СӘУЛЕНІҢ СӘУЛЕЛІ ШАҒЫ

Жұртшылық арасында кең тараған «балалығын соғыс ұрлаған» деген сөз тіркесі бар. Оның мағынасын, әсіресе, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тереңірек сезіне түсесің. Майданға аттанған әкелері мен ағаларының орнын басқан оларда, расында да, балалық шақ болған жоқ. Буыны бекімей жатып, ертеден кешке дейін ерлерге лайық жұмысты атқарды.

Біздің кейіпкеріміз Сәуле Лұқпанова туралы да осылай дер едік. Сонымен... 

 «Қазақстан пионері» танк колоннасы

Кеңес Одағы соғыс өрті шарпығанда Сәуле мектеп оқушысы еді. Бұрынғы Гурьев облысының Теңіз ауданындағы Молотов атындағы мектептің шәкірті болатын. Бір күні өзі секілді сыныптастарымен бірге «Қазақстан пионері» атындағы танк колоннасын жасақтау үшін қаржы жинауға бастама көтерді. Оны күллі республикадағы пионерлер қолдап кетті.

Соғыс кезінде артық қаражат кімде болсын. Соған қарамастан, сабақтан тыс уақытында жұмыс жасап, еңбеккүніне тапқан азды-көпті қаржысын жинастыра берген. Сөйтіп, 160 мың сомды банкіге өткізіп, танк колоннасын құруға тілек білдірген.

Сол танкілер неміс-фашист бақыншыларына сұрапыл соққы бергендігі күмәнсіз. Кейбірі Берлинге дейін жетті ме екен, кім білген? Әрине, маңыздысы ол емес. Гурьевтік оқушылардың патриоттық бастамасы ел өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағаланды. Бұл жөнінде «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінде кеңінен насихатталды. Үлкен материал жарияланды. Ал, 1943 жылғы 6 сәуірдегі санында Бас қолбасшы И.Сталиннің құттықтау жеделхаты басылды. Онда өзге де сыныптастарымен бірге Сәуле Лұқпановаға да алғыс айтылған. Бұл сұрапыл соғыс кезінде ең үлкен марапат еді. Теңіз ауданындағы Молотов атындағы орта мектепке Бас қолбасшының жеделхаты келгенде күллі ауыл дүр сілкінген.

Соғыс Сәуле Лұқпанқызының жеке басына да салқынын тигізді. Басер мен Молдаш аталатын екі ағасы майданнан оралмады. Әсіресе, Молдаштың дерегі көпке дейін табылмады. Ол әскерге отыз жасында алынған-ды. Үйге жазған хатында өзінің Сталинград майданына кетіп бара жатқандығын айтқан. Содан 1942 жылдың желтоқсанында хабарсыз кетті.

– Анамыз бізге көрсетпей жылап алатын, – деп еске алады қазір сол кезді Сәуле Лұқпанқызы, – бірақ, бәрібір сезіп қоятынбыз. Ағамыз аман келсе екен деп тілейтінбіз. Егер ол оралса, анамыз да жылауын қояды ғой.

Ана шіркін ұлының мәңгілік мекені қайда екенін де білместен, көзі жұмылғанша күтумен өмірден өтті. Тек өткен жылы ғана Молдаштың дерегі табылды. Ол ешқайда да жоғалып кетпеген, кезекті ұрыста қаза тауыпты. Соңынан бауырлары мен ұрпағы барып, тағзым етіп қайтты. Әттең, жаумен жағаласып жүрген жауынгер ауылда қалған титімдей қарындасының танк колоннасына қаржы жинап, күллі ел бойынша бастама көтеріп жатқанын қайдан білсін?! 

Ұстазға қарап бой түзеген

Жалпы, Сәуле Лұқпанқызы атқарған жауапты жұмыстар жеткілікті. Ол, алдымен, майдангерлерді қатты құрметтейді. Өзінің қос ағасы сұм соғыста опат болғандықтан ба, көзі тірілерінің саулығы дұрыс болып, сырқатқа шалдықпағанын қалайды. Сондықтан, депутат кезінде, әйелдер кеңесіне жетекшілік еткен шағында, Гурьев қалалық партия комитетінің хатшысы болғанында осы мәселені күн тәртібінен түсірмеді.

Ал, оның түрлі спорт секцияларына барғанын, көркем гимнастикамен шындап шұғылданғанын қазір көпшілік біле ме екен? Мүмкін, әлі де тіп-тік жүруі сол спорттың нәтижесі шығар? Студент кезінде Жастар мен студенттердің алтыншы Бүкіләлемдік фестиваліне де қатысты. Ал, 1959 жылы КСРО халықтарының екінші жазғы спартакиадасына барғанын қайда қоясыз? Сол сайыста өзі де өнер көрсеткенін айтпағанда, қарсыластарының талайын шаң қаптырып, ауыр салмақта үшінші орынды иеленген Әбдісалан Нұрмұхановтың жанында республика жалауын көтеріп тұрған. Естен кетер ме осындай оқиғалар?!

Сәуле Лұқпанқызы Гурьев қалалық партия комитетінде хатшы болды. Қызметіне қатысты білім беру мен денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет салаларын қамтыды. Осы бағытта талай күрмеулі проблемаларды батыл шеше білді. Бұл жөнінде бұрынғы қызметтестері әлі жыр етіп айтады.

Ал, педагогтік жұмысы оған мәңгілік жары Ерен Ізбасовты кездестірді. Бұл кісі де талай шәкірттің қанатын қақтырған педагог, ғылымға сүбелі үлес қосқан ғалым-экономист. Екеуі сол кездегі Гурьев педагогикалық институтында (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университет) танысты. Бүгінде немереден өрген шөберенің қызығына кенеліп отыр. Ұлы Серік те сауатты да, тәрбиелі болып өсті. Келіні Тұраргүл орнықты отбасының түтінін түзу ұшырып келеді.

Осында істеген 15 жылында талай жасқа терең білім мен тәлімді тәрбие берді. Атырау облысының Құрметті азаматы, «Құрсай-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әнес Бисенов өзінің ұстазы туралы әлі күнге тебірене айтады. Сәуле Лұқпанқызы курсқа орыс тілінен дәріс беріпті. Бүгінде оны тәмамдағандардың бәрі орысша сайрап тұр.

Ал, белгілі педагог Ғалымжан Нұрышевтің оқытушылық қызметке қалай келгенін екінің бірі білмейді. Халық шаруашылығы институтын бітірген жас маманды алдымен осындағы мұнай өңдеу зауытына жіберіпті. Жоғары оқу орнынан соң үш жыл жолдамамен барған жерінде қызмет істеу – кеңестік кездегі бұлжымас заң. Ал, Ғалымжан мұғалім болғысы келеді. Оған қабілеті де бар, мүмкіндігі де жетеді. Міне, сол қасиетін Сәуле Лұқпанқызы жазбай таныған ғой.

Содан қайткенде де, жас маманды педагогтар қатарына қосуға білек сыбана кіріседі. Алдымен, институттағы кафедра басшысымен сөйлесіп, келісімін алады. Одан әрі Мұнай өнеркәсібі министрлігі басшыларына шығады. Оларға жас маманды мұнай өңдеу зауытынан педагогикалық институтқа ауыстыруға тілек білдіреді. Дәлелдері мықты болды ма, әйтеуір министрліктегілер қарсылық танытпаған. Сол Ғалымжан Нұрышев сабағын бере жүріп алдымен кандидаттық, кейін докторлық диссертациясын қорғады. Жоғары оқу орындарына жетекшілік етті. Алғашқылардың бірі болып шет елдермен іскерлік байланыс орнатты.

Міне, Сәуле Лұқпанқызы осылай әркімнің қасиетін ашуына жағдай жасайды. Концерттерде жас әншілерді тыңдағанды ұнатады. Олардың болашағына үлкен үмітпен қарайды. Және бір ғажабы – адам танығыштығы. Сонысынан әлі де жаңылған емес. 

«Ана туралы» ән

Хабарсыз кеткен ұлының өлі-тірісін көзі жұмылғанша білмей кеткен анасының жан толқынысын Сәуле Лұқпанқызы әлі ұмытқан жоқ. Содан да шығар, әдемі дауысымен «Ана туралы» әнді айтқанды ұнатады. Өзі де әлдеқашан әже атанып, немере-шөбелерінің қызығына кенеліп отырғанымен, балаларына соғыс салған сызатты сездірмей өсірген анасын аңсайды. Шіркін, арына дақ түсірмеген, ұрпағының алдындағы парызын пайымдай білген қазақ әйелдері-ай! Сіздердің әрқайсыларыңызға бір-бір дастан арнаса да артық емес қой. «Жұмақ анаңның аяғының астында жатыр», «Меккеге анаңды үш мәрте көтеріп барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген тәрізді мағыналы сөздерді қазақтан өзге кім айтты екен?!

Сәуле Лұқпанқызы жақында кезекті мерей жасын атап өтті. Тұстастары, қызметтестері құттықтады. Ұрпағы аналарына ақ жарма тілегін арнады. Ал, ардагердің қартайдым деуге құқы жоқ. Әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Түрлі шараларға қатысады. Анау томпаңдап жүрген шөберелердің өзі-ақ адамды жасартып жібереді ғой. Ендеше, тұғырдан түспеңіз, Сәуле Лұқпанқызы! Жүрек жылуыңызбен жан-жағыңызға арайлы шуақ шашыңыз!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз