РУХЫ РАЗЫ БОЛСЫН ДЕП…

Өткен ғасырдың қырық бірінші жылы фашистік Германия Кеңес еліне тұтқиылдан шабуыл жасағанда, қаншама ер елін, жерін, отбасы мен халқын жаулардан азат етуге аттанды десеңізші. Солардың қатарында жерлесіміз Рахмет Мырзағалиев те бар болатын.

Рахаң 1921 жылы бұрынғы Новобогат ауданының Забурын ауылдық кеңесінде балықшы отбасында өмірге келген. Екеуміз бір ауылдың тел өскен ұлдары едік. Бір мектепте оқып, қимас дос, сыйлас бауыр болдық. Рахметтің әкесі – Мырзағали Досайқұлов сол Забурын селосындағы «Родина» (кейін ол Амангелді атында болды) балық аулау колхозының маңдайалды балықшыларының бірі еді. Бар білгенін өзінен жасы кішілерге үйретіп, тәжірибесімен бөлісетін. 

Сұм соғыс басталған кезде біз небәрі жиырма жаста едік. Бойымыздағы жалындаған жастық жігермен Отанымызды қорғауға аттануды армандаумен жүрдік. Сөйтіп, 1942 жылдың 9 қаңтарында Рахмет 425-ші атқыштар дивизиясына алынды. Ал, мен басқа жаққа бөлініп кеттім. Екеуміз екі жақта жүрсек те, бір-біріміздің, жауынгер жолдастарымыздың тілеуін тілеп, «қайтсек те елге үлкен жеңіспен оралуымыз керек!» деген шынайы ниетті ұран еттік. Соғыста ешқашан оңай болмайды. Соның бәріне шыдап, жанын шүберекке түйіп жүрген жас жауынгер Рахмет соғыстың аяғына қарай, кезекті бір ұрыс үстінде ауыр жараланып, госпитальға түседі… 

«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деп аталарымыз айтқандай, Рахаңның татар дәмі таусылмаған екен. Ол сол госпитальда ұзақ емделіп, 1946 жылы бір аяғы мен қос шырағынан айырылып, ұшақпен елге жеткізіледі. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін ол бірнеше орден, медальдармен, алғыс хаттармен марапатталыпты. Елге оралған оған үкімет бірінші топ мүгедегі ретінде зейнетақы тағайындайды. Ал, 1950 жылы досымның өмірінде үлкен тарихи оқиға орын алады: ол Забурын ауылдық кеңесінде шаңырақ көтереді. Өмірлік қосағы Ибалы екеуі өмірге жеті ұл-қыз әкеледі. 

Жылдар жылжып, колхоздар түгелімен көшірілгенде біз де Дамбы селосына қоныс аудардық. Қанша дегенмен жарақаттың аты – жарақат, уақыт өте келе ол бәрібір сыр білдіреді. Рахаңның да саулығы кеміп, үкімет қамқорлығы арқасында аурухана, демалыс орындарына барғыштап жүреді. Көзі көрмейтіндіктен, оның қасына облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы күтуші – қызметкер бөлінетін. Өмірден өтерінен бес жыл бұрын оған «Запорожец» жеңіл автокөлігі берілді. Сондағы Рахаңның жас балаша қуанғанын көрсеңіз ғой. Көлікті ұлына жүргіздіріп, өзінің қаралатын дәрігерлеріне шаршамай баратын. 

Бар болғаны елу бес жас өмір сүрген жан досым тірі болса, бізбен бірге қартайып отыратын еді ғой. Бірақ, бұл қызық оған бұйырмады. Біздің тәуба етеріміз, Рахаң мен Ибалының артында өнегелі ұрпағы, немере-шөберелері өсіп келеді. Шаңырағын ұстап отырған ұлы Ишан Мырзағалиев Амангелді атындағы өндірістік кооперативінде жұмыста. Өзге ұл-қызы да өз нанын адал тауып жүр. 

Біз, ардагерлер, өмірден өтсе де, көңілден кетпейтін осындай азаматтарымызды ұлығылау, еске алу мақсатында өткізіліп жүретін мәдени-көпшілік шараларды көңілге медет тұтамыз. Осыдан біраз жыл бұрын Атырау қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Амангелді атындағы орта мектепте асыл ерді еске алуға арналған үстел теннисінен жарыс өтті. Шағын мақаламның соңында айтарым: досым, жолдасым болған абзал азамат, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахмет Мырзағалиевтың атын мәңгі есте қалдыру мақсатында оның есімін бір көшеге берсек, өмірден ертерек кеткен жауынгердің рухы разы болар еді. 

Жәрдем БЕКМАҒАМБЕТОВ,

Ұлы Отан соғысының ардагері, 95 жаста,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз