Саламат Сабыр: «Мәдениет пен өнер – егіз ұғым»

M deniet pen ner egiz yim Мәдениет

Мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөліп, өрлету – өркениетті елдердің басты ұстанымы. Осы бағытта атадан балаға мирас болып келе жатқан мәдениетіміздің өлкеміздегі бүгінгі беталысы қандай? Алдағы уақытта өнер мен руханият салаларында қандай өзгерістер орын алмақ? Осы және өзге де сауалдар аясында сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  басшысы Саламат Сабырмен сұхбаттасқан едік.

«Мәдениет пен өнер – егіз ұғым»

– Облыстағы биылғы ең басты мәдени оқиғалар жөнінде атап өтсеңіз?

– Бәріңізге белгілі, көрісу мерекесіне орай бұрын-соңды болмаған Халықаралық фестиваль өтті. Бұл шара облыс әкімдігі мен Халықаралық Түрксой ұйымының басшылығымен бірлесіп, кең көлемде ұйымдастырылды. Еуропа елдерінен 17 мемлекеттен мәртебелі меймандар да осы фестивальге келіп, қазақтың көрісу салтының мәні мен маңыздылығына тәнті болды. Республикалық батагөйлер байқауы да – биылғы маңызды шараның бірі. «Батаменен ел көгерер» деген қағиданы негізге алған бұл шара жоғары деңгейде өтті.

Бес күн бойы атақты драматург, жазушы Есенжол Домбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған еске алу кешін де ерекше атап өткен жөн. Мұның бәрі – өнерге деген құрметтен туған дүниелер.

– Байқағанымыздай, өңірде аталған салада жеткен жетістіктер көп. Дегенмен, әлі де жетпей жатқан тұстар бар ма?

– Меніңше, мәдениет пен өнерге неғұрлым инвестицияны көбірек құйып, оны дамытуға күш салу керек. Өйткені, егіз ұғым саналатын бұл салалар –  қазақтың  ұлттық қантамыры. Өнердің құнын арттырып, оны өзгеге бағалата білуіміз қажет. Бұл ретте біз өнерпаздардың білімін одан әрі жетілдіруге баса көңіл бөлудеміз. Алдағы уақытта Будапешттің консерваторияларына біздің мамандарды оқытсақ дейміз. Осы орайда Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның екі әншісін шет тілін меңгертуге оқытып жатырмыз. Одан соң оларды Италияға да жіберіп, тәжірибелерін шыңдаймыз.

Санкт-Петербургте оқытуға да келіссөз жасалды. Биыл грантпен бес жасты осы қаланың өнер институтында оқытуға уағдаласып жатырмыз.

Бүгінде архив ғимараты сын көтермейді. Сондықтан, жаңа нысан салу жоспарланды. Нұрсаядағы концерттік залды 1200 орындық етіп қайта жасақтау да қолға алынды.

Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің  арнайы «Дәстүрлі өнер» деп аталатын ғимараты бой көтереді. Оның сахнасы жиналмалы түрде жасақталады. Басқарманың да жаңа нысаны салынады.

– Мәдениетті жаңғыртудағы алдағы жоспарлармен бөлісе отырсаңыз…

– Жақында ғана құрылған мәдениет қоғамдық кеңесі шешімімен министрлік тарапынан Әбу Сәрсенбаев пен Қаршыға Ахмедияровтың ескерткіштері жобасы қолдау тауып, Хамит Ерғалиевтің ескерткіші жобасына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс түсті. Сондай-ақ, Атырау қаласында Абай мен Халелге, Миялы селосында Халелге, Индерде Мұрат Мөңкеұлы мен Махамбет Өтемісұлына ескерткіш салу жөніндегі ұсыныстар да қолдау табады деп сенеміз.

Биылғы басты оқиғаның тағы бірі – «Халел ставкасының» табылғандығы. Ол республикалық деңгейде үлкен орталыққа айналып, Қазақстан картасының киелі жерлер географиясына енген Атырау облысындағы қасиетті жерлерді толықтырады. Бұл  – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қол жеткізген үлкен белес және Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған Атырау облысының арнайы тартуы болады деп санаймыз.

Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрін, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония  ұжымын шетелдерге – Еуропаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазірге дейін Түркияда, Тайландта, Малайзияда, Будапештте гастрольдік сапарлармен болып қайтты.

«Мәдениет пен өнер – егіз ұғым»-2

– Аталған істің игілігін шалғайдағы аудан, ауылдардағы тұрғындар қалай пайдалануда?

– Шыны керек, нағыз өнерпаздар ауылдарда. Сондықтан, ауылдық жерлерге әлі де қолдау қажет. Осы мақсатта елді мекендерде жаңа типтегі мәдениет үйлері бой көтеруде. Ал, он бес шақты ғана үйлері бар аймақтарға арнайы автоклубтар шығарылады.

– Мәдениет саласында театрдың алатын орны ерекше. Біздегі бұл өнер ұжымының бүгінгі жағдайы қалай?

Биыл театрдың академиялық атаққа ие болуы – үлкен мәртебе. Біздің театр ұжымы М.Әуезов атындағы академиялық театрда, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында болып, бірнеше спектакль қойды. Былтыр гастрольдік сапармен Түркияда болып келді. Биыл ұжым екіге бөлініп, екі шет мемлекетке бармақшы.

Қазір театрды жаңарту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.  Айта кету керек, жөндеуден соң театр өзгеше типте есігін ашады. Шетелдіктерге арналған шамамен жүз орындыққа үш тілді аударма құрал-жабдықтары орнатылады. Өйткені, театр академиялық атаққа сай болып, шетелдік меймандарға да қолжетімді болуы керек.

– Бүгінде «жастар кітап оқуға құлықсыз» деген сөздер жиі айтылуда. Бірақ, қай кезде де кітаптың орны бөлек қой. Кітапханаларда бұл мәселенің түйіні қалай шешілуде?

– Өткен жылдың өзінде 25 ақын-жазушының кітаптарын қайта бастырып, кітапхана қоры елу мың дана жаңа басылыммен толықты. Бұлардың барлығы аудан, ауылдағы кітапханаларға бөлінді. Қазір кітап сүйетін оқырмандарға іздеген туындылары қолжетімді. Олардың ішінде үш томдық Ұлт қайраткері Х.Досмұхамедовтың жинағы бар. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қажығали Мұхамбетқалиев, Әнес Сарай сынды қазаққа белгілі жазушылардың шығармалары кітап болып басылып, оқырманға жол тартты.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы шалғайда орналасқандықтан, қаланың орталығынан жаңа типтегі тағы бір нысан бой көтермек. Облыстық кітапхананың мобилді жүйесі ұйымдастырылуда. Кез келген адам ұялы телефоны арқылы жүйеге кіріп, өзіне қажетті кітаптарды, шығармаларды оқи алады. Бұл қызметті пайдаланған адам кітапхана оқырманы болып тіркеледі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді  түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз