ҰСТАЗ МЕРЕЙІ

Еліміздің ертеңі – жастарды сапалы біліммен қаруландыру, бәсекеге қабілетті ұстаздарды тәрбиелеу жолында бүкіл саналы ғұмырын арнап келетін жандар аз емес. Солардың қатарында 45 жылдан бері білім саласында қызмет етіп жүрген Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аманқос Биязбайұлы Қаржаубаев –оқу орынның ғана емес, барша қазақтың мақтанышына айналған ірі тұлғаның бірі.

Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, педагогика ғылымдарының білгірі, профессор Аманқос Биязбайұлының ел педагогикасына қосқан үлесі зор. Ол үш монографияның, бес оқу құралының, екі мақалалар жинағының авторы және екі жүзден астам ғылыми-әдістемелік мақалалары баспасөзде жарияланған. Аманқос ағамыз 1959-1964 жылдары Гурьев пединститутын бітірген соң, оқуға құлшынысы зор маман Алматыдан аспирантураны бітіріп, ғылым жолына біржола ден қойды. 1974 жылдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қызмет етеді.
Ол ұзақ жылдық ұстаздық еңбегінде тек оқытушылықпен ғана емес, ағартушылықпен айналысты. Газет-журналдарға түрлі сала бойынша өзінің ой-пікірін үзбей жазып отырды. Мұндай талапшылдық ұстаздың елге тез танылуына, танымдық көкжиегінің кеңеюіне жол ашты. Халықаралық, республикалық конференция мен ғылыми-практикалық семинарларда баяндама жасап, елдің ағартушылық мәдениетін қалыптастыруға талпынды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жанындағы шағын мектептер туралы республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің және Атырау университетіндегі педагогикадан кандидаттық диссертация қорғайтын кеңестің және әдіснамалық семинардың мүшесі болды.
Аманқос Биязбайұлы оқу жүйесінің озық тәжірибелерін және жаңа технологияларын пайдалана отырып, педагог кадрларды білікті, талапшыл маман ретінде дайындауда студенттерге тиянақты білім беріп, осы салада оның жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары республикалық басылымдарда жарияланып, мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Осы тараптағы ізденістері нәтижесінде дәстүрлі емес сабақтың түрлері, халықтық педагогиканы мектеп өміріне енгізу туралы, т.б. бірнеше мақалалары баспасөз бетінде жарияланды. Педагогика ғылымының көкейкесті проблемалары туралы салмақты пікірлерді талқыға салып көтере білді.
Педагогтың отандық білім беру ісіне қосқан үлесі жақында мемлекет тарапынан еленіп-ескеріліп, Аманқос Биязбайұлы Қаржаубаев ҚР Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Нұргүл НАСЫР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз