ШАРУАНЫҢ ШЫРАЙЛЫ ШАҒЫ

Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға, тұтастай агроөнеркәсіпті кешенді өркендетуге де баса назар аударылған. Осы орайда, Мемлекет басшысы тарапынан тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелген. Мұның сыртында, салалық министрліктің мақұлдауымен қабылданып, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар да ауылдағы сан-салалы істердің түйінін тарқатып, қолға алынған жобалардың жоспарлы да жүйелі орындалуына септескені сөзсіз. Осындай мүмкіндіктерді мүлт жібермеуді мақсат тұтқан өңіріміздің шаруагерлері алға қойылған асқаралы міндеттерді абыроймен орындап, өздеріне көрсетілген сенім үдесінен көрінуге мүдделілік танытуда. Жылдағы дәстүрімізден жаңылмай, қараша айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін сала еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым  Рысқалиевті әңгімеге тартқанбыз.

 Мал  басы  өсіп, өнімі  де  молайды

– Сырым Мұратұлы, алдымен агроөндірістегі басты көрсеткіштерді, атакәсіп – мал шаруашылығындағы жетістіктерді атап өтсеңіз.

– Бірден айта кетсем, ағымдағы жылдың тоғыз айында аймақтағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен өндірілген жалпы өнім көлемі 37,8 млрд. теңгені құрады. Нақтыласам, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 101,7 %-ға тұрақтады. Соның ішінде, мал шаруашылығының үлес салмағы 100,2, егіншіліктің еншісі 104,5%-ды құрап, өндірілген өнім көлемі былтырғыдан 4,5 млрд. теңгеге артты.

Есепті мерзімде төрт түлік те көбейді. Осылайша, қой-ешкі  592,1 мың, мүйізді ірі қара малы 162,8 мың, жылқы 60,5 мың және түйе 31,1 мың басқа жетті. Осы кезеңде құстың саны 345 мың болып, үш есеге көбейіп отыр. Ұлт жоспарының 60-шы қадамында елімізде, жекелеген өңірлерде сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту міндеті алға қойылды. Осыған байланысты, үш жылда ТМД елдерінің нарығына шығарылатын өнімдердің тең жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз етуге тапсырма да берілген-ді. Бүгіндері аталған бағыттар бойынша жаңа жобаларды қолға алып, оларды межелі мерзімінде пайдалануға беріп, елдің игілігіне жарату көзделген.

Мал шаруашылығына қатысты сөз қозғалғанда, аймақтың «Үдемелі индустриалды-инновациялық  даму» бағдарламасы шеңберінде Атырауда жүн өңдеу және одан дайын өнім шығару өндірісі (фабрика) жобасы да қолға алынып, бұл нысанның құрылысы да аяқталуға таяп қалған. 

 

Егінжай  сыйы – ел  ырыздығы

– Атыраулықтар үшін ежелгі кәсіптің бірінен саналатын егіншіліктің де табысты саланың біріне айналғандығы ақиқат. Енді осы жағына тоқталсаңыз.

– 2015 жылы облыстағы ауыл шаруашылық дақылдары егілген алқаптың аумағы 6800 гектарға жуықтап, 2014 жылғыдан 116,7%-ға ұлғайды.Осының 1500 гектары тамшылатып суару тәсілімен баптап күтілді. Агротехникалық шаралардың мерзімді әрі тиімді жүргізілуінің арқасында, күзгі жиын-терім науқаны да нәтижелі аяқталды. Диқандардың жаз бойғы тынымсыз еңбегі мен маңдай тері ақталды. Қорытындысында, 20985 тонна картоп, 69380 тонна көкөніс, 27211 тонна бақша өнімдері сапалы күйінде жиналса, мұның сыртында 4000 тоннадан астам екпелі мал азығы дайындалған.

Бұнда да егін салынған жер көлемі ғана емес, өндірілген өнім мөлшерінің де айтарлықтай көбеюіне қол жеткізілді. Күтімі келіскен егіннің шығымдылығы да көтеріліп, гектар қайтарымы картоптан 14, көкөністен 29, бақшадан 30 және малазықтық шөптерден 3 тоннадан айналды. 

Жергілікті тауар жерде қалмайды

– Өз кезегінде, өндірілген өнімдердің өңделуі мен сапалы күйінде сақталуының, сөйтіп, сенімді азық-түлік қорын жасақтаудың да маңызы зор екендігі мәлім. Бұл мәселенің де біртіндеп шешімін тауып жатқандығынан хабарлымыз. Осыны нақтылай түссеңіз.

– Жергілікті тауардың қашан да жерде қалмайтыны белгілі ғой. Ол жағы да соңғы жылдары атқарушы билік пен салалық құрылымдар басшыларының ұдайы назарында ұсталынып, оңынан шешіле бастады. Дәлел ретінде, «АтырауАгроФеликс» ЖШС-нің базасында ашылып, қазан айынан жұмыс жасай бастаған көкөніс дақылдарын өңдеу цехын келтіруге болар еді. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкер-лік корпорациясымен бірлесе қолға алынған бұл жобада жалпы сыйымдылығы 8500 тонна қойма (оның 4,5 мың тоннасы контейнерлік тәсілмен сақтауға арналған) жылына 75 мың дана құтыланған, сондай-ақ, 350 тонна түрлі салат өнімдерін шығару мүмкіндігі бар цех пен дайын тауарлар сатылатын сауда нүктесі (дүкен) орналасқан.

Осыған дейін де құлағдар болғандарыңыздай, «Нұрсая» мөлтекауданынан жергілікті бюджет есебінен қаламызда бірінші рет коммуналдық базар салынып, көп кешікпей пайдалануға берілмек. Жарты гектар аумақта жайғастырылған, жалпы ауданы 4250 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда 72 сауда орны орналастырылады. Олардың әрқайсысы азық-түлік тағамдары сақталынатын тоңазытқыш, басқа қажетті құрылғы-қондырғылармен жабдықталған. Екі бөліктен тұратын ғимараттың бірінде тұтынушыларға  қызмет көрсетілсе, екіншісінде қойма (жалпы алғандағы сыйымдылығы 13382 тонналық)  орналастырылған. Ең бастысы, мұнда жергілікті, яғни отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші шаруашылық құрылымдарының  өнімдері  базар нарқынан төмендетілген бағалармен сатылады. Былайынша айтқанда, азық-түлік тауарлары халық дастарханына ешқандай делдалсыз, тікелей әрі сапалы күйінде жеткізіледі. 

Азық–түлік қоры мен жылыжай көбейді

Қазіргі уақытта аймақтық тұрақтандыру қорында 1500 тонна жуа, 250 тонна қырыққабат, 300 тонна сәбіз, 50 тонна қызылша, 700 тоннаның үстінде картоп бар болса, жыл соңына дейін оның көлемін көбейту көзделген. Қордағы азық-түлік тауарларының барлығы  «Атырауагросервис» ЖШС-нің қоймаларында сақтаулы.

Бүгінгі таңда жоғары сұранысқа ие сиыр сүті мен пакеттелген сүт өнімдерімен қамту көрсеткіші 30%-ды құраса, жаңа жобалар іске қосылған кезде ол 50%-ға дейін жеткізілмек. Сол сияқты, жұмыртқа мен құс етіне қажеттілікті толықтай қанағаттандыратын мезгілдің де алыс еместігін айтқым келеді. Және бір тілге тиек қылар жайт, тұтынушылардың көкөніс-бақша өнімдерімен қамтылуын 100%-ға көтеру, жылыжай шаруашылықтарына тиесілі алқаптардың аумағын 9,5, алма бақтарының көлемін 120 гектарға дейін көтеру көзделген. Бұдан бөлек, Индер ауданында шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен 20 гектар аумақты қамтитын жылыжай құрылысын салып, онда күн сәулесінен қуат алатын баламалы энергия көзін пайдалану жобаланған. Оған қоса, болашақта балық пен құс (үйрек) өсіретін тоған шаруашылығын ұйымдастырып, 1000-ға жуық адамды жұмысқа тарту ойластырылған. 

Субсидияның  берілуінде өзгерістер болады

– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көптеген қолдау шаралары мен жеңілдіктер де қарастырылуда. Соның ішінде, асыл тұқымды түлік өсіруші және лизингке техника сатып алған шаруашылықтардың шығындарын  субсидиялау да бар. Осы жағын ашып айтсаңыз.

– Расымен де, мемлекеттен берілетін субсидия–ауыл шаруагерлерінің кәсібін дамытуға бағытталған басты жеңілдіктердің бірінен саналады. Алдағы жылы оның берілуінде кейбір өзгерістер болады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей қолдауымен инвестициялық субсидияның көлемін көбейте отырып, қайтарымсыз қаражатпен қаржыландыруға жататын жобалардың құжатына өзгерістер енгізу көзделген. Мәселен, бұрын мұндай жеңілдік 600 бас қой және 100 бас мүйізді ірі қара малын бағып өсірген шаруашылықтарға қатысты болып келсе, бұдан былай ол 300-ден  50 басқа дейін кемітіліп, лизингтік жүйемен алынған тракторлар мен басқа да ауылшаруашылық  техникалары құнының тең жартысын мемлекет есебінен өтеу мүмкіндігі қарастырылған.  

Әрине, әлемді шарпыған қаржы дағдарысының еліміз-дің, одан қалды өңіріміздің экономикасын өркендетіп, әлеуметтік саласын ілгерілетуге сәл де болса салқынын тигізгенін  жасыра алмаймыз. Десек те, сол ұлттық экономикамыздың жетекші салаларының бірі–ауыл шаруашылығын, соның ішінде атакәсіп–мал шаруашылығы мен егіншіліктен, өнімдерді өңдеуден еншілеген жетістіктерімізді сараласақ, табыссыз да еместігімізді айқын аңғарамыз. Әйтсе де, мұны қанағат тұтып, тоқмейілсуге ешбір негіз жоқтығын сезінеміз. Сол үшін де облыс шаруагерлерінің ертеңгі күні бүгінгіден табысты биіктерді бағындыратындықтарына бек сенімдімін.

Барша сала еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жақсылықтарды, сәттілік-терді тілеймін!

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты  жүргізген Дәулетқали  АРУЕВ. 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз