ТАЛ ЕККЕННІҢ САУАБЫ ЗОР

Бүкіл ғаламға мейірімділік пен рақымдылықты сыйлаған Ислам діні тек адамдардың ғана емес, қоршаған ортаның да құқықтарын қамтиды. Адамзат баласы өзі өмір сүріп жатқан кез келген нәрсемен санасуға міндетті. Алла Тағала жер бетіндегі барша жаратылысты адам баласы үшін жаратқан. Оған бағынышты еткен. Сондықтан, адамзат табиғат пен айналасындағы қоршаған ортаға Алланың аманаты ретінде қарауы тиіс. Әрі қоршаған ортаны адам өмірінің бір бөлігі деп санау қажет.

 

Жер бетіндегі тау, тастар, теңіздер, яғни, барша табиғат атаулы мен барлық нәрселер – Ұлы Алланың жаратқандары. Әсіресе, осы Табиғат ананы қорғап қалу мәселесінде ағаштарға көңіл бөлудің, тал, шыбық отырғызудың мәні өте зор. Себебі, тал егудің адамзат баласына тигізер пайдасы, жалпы қоршаған ортаға жақсы әсері бар екені баршаға белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде бұл мәселені қалыс қалдырмаған. Мәселен, мына бір хадисінде: «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де, дереу отырғызып үлгерсін»,– дейді (Бұхари, Әдеп кітабы, 163-бет, №479). Бұл өсиеттен тал егудің өте маңызды екеніне көз жеткіземіз.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Оған тарихтан мысал ретінде айтар болсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім. Міне, осы секілді ағаш батпақты кетіріп қана қоймай, ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам кең тыныс алып, жаны жай табады. Тағы бір хадисте: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», – делінген.

Сонымен қатар, тал егудің лайым сауабы жалғасып тұратын садақаның бірі екендігі де айтылған. Хадисте: «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан құс, адам яки жануар жейтін болса, ол адам үшін садақа болып есептеледі» делінген (Бұхари, 2152).

Сол үшін табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау – адам баласына жүктелген міндет. Себебі, Ислам – тазалыққа шақыратын дін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе, жемісті ағаштардың түбіне дәрет сындыруға болмайтындығы жөнінде сахабаларға: «Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!», – деген. Сонда олар: «Уа, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?», – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы», – деген екен (хадис имам Мүслимде келген).

Негізінде мұсылман – бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес, дұрыстаушы, зиян келтіруші емес, пайда әкелуші болуы керек. Өкінішке орай, бізде кейде керісінше болып жатады. Мәселен, көктем кездерінде табиғат аясына сейілдеуге шыққанда, қоқыстарды шашып, ағаштарды сындырып, темекінің қалдықтарын қалдырып, тіпті оны өшірместен тастап кетудің салдарынан орман алқаптары өртеніп, осылайша табиғатқа кері әсерін тигізіп жататындар жоқ емес. Алла Тағала адамзатқа көптеген нығметтерді аманат қылып берген. Сол аманатқа қиянат жасамау мұсылманның бір сипаты болып саналады. Бұл нығметтердің бірі – осы біз сөз етіп отырған табиғат. Табиғатты исі мұсылман баласы жанындай қорғаштай білуі керек.

Қарап отырсаңыз, күнделікті қолданып жүрген материалдарымыздың көбі осы ағаштан жасалады. Кітаптар, қағаздар, үйіміздің есік-терезесі, үстелдер мен тақталар, мектеп парталары, т.б. Тіпті өмірге келген сәбидің бесігі де, өміріміз біткеннен кейін қабірге апаратын табытымыз да осы ағаштан жасалады.

Халық даналары: «Ауа адамсыз өмір сүре алады, адам ауасыз өмір сүре алмайды», – деп айтқан. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алған жоқ.

Ғалымдардың пікірінше, су тасқыны, ауаның ластығы, жерасты суларының азаюы, озондық қабаттың зардап шегуі қоршаған ортаның ластануы мен жойылуы  салдарынан орын алады.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Ол сондай Алла, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді. Ол әр нәрсені толық білуші», – деп айтылған («Бақара» сүресі, 29-аят). Тағы бір аятта: «Біз адам баласын «қайсысы жақсы амал істейді» деп сынау үшін жер үстіндегі нәрселерді жердің көркі еттік» делінген («Кәһф» сүресі, 7-аят).

Олай болса, табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу, аманатқа қиянат жасамау әркімнің міндеті, әрі борышы екенін жадымыздан шығармағанымыз жөн.

 Батыржан МАНСҰРОВ,

 ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы.

Қосымшаның редакторы:

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Байланыс: 45-84-30,

atyrau_gazeti@mail.ru.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз