САТИРАНЫҢ САРДАРЫ ЕДІ…

Қазақ әдебиеті ауыр қайғыға душар болды. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі жазушы-сатирик, жерлесіміз Есенжол Домбаев 77 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

 

Есенжол Домбаев 1938 жылы 2 мамыр күні Атырау облысының Индер ауданындағы Шолақ Шағыл деген жерде туған. Елтай орта мектебін бітірген соң, Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде білім алды. Бұдан кейінгі жылдары «Қазақстан пионері», «Ара», «Жаңа фильм» басылымдарында, «Қазақфильм» киностудиясында жауапты қызметтер атқарды. Жұмыс істеп жүріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, Алматы ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітірген.

Жазушының шығармашылық жолы 50-інші жылдардың аяқ шенінен басталады. 1957 жылы оның  Әліби Жанкелдиннің өмірінен жазған «Алғашқы сабақ» драмасы Халық шығармашылығы үйі жариялаған республикалық бәйгеде екінші сыйлық алды. Ал, оқырман қауымды елең еткізген «Болмаған оқиға» (1965) сатиралық повесі әдебиеттегі жанр жаңалығы болуымен ерекшеленді. Жазушының ондаған жылдар бұрын жазылған «Ғашықтық туралы мың бірінші баллада», «Көктемнің қара суығы», «Менің бауырларым» повестері – әлі күнге дейін көкейкестілігін жоғалтпаған шығармалар.

Е.Домбаевтың «Жаман Жәутік» романы (1980) қазақ әдебиеті, оның ішінде сатира жанрындағы тосын құбылыс болды. Көркем проза мен драматургияны қатар ұстаған жазушының 1977 жылы республикалық бәйгеде  екінші бәйге алған «Декретке дейін» пьесасы бір жерде туып, тел өскен, бірақ заман шырғалаңы екеуін екі лагерьге бөліп, текетірес етуге мәжбүр еткен қимас достар – Сейіт-қали Меңдешов пен Халел Досмұхамедов туралы жазылған тұңғыш тарихи  туынды еді. Оның драмалық шығармалары астаналық, академиялық, облыстық драма театрларының (Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Талдықорған, Торғай) репертуарынан тұрақты орын алды.

Сексенінші жылдардан бастап жазушы бірыңғай сатиралық  жанрда қалам тербеді. Оның «Біздің ауылда қызықтар бола береді», «Біздің кластың қыздары», «Өтірік әңгіме», «Ғашықтық туралы баллада», «Аман жүрші, ақ келін», «Қар» комедиялары жұртшылық тарапынан зор ықыласқа бөленді. Әсіресе, «Желіккен жеңгейлер» пьесасы бірнеше жыл бойы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры сахнасында қойылып келді.

Жазушы Е.Домбаев Н.В.Гогольдің «Мұрын» повесін, М.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романын, серб сатиригі Б.Нушичтің «Менің өмірбаяным» (Оспанхан Әубәкіровпен бірігіп), болгардың классик сатиригі Чудомирдің «Ескерткіш» деген әңгімесін, түріктің әйгілі сықақшысы Әзиз Несиннің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

Төл әдебиетіміздің дамуы мен театр өнерінің репертуарлық жағынан баюында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жерлес жазушы-драматург Есенжол Домбаевтың жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында ұзақ сақталады.

Б.Ізмұхамбетов, Ғ.Дүйсембаев, С.Лұқпанов, С.Нақпаев, Ш.Мұқан,

Т.Шәкімов, А.Әжіғалиева, Н.Ожаев, Е.Баспаев, Қ.Ризуанов, О.Қарасаев, А.Айбаров, М.Өтешев, М.Ғабдысәлімова, М.Құлкенов, Р.Отарбаев,

Қ.Жылқышиев, И.Жақанов, С.Арыстан, Б.Сапаров.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз