Сарайшықтың «екінші тынысы» ашылды

Screenshot 1 2 Мәдениет

Жеті хан жерленген көне шаһар – Сарайшық қалашығында жағалауды бекіту жұмыстары аяқталды. Жібек жолы бойында орналасқан тарихи орын енді туристік орталыққа айналады.

Screenshot_1

Жобаға сәйкес, бұл орталық туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасаған толық кешен болады. Мұнда әкімшілік ғимарат, қонақүй, шаруашылық-тұрмыстық үйі сынды бірнеше ғимарат бой көтереді деп күтілуде. Қос қабатты әкімшілік ғимарат ішінде экспозициялық-көрме залдары, қор қоймасы, 100-150 орындық конференц-зал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады. Бұдан бөлек, кешен аумағында лекция өтетін алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады.

«Визит-орталық туризмнің дамуына септігін тигізіп, Сарайшық сокралды қалашығына жұртшылықтың назарын аударады»,- дейді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мұнайлы мекенде жүзеге асырылып жатқан бірден-бір ірі жоба  Сарайшықтың мәдени мұрасын сақтауды көздейді. Сарайшық кезінде Алтын орданың қолөнер және сауда орталықтарының алғашқыларының бірі болған. Кейін Ноғай ордасының астанасы атанды. Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған – арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өзінің саяхаттарының бірінде 1334 жылы «Үлкен Сарай» қаласынан шығып (Сарай-Берке – Алтын орданың астанасы), Азияға жасаған сапарында Сарайшық қаласында болған. Бұл жөнінде ол: «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» дейді. Бұл жазба Сарайшықтың сол замандағы дүниежүзіндегі ең маңызды қалалардың бірі болғандығын аңғартады.

Жеті хан жерленген Сарайшық тарихи қалашығы Атырау қаласынан 50 шақырым қашықтықта, Махамбет ауданының Сарайшық селосында орналасқан.

Өз өлкеңді таны!

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында енді жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушылары «Өлкетану» пәні бойынша білім алады. 5-7 сыныптар үшін оқытылатын жиырма сағаттық «Өлкетану» пәні   «География», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы», «Музыка» пәндеріне кіріктіріліп, қосымша оқытылатын болады. Туған жерге деген сүйіспеншілікті, патриотизмді нығайтуға бағытталған оқулық 125 беттен тұрады.

 «Жаңа пәнді сараптау жұмыстарына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылық құрамы, облыстық архив, тарихи-өлкетану, көркемсурет  және қолданбалы сәндік өнер музейлерінің ғылыми қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, өлкетанушылар, тарихи-өлкетану ескерткіштерді қорғау мамандары, тәжірибелі педагогтар да үлес қосты. Оқулық мазмұнында сараптамалық кеңестің ұсыныстары ескерілді. Биыл оқу бағдарламасына алғаш енген пән алдағы жылдары басқа да сыныптарға ұсынылуы мүмкін», –  дейді «Рухани жаңғыру» Атырау аймақтық жобалық кеңсесінің директоры Орынтай Биманова.

Сіз не дейсіз?

Тарихи маңызы ерекше

Орынтай БИМАНОВА,  «Рухани жаңғыру» Атырау аймақтық жобалық кеңсесінің директоры:

«Сарайшық» этновизиттік орталығын салу және осы жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында республикалық деңгейде арнайы мекеме құрылды. Визиттік орталық аймақтық туризмді дамыту әлеуетін күшейту бағытында жұмыс істейтін болады.

Өз заманында қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық – талай ұлылардың тұяғы тиген орда. Сарайшықтың осындай тарихи маңызын арттыру мақсатында Атырауда халықаралық деңгейде «Ұлы даланың ұлы дәстүрлері» атты  фестиваль өткіздік. Ондағы мақсатымыз – еліміздің батыс өңірінде сақталған «көрісу» дәстүрін түркі тілдес халықтар арасында дәріптеу еді. Қазір адамдар өзара қол алысып қана көрісіп жүр. Ал, тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз кезінде бір-бірімен төс қағыстырып көріскен. Адамдардың төс қағыстыруының бір-біріне позитивті энергия беретіні медицинада дәлелденген. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында, яғни өліара кезеңде қазақтардың бір-біріне жылу энергиясын беруі – үлкен данышпандық. Осылайша, Сарайшық ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде  зор маңызға ие болып отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз