ТӘРБИЕ ТӘЛІМДІ БОЛСА…

Оқу орны мен ата-ана және білім алушы арасындағы ынтымақтастықты нығайту – маңызды мәселе. Қоғамда адамгершілігі жоғары, отансүйгіш, жауапкершілікті сезіне білетін тұлға тәрбиелеу ісінде кезігетін күрделі мәселелерді осы үшеуінің бірлесе талқылап, шешім шығаруы өскелең ұрпақтың  тура жолдан таймай, жан-жақты қалыптасуына елеулі ықпал етеді. Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің ұйымдастыруымен дін өкілдері қатысқан жиын осы тақырыпқа арналды.

 

«Баланың басты ұстазы – ата-анасы» атты ата-аналарға арналған айлық аясындағы шарада дін өкілдері бас қосып, көңілге кірбің ұялатып жүрген өзекті мәселелерді талқыға салды.

Бүгінге дейін талай шәкіртті тәрбиелеп, қанаттандырған оқу орнының жетістіктері жетерлік. Колледж түлектері облыстың әр түкпірінде әр салада қызмет етіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Қазір мұнда күндізгі бөлімде 2000-нан аса студент білім алып жатыр. Сырттай оқу жүйесінде 500 студент оқиды. Оқу орнының үш ғимараты бар. Он жылдық тарихы бар колледж ұжымы жан-жақты нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіп, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етіп келеді. Бұл жайларды мәлімдеген колледж директоры Бақытгүл Хаменова патриоттық сезімге тәрбиелеуде дәстүрлі ислам дінінің маңыздылығын әр оқушының жүрегіне жеткізе білу басты талап екенін айтты.

– Он жылдық мерейтойда ат шаптырып той жасауды емес, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде ата-аналармен байланысты нығайтуға баса мән бергенді жөн көрдік. Сондай-ақ, бүгінгі шараны асыл дініміз – ислам құндылықтарымен байланыстыруымыз тектен-тек емес. Бүгінгі жастар имандылыққа жол сілтейтін және олардың жоғалып бара жатқан  жан сұлулығы мен әдемі әдептерін қайта қалыптастыратын бағыт-бағдарға өте мұқтаж. Шараны ұйымдастырмас бұрын 500-ге жуық ата-ана арасында бүгінгі дін саласына қатысты сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, ата-аналардың 90 пайызы иманды ұрпақ тәрбиелеудің қайнар көзін, нақты бағыт-бағдарын білмек ниетте екені белгілі болды, – деді Бақытгүл Қайыржанқызы. Сондай-ақ, ата-аналардың көкейіндегі сауалдарын дін өкілдеріне жолдап, еркін пікір алмасты.

Өлкемізде жастарды дін саласына тәрбиелеу мақсатында тиісті мекемелермен тығыз қарым-қатынас жасалып, бірқатар мәдени-рухани істер атқарылуда.

Әңгімені облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохай одан әрі тарқатып, бала тәрбиесіндегі діни ахуалға тоқталды.

– Жасыратыны жоқ, қазір дінге жан дүниесімен бет бұра бастаған баланы ата-анасы тежеп, намаз оқуға қалай болғанда да шектеу қояды. Соның салдарынан немесе басқа да  себептерден жекелеген түсініспеушіліктердің орын алатыны рас. Дін жөнінде ата-ананың да, баланың да таным-түсінігі төмен болғандықтан, отбасында бұл мәселе ұлғайып, соңы өкінішке әкелетін тұстары да аз емес. Мәселеге дін өкілдерін араластырғанымен, өзге теріс ағымның шырмауына шырмалғандарды кері қайтару оңай емес. Олар санасы уланған соң имамдарды тыңдаудан бас тартады. Сондықтан, намазға жығылып, дінге шын жүрегімен бұрылған баланың бетін әу бастан кері қайтармай, теологтар мен имамдармен жұмыс жасап, оны тура жолға түсіруге бағыттаған  жөн, – деді Еркінбек Керімбекұлы. Ол аймақта кездескен мұндай проблемаларды айтып, нақты мысалдар келтірді.

Белгілі болғандай, бүгін жат ағымға шырмалып, ата-ананың рұқсатынсыз неке қиып, теріс жолға кетіп жатқандар баршылық. Мұның алдын алуда ислам дінінің жанұядағы орны мен маңызына ерекеше ден қойған жөн. Жоғарыда айтылғандай, үш жақты бірлескен жұмыс күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл жөнінде облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров әңгімеледі.

– Барша адамзат үшін ата-ананың орны ерекше. Әрбір жан өзінің өмірге келуіне себепші болған қымбат жандарды барынша құрметтеп, қадірлейді. Қазақ халқында да ата-ананың мәртебесі айрықша. Оны ислам діні де дәлелдейді. Дәстүрлі дініміз ата-ананың балаға деген мейірбандылығын дарытса, баланың да ата-анаға сондай құрмет көрсетуін талап етеді. Ал, бүгінгі күні ислам атын жамылған теріс ағымдар ата-ана мен баланың арасындағы байланысты өзгертіп жатқаны рас. Сондықтан, діни сауат іздеген адам кім көрінгеннен сауат алмай, оның арнайы шыншыл көздерін іздеуі керек. Дәлірек айтқанда, діннің ошағы – мешіттегі имамдардан, мемлекеттік діни орындардан сауат ашу керек, – деген Батыржан Берденұлы бұл ретте ең алдымен, ата-аналардың діни сауатты болу қажеттігін баса айтты. Мәселе төңірегінде ол ата-аналар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.

– Намазға жығылып, орамал тағамын деушілерге оқу орнында рұқсат жоқ. Кейбір ата-аналар бұл тәртіпке келіспей, оқу орнының ұжымымен сөзге келіп жатады. Бұл ретте дәстүрлі ислам дінінің қағидаларын сақтай отырып, ішкі ережені қалай сақтаған жөн? – Оқу орнының басшысы Бақытгүл Хаменованың жолдаған осындай сауалына дін өкілдері былайша жауап берді:

– Дәстүрлі ислам діні ешкімді балағаттауға жол бермейді. Ата-аналардың шу көтеріп, мұндай әрекетке баруы дұрыс емес. Себебі, бұл жағдайда оқу орнының өз ішкі тәртібін де сақтау қажеттігін ұмытпау керек. Алайда, бұл балиғат жасына толған қыздарға орамал тақтырмай, ислам дініне қарсы шығу деген сөз емес. Осыны дұрыс ұғыну қажет, – деді облыстың бас имамы Б.Мансұров.

Бұл пікірлерді алматылық теолог-дінтанушы Ербол Құдабаев та қостап, әр азаматтың ұлттық құндылықтарға, ұлттық тәрбиеге мән беруін қадағалау қажеттігін айтты.

«Жастар – елдің болашағы. Оларға жіті көңіл бөлу, тәрбиелеу – ата-ананың да, ұстаздың да басты міндеті. Сондықтан, бұл саладан қаражатты да, уақытты да аяп қалуға болмайды. Діни тәрбие адам бойында ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілікті оятатыны сөзсіз. Өскелең ұрпақтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін ұдайы жадында сақтап, оны құрмет тұтып, қадірлеу үшін  кез келген қоғамда нағыз шынайы құндылықтар бірінші орында тұруы тиіс», – деді Бақытгүл Қайыржанқызы жиынды қорытындылаған сөзінде.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз