРИХ ЖЫЛЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДАРЫ

Руханият

 

Осынау салиқалы мәжілісте болған әңгімеден Президентіміздің «Тарих – кім-кімнен де жоғары ұғым» деген пайымының тағы бір дәлелденгенінің куәсі болдық. Егемендік алғаннан бері Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық тарих мәселесіне, оны үздіксіз зерттеу мен халық игілігіне айналдыру ісіне ұдайы мән беріп келеді.
Мәселен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» жарияланғаны белгілі. Оған да, міне, биыл 15 жыл толып отыр. «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылын» жариялау туралы Елбасының Жарлығына сәйкес республика Үкіметі 1997 жылғы 30 желтоқсанда тиісті қаулы қабылдап, жылды өткізу жөніндегі 83 адамнан тұратын Мемлекеттік комиссияның құрамын, негізгі іс-шаралардың жоспарын бекіткен-ді. Мемлекеттік комиссияның төрағасы сол кездегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев болды. Үкімет қаулысы шыққаннан кейін бір аптаның ішінде Мемлекеттік комиссия өзінің алғашқы отырысында жылды жүйелі, жан-жақты да терең мағыналы, нәтижелі өткізу мақсатында төрт секция құрды, олар – ақпараттық қамтамасыз ету секциясы, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету секциясы, білім һәм мәдениет мәселелері бойынша секция және құқықтық қамтамасыз ету секциясы.
Сол кезде біз Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде, Мемлекеттік бас¬палар бағдарламаларын қалыптастыру департаментінің директоры, жоғарыда аталған комиссияның хатшысы Әлібек Асқаровтың қарамағында (қазір Астанадағы Ұлттық кітапхананың бас директоры) қыз¬мет істеген едік. Аталмыш жылға бай¬ла¬ныс¬ты осынау үлкен шаруаның басы-қа¬сында болып, қал-қадірімізше атсалыс¬қан-дықтан, оның ел өмірінде ерекше орын алғандығына оқырмандардың назарын тағы бір аударып, халықтың тарихи санасын қалыптастырудағы маңызын, бүгінгі рухани жетістіктерімізге нық баспалдақ, берік тұғыр бола алғандығын ой елегінен өткізуді жөн көрдік.
Бұрындары ұлттық тарихымыздың тұңғиық қатпар-қабаттары үзіп-жұлып қана зерттеліп, оның өзінде шынайы тарихи даму процесі тек тап күресімен шектеліп, тым қарадүрсін қарастырылғаны, Қазақстанның Ресей құрамына кіруінің себеп-салдарлары әсіре дәріптеліп, керісінше, қазақ халқының тәуелділік езгісіне түскені мейлінше бүркемеленіп, оның содан бергі азаттық үшін жүргізген ғасырлар бойғы күресі «ақтаңдаққа» айналдырылғаны, халқымыздың өзіндік ғажап ерекшелігі бар бай мәдениетіне менсінбеушілік, жоғарыдан қараушылық көзқарастың үстем болғаны белгілі. Сондықтан, Тарих жылының Ғылым министрлігіне-Ғылым академиясына (ол кезде осындай біріккен ведомство болатын) артқан үміті зор еді. Бұл түсінікті де: 47 тар¬мақтан тұратын негізгі іс-шаралар жос¬парының көбінің орындалуы тек осынау ғылым штабының құзырындағы дүние бол¬ды және ол бұл күрделі де абыройлы міндетті негізінен ойдағыдай атқарып шықты.
Жалпы, сол жылы ірі-ірі 23 ғылыми форум, оның ішінде 15 халықаралық және республикалық конференция өткізілді. Олардың ішінде ерекше аталуға тиістісі – 4 шілде күні Ғылым академиясының тарихында тұңғыш рет Отан тарихының проб¬лемаларына арналған сессияның өтуі. Оның жұмысына АҚШ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Жапония ғалымдары кеңінен қатысты. Сессия аясында «Әлемдік өркениет тарихындағы Қазақстанның рөлі мен орны» атты «дөңгелек» үстел өтті. Уәлиханов, Марғұлан, Бекмаханов оқулары һәм Дулати шығармашылығы бойынша конференция тартымдылығымен есте қалды. Сондай-ақ, «Жібек жолы және Қазақстан», «А.Байтұрсынов – ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері», «Құрманғазы және мыңжылдықтар тоғысындағы дәстүрлі музыка», «Қазақстан-Ресей: XIX-XX ғ.ғ. саясат, экономика және мәдениет», «Қазақстан мен іргелес аумақтардың тас ғасыры» атты халықаралық, «Шал Құлекеұлы және ақындық дәстүр», «Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардағы қыпшақтану» атты республикалық конференциялар аса жоғары ғылыми және танымдық деңгейде өтті.
Тарихты жаңғыртуда, әрине, археоло¬гия ғылымының берері мол еді. Сондықтан бұл мәселе де басты назарда тұрып, жоспарланған бес экспедиция Алматы, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында жұмыс істеді. Олардың негізгі объектілері – Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы алғашқы мемлекеттер ескерткіштері, Ордабасы тарихи-мәдени аймағындағы археологиялық нысандар, Орталық Қазақстан аумағындағы отырықшылдықтың, қала мәдениеті мен мемлекеттіктің ортағасырлық орталықтары, сондай-ақ, «Көне Ақмола мен Есіл өңірі: тарихтың өркендеуі және мәдениет генезисі» атты бағдарлама болды. Мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры К.Байпақов атап өткеніндей, Тарих жылында қазақстандық археологтар өте құнды дүниелер ашты. Олар жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша бұдан үш жарым мың жыл бұрын үндіарийлықтардың қазақ жері арқылы Еуропаға өтуін және кейін қайтуын бажайлауға мүмкіндік туды. Түркістан қаласының іргесі бұдан 2000 жыл бұрын қаланғаны ғылыми дәлелденіп, негізделді. Астана маңынан көне Бозоқ қаласының қирандысы табылып, ол Есіл өңірінде ықылым замандарда отырықшылдық мәдениеттің дамығанын көрсетті. Бүгінгі Алматының аумағында XIII ғасырдың өзінде теңге шығарылғаны анықталып, металл қорытудың орталығы болған Талғардан аса жоғары сапалы болат табылды. Мұның бәрі бабаларымыздың биік өркениет иесі болғанын паш етеді.
Ғылыми және ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарының келесі бір ауқымды бағыты ғылыми еңбектерді басып шығарумен байланысты екендігі белгілі. Бұл тұрғыдан да Тарих жылының еншісі сүбелі болды. Жалпы алғанда, 17 монография, 4 мақалалар жинағы, 8 конференция материалдары, 13 буклет, альбом және каталог, 6 оқу-әдістемелік кітап пен құрал жарық көрді. Солардың ішінде қазақ тіліндегі академиялық Қазақстан тарихының кезекті томдарын, ағылшын тіліндегі «Қазақстан тарихы», «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар», «XV-XVII ғасырлардағы Қазақстан және Орталық Азия: тарих, саясат, дипломатия», «Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории» сияқты еңбектерді ерекше атаған жөн. Елбасының тікелей қолдауымен Ә.Марғұланның 12 томдық толық академиялық жинағын шығару басталды. «Отан тарихы – Отечественная история» деген жаңа ғылыми журнал оқырманға жол тартты.
Сол жылдың ең елеулі оқиғаларының бірі – Италияда «Алтын адам. Қола дәуірден халықтардың Ұлы қоныс аударуына дейінгі дала мәдениеті» атты көрменің ұйымдастырылуы. Ол 24 сәуірде Мантуя қаласында ашылып, кейін өз жұмысын Венецияда жалғастырды да, 23 қыркүйекте Римде Елбасымыз Н.Назарбаевтың осы елге ресми сапарына орайластырылды. Көрмеге Қазақстанның ертедегі қалалары, оба-қорғандары қазбаларынан табылған өте сирек кездесетін, дүниежүзілік тарихи және ғылыми маңызы зор жәдігерлер қойылды. Оны тамашалауға 65 мыңнан аса италиялықтар келген екен.
Ғасырлардың түп-тұқиянынан желі тартатын өзгеге ұқсамас мәдениетімізді, ата-бабаларымыздан бүгінгі ұрпаққа аманат боп жеткен рухани құндылықтарымызды кеңінен насихаттау да, мұны ұлтымызды ілгеріге бастар пәрменді тетік ретінде дәріптеу де және бұл орайда барынша тарихи әділеттілікке, объективтілікке қол жеткізу де Тарих жылына жүктелген бірден-бір маңызды шаруа еді. Оны жүзеге асыру негізінен үш бағытта жүргізілді: тарихи-мәдени мұраны қалпына келтіру және сақтау; ұлттық мәдениетті дамыту; өскелең ұрпақты мәдениетіміздің озық үлгілері негізінде азаматтық пен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу.
Әрине, бұл жерде де істелген жұмыс¬тардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Қадау-қадау дүниелерге ғана тоқталар болсақ, бірінші бағыт бойынша Түркістандағы XVI ғасырда салынған мешіт, жер асты мешіттері, Арыстан баб мавзолейінің қорған қабырғалары, «Ұлытау» мұражай-қорығындағы Алаша хан мен Жошы ханның мазарлары, Қызылорда облысындағы Балтық мешіті, Марал ишан мазары және Қазалының бұрынғы шіркеуі, басқа да бірқатар тарихи нысандар қалпына келтірілді. Қызылорда облысында «Түркістаннан Қорқытқа дейін» жаңа туристік маршрут іске қосылды. Астананың тұсаукесер рәсіміне орай сәулет ескерткіштері болып табылатын облыстық мұражай мен С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана ғимараттары жаңа әсем бейнеге ие болды. Көкшетауда Шоқан Уәлихановқа, Таразда М.Х.Дулатиға, Ақтөбеде Құдайберген Жұбановқа, Алматыда Абай мен Шәкен Аймановқа ескерткіштер орнатылып, Атырауда Құрманғазының, Қызылордада Қорқыт атаның, Алматыда Темірбек Жүргеновтің, Қостанайда Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіштерін салу жұмыстары басталып кетті. Ұлт мақтанышы болып табылатын ұлы тұлғаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынас және әлем тілдері университетіне Абылай ханның, Тараз мемлекеттік университетіне М.Х.Дулатидың аттары берілді.
Халықтық дәстүрлі музыка және қазіргі орындаушылардың же-тістіктерін насихаттау мақсатында көптеген лазер күйтабақтар топтамасы шығарылды. Шәмші Қалдаяқов атындағы дәстүрлі халықаралық конкурс, Еуропа елдерінің классикалық өнері фестивалі, «Дәстүрлі жүлде» балеті сияқты көптеген өнер додалары елімізде де, сыртқы әлемде де жылы әсер қалдырды. Сол сияқты, жыршы-термешілердің республикалық байқауы, Атырау, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары жас ақындарының айтыстары халық дәстүрлерін жалғастыру ісі берік қолда екендігін айғақтады. Бұған республика театрларының да өздерінің тың қойылымдарымен тиісті үлес қосқандығын айту ләзім.
Республика кітапхана қызметкерлерінің құрылтайы да Тарих жылының рухани қоржынын толтырған олжалардың бірі болды. Құрылтай жалпы XXI ғасырдағы кітапхана ісінің стратегиялық даму жолдарын белгілеп берді. Тағы бір баса айтатын мәселе – бұл съездің араға 30 жыл салып өткізілгендігі. Ұлттық кітапхана «1917 жылға дейінгі Қазақстан кітаптары» халықаралық бірыңғай каталогы, «Деректі жазба мұраларының сақталуы» атты бірінші қазақстандық конференция материалдарының үш тілде жасалған жинағы, «Тарихи қалалар – Қазақстан астаналары» библиографиялық көрсеткіші сияқ¬ты көптеген құнды дүниелерді жарыққа шы¬ғарды. Сол жылдың өзінде ғана «Қазақ¬станның тарихи-мәдени мұралары» элек-трон¬дық каталогына еліміз туралы 12,5 мың жазба енгізілген екен.
Осы саладағы үшінші бағыт туралы сөз қозғағанда, өскелең ұрпақты тари¬хы¬мыздың жарқын беттері мен халықтық мәдениетіміздің ең озық үлгілері негізінде патриоттық рухта тәрбиелеу – қоғамымыздың түпкі мақсаты болу керектігі айқындалды. Осы мәселеге зор үлес қосқан дүниелер ретінде қазақ және орыс тілдерінде тоғыз том болып шыққан «Қазақтар-Казахи», үш томдық «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясын, «Қазақ халқының заттық мәдени ескерткіштері» атты 10 томдық көркем безендірілген альбомын, Қожа Ахмет Яссауидің қазақ тілінде шыққан «Хикметтерін», т.б. бірқатар еңбектерді атауға болады. Ерте заманнан бүгінге дейін сыр шертетін «Саяси портреттер», Қазақстан халықтарының және спорт тарихының энциклопедиялары баспаға дайындалды. Жалпы, жыл тақырыбына байланысты 15 халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Тәуелсіздік алғаннан бері бұқаралық ақпарат құралдарында, баспалардан шығып жатқан көптеген кітаптарда, әрине, ұлтымыздың, еліміздің өткеніне қатысты аз жазылған жоқ еді. Бірақ, сол дүниелерді шындап саралайтын болсақ, тарихты жүйелі, дәйекті, толыққанды, кезеңдерді түгел қамту жағы кемшін түсіп жататынына көз жеткізу қиын болмайтын. Кей-кейде терең ғылыми, объективті тұжырымдама жасаудан гөрі сезім жетегінде кету де, әсіреқызыл пайымдауға ұрыну да кездесіп қалатын. Бұл, бәлкім, тәуелсіздік эйфориясынан туындаған шығар. Сондықтан, тарихымызға нақты бет бұрғызған айшықты жыл бұл мәселеге мүлде жаңаша көзқарас қажеттігін алға тартты.
Кітап шығару ісі Мемлекеттік комиссия бекіткен тұжырымдама бойынша жүргізілді. Тұжырымдамаға сәйкес «Қазақстан – қара шаңырағым», «Қазақстан тарихы: зерттеулер мен құжаттар», «Қазақстан тарихы: әдеби хроника», «Қазақстан этностары» атты төрт серия ашылып, солардың аясында қырыққа тарта тамаша кітаптар жарық көрді. Жаңа ұлттық энциклопедия шығаруды қолға алу да Тарих жылына дөп келді. Мемлекеттік маңызы зор, орындалуы күрделі шаруаға көп дайындық жүргізілді. Екі томдық сөздік тізбесі құрылып, жұртшылықтың, мамандардың талқысына салынды. Бас редакция компьютерлермен, басқа да қажет дүниелермен жабдықталды, соның нәтижесінде мәтін теру, көрсеткіш карталар жасау өзімізде орындалатын болды (бұрын Украинада басылатын). Сөйтіп, 1998 жылы бірінші томы жарық көрген ғаламат еңбектің он жыл өткеннен кейін соңғы оныншы томы қолымызға тиіп, бөркімізді аспанға аттық. Мұндай оқиға, әрине, жер бетіндегі өзін өркениеттімін деп есептейтін кез келген халық үшін бірден-бір елеулі мәдени көрсеткіш, рухани жеңіс.
Елбасының: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» дегені бар және де бұл сөз әр қазаққа жеке арналғандай. Осыны еске ала отырып, Мемлекет басшысының бұдан он бес жыл бұрын елімізде арнайы Тарих жылын жариялауы – аса көрегенділікпен жасалған дүние екендігіне, ол кісіні байтақ даламыздың өткені, соның барлық игі тұстары мен оң қырларына сүйене отырып, халқымызды әлемдік өркениет сапынан алуға тиіс лайықты орнына қайткенде жеткізу мәселелері тәуелсіздік алғаннан бері ұдайы толғандырып келе жатқанына көз жеткіземіз.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
(«Егемен Қазақстан», 20 шілде 2013 жыл).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған