Рахымжан ОТАРБАЕВ: «АБЫЗ ӘБУ АДАМГЕРШІЛІГІМЕН АСҚАҚ ЕДІ»

Биылғы жылы Атыраудың Абыз ұлы, теңіздің арыстан жал толқындарында тербеліп өскен, Каспий теңізі атырабын ғұмыр бойы жырлап өткен Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осынау Ұлы тұлғаның мерейжасы аясында Атырау облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен тағылымды зор шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен «Теңізбен егіз ұғым – Әбу Сәрсенбаев» тақырыбында  өткен оқырмандармен  кездесу.   Кешті   Атырау облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев ашты. Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаев, Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатының басшысы Зұлбұқар Сүйінішов Абыз Әбу жөніндегі естеліктерін айтқан әдеби кешті өлкетанушы-журналист Өтепберген Әлімгереев жүргізді. Атырау мұнай және газ институтының  оқытушысы Гүлшара Мұханғалиева ақынның майдан туралы өлеңдеріне шолу жасады.

 

Біз осы шарадан кейін  кітаптары дүниежүзінің көптеген елдерінің тілінде сөйлеген, есімі алты алашқа белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевты әңгімеге тартқан болатынбыз.

Рахымжан аға, Сіз – Абыз Әбудің көзін көріп, қанатының астында өскен ұрпақтың өкілісіз. Сұрағымыз, бәлкім, жаттанды да естілер, алайда, Әбу атамен алғаш қалай таныстыңыз?

– Ағынды судай сарқырап, жолындағының бәрін өзімен ілестіре алып бара жатқан уақыт-дарияға тоқтау бар ма, сірә?! Сонау 1981 жылдың 1 қыркүйегі болатын. «Москва-Алматы» жүрдек пойызына өрмелей мініп, арманның асқарындай болып көзді арбап, жүректі баураған Алматыға жеткем. Бір адамды да танымаймын. Қонақ үйден орын ала алмай, Панфилов паркіне қонып шықтым. Бәтеңкемді басыма жастандым, себебі, ұрлап кетсе жалаң аяқ қалатыным даусыз ғой…

Ертесіне Жұмекен ағамды жұмыс орнына іздеп бардым. «Отыз жылдан кейін соңымнан «Аға» деп, елден келген қарлығаш» деген Жұмекен ағамның қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Біраз әңгімелескен соң Жұмекен аға айтты: «Сені Әбу атаңа алып барайын, елден келгеніңді айтып, таныстырайын. Жалғыз маған емес, талай қазаққа қамқор болған Әбу ғой»,- деп. Жолай таныстырып келе жатыр: «Мынау 2 қабатты үйде Әбділдә Тәжібаев, Әбу атаның жанындағы үйде ақын Мұқағали Мақатаев, Әбу аталардың жоғарғы қабатында Сағынғали Сейітов деген ақын ағаң тұрады. Анау солтүстіктің қарағайындай сымбатты Сафуан Шәймерденов…».

«Япырм-ай, кіл ұлылардың ішінде мен неғып жүрмін? Осынау қазақ әдебиетінің классиктерінің жанында мен кіммін?!» – деген сұрақтар миымнан шығар емес. Сөйтсем, сол кезде мен ұлы деп, көзі тірі классик деп таныған ақындар мен жазушылардың көпшілігі әдебиетке сыңариықтап, сыңараяқтап енген тұлғалар екен ғой. Соғыстан кейінгі ауыртпалығы мол кезеңнің жетімдік тағдыр қамытын киген ұлдарына ата-анадан кейін шапағат-мейірімін төккен Әбу ата екен. Солар қандай тұлғалар еді?!

Жұмекен аға екеуіміз барсақ, Әбу ата үйінде болып шықты. Өзінің кішкене ғана жазу кабинеті бар, сонда жұмыс үстелінде отыр. Түс кезі еді. Бізді керемет бір ықыласпен қарсы алды. Мені емес, Жұмекен ағаны, әрине! Әйтпесе, мені танымайды да ғой! Жұмекен ағам таныстырып, елден өздерін іздеп келгенімді айтып жатыр. Әбу ата ерекше қуанып, Райхан апаны шақырып, ол кісіден сүйінші сұрап, мәре-сәре болды да қалды. «Біздің соңымыздан жыл құсындай боп бір бала келген екен» деп қатты толқыды, қуанды. Қандай жоспарым бар екенін сұрады. Мен ашып айта алмай, осында қызметке тұрғым келетінін, «прописка» керек екенін, алайда, Алматыда ешбір танысым жоқтығын, ең бастысы, ауылдың ағаларын іздеп келгенімді жеткіздім.

– Өлең жазасың ба? – деп сұрады Әбу Ата, таныстықтан соң.

– Иә…

– Екі-үш өлеңіңді оқышы, – деді жүзіме жылыұшырай қарап.

Өлеңдерімді оқыдым. Ол кісі айрықша ынтамен тыңдап, Жұмекен ағаға:

– Алғы сөз жазып, қазақ әдебиетіне ұсын, – деп еді.

Жұмекен аға:

– Әбеке, асықпайық. Бала піссін, – дегені!

Мына сөзге ішімнен айранасыр боп отырмын. Мен өзімше пістім, болып-толып, кемеліме келдім деп келіп отырсам…

 Иә, ол кезде олар – кеме еді әдебиет деген мұхиттағы, мен кішкене,   қалтылдақ қайық едім бар-жоғы. Содан Әбу Ата қуанып, дегбірі қашып Зейнолла Серікқалиевке телефон шалды.

– Әй, ауылдан бір бала келіпті Рахымжан деген. Жұмекен ілестіріп алып келіпті. Қайсың жұмыс тауып бересің, қайсың «прописка жасайсың?». – Мен өзім «пропискаға» отырғызар едім, үйім толып тұр, – деп үйіп-төгіп тапсырмасын беріп жатыр.

 Сөйтіп жүргенде, 15-20 күн ішінде Алматының халқы миллионға жетті. Сырттан келетін, арман жетегіне ерген жастарға Алматы есігін тарс жапты. «Прописка» болмаса, қызмет те жоқ деген сөз! Менің, жалпы, бір адамды мезі ғып, жыртыс іздеген кемпірдей жыртиып есігінен сығалау әдетімде жоқ. «Сұмырай келсе, су құриды» деген, әй, Рахымжан, оңбадың», – дедім өзіме-өзім. Бірақ, араға екі ай салып, сол Абыз атаның ықыласымен, иманы салауат болғыр екі ағамның көмегімен қызметке де тұрдық, прописка да таптық. Бұл – менің өмірімдегі ең елеулі кезең. Бұл – ол кісінің заңғар кісілігі, асқар азаматтығы!

– Адаммен араласқан кезде ғана оның кім екенін жете тануға болады. Сіз де Әбу атаны тереңнен тани бастадыңыз…

– Әбу атамен етене аралас-құралас болғаннан кейін көп нәрсеге көзім жетті. Жалғыз мен емес, белгілі жазушы Сайын Мұратбековті үйіне жатқызып, баласындай мәпелеген, оқуға түсіріп, жол нұсқаған да Әбекең екен. Қытайдан келген ақын Мінуар Әкімханов та ол кісімен жақсы араласты. Сөйтсем, оны да оқуға түсіріп, кітабын шығартып, басқа да жағдайларына көмектесіпті. Темірхан Медетбекті де «балам» деп, бауырына басқан.

Бір жылы оқырмандармен кездесуге Талдықорғанға барады. Сол сапарда ағайындарының үйін сағалап бір жетім қыз жүр екен. Отын жағып, күлін шығарып…Бір аяғы ақсақ көрінеді. Жатып-тұрып ақсайды. Ол – қазақтың болашақ белгілі ақын қызы Қанипа Бұғыбаева еді. Өлең жазатынын біліп, сұрастырып, оқып, өзіне шақырып алып, Алматыға алып кетеді. Болашағынан үлкен үміт күтіп, үйіне әкеліп жатқызып, аяғын емдетіп, оқуға түсіреді. Кейін өз қолымен, күйеуге Ұзынағашқа ұзатады, тойын жасайды. Қанағат деген жездеміз бар қазір, апамыз бақилық болған, балалары да бар.

Үйіне барып отырсам, бір келіншек келді, танымаймын. Шәй ішіп отырып жылады:

– Әбу ата, жол таппай қаңғып жүргенде, үйге әкеліп адам қылып едіңіз. Ләзиза апай екеуіңіз өз қыздарыңыздай тәрбиелеп, ұзатып, тұрмысқа бергенсіз. Ләзиза апа қайтыс болғанда келіп көңіл айтуға жарамадым, кешірерсіз, – деп қоймастан егілді. Бұл Қанипа апамыз сияқты қамқорлық көрген қыздардың бірі еді. 

Жазушы Сайын Мұратбековке көңілі құлап, тонның ішкі бауындай көргені сонша, Жазушылар Одағына  келгенде:

– Әлгі иттің өзі қайда? – деп Сайын ағамызды іздеп, ақ жанымен аңқылдап, өзімсіне, иемдене сөйлейтін.

Әбу атаның сол қамқор мейірі, дархан көңілі,  кең құшағына сыйған көп жетімектің бірі – мен едім. Ілкі қолтығымнан демеп жіберген соң салмақ салмадым. Қазақ әдебиетінде жасаймын. Көп жаздым, көп іздендім, жан-тәніммен, жігер-қайратымды аямай қызмет еттім. Содан болар,  дәрігерлер маған «зорықты» деген диагноз қойды. Оған мән бермей, емделмей жүре бердім. Сөйтіп жүріп, жұмыста құладым. Ауруханаға салыпты. Есімді боро-камерада жинадым. Бір күні түс кезінде аурухана дәлізінен Әбу атаның жіңішкелеу даусы естілді:

– Әлгі біздің бала осында түсіп қалыпты ғой! Ол «итің» ауырып қалыпты дей ме? – деп сұрап жатыр.

Орнымнан ұшып тұрдым. Сөйтсем, қасында бір балаңдау жігіт, көкбазарға барыпты. Үш литрлік банкіге қымыз құйдырып алған, сексен бестегі қария ауруханаға түсіп қалғанымды  естіп, маған келген беті екен. Сонша жасқа келгеніне қарамай, жанына бір баланы ертіп алып, мені іздеп жүр… «Мен сол жасқа келгенде біреуді іздеймін бе?» деген сұрақ тұрады көкейімде. Әкеміздей болып  қамқорлаған әулиедей адам еді. Оның алдында қалам ұстаған қазақтың бәрі қарыздар. Адамгершілік тұрғысынан келгенде Әбу ата бәрімізден биік тұрды! Қазір де сол қалпында, заңғар биікте тұр.

Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылығының өзі де сан-салалы, күрделі. Теңіз тақырыбы бір бөлек, одан өзге майданда жазған жазбалары, соғыс тақырыбындағы туындыларының өзі жас ұрпаққа – мұра. Бейбіт күн, Отан, туған жер де оның қаламынан тыс қалмады…

– Әбу ата поэзияға «Ақша бұлт» болып келді. Оның поэзиясында өзіндік бір өзгеше стиль болды.  Көктемдегі таудан құлап, қопарылған селдей күркіретіп жазады. Мәселен, «Сен құрметте оны» деген барша жұртқа әйгілі өлеңін алайық. Осы өлеңде форма, түр жағынан жаңалық бар. Қазақ өлеңіне жаңа түр, жаңа пішін әкелді. Өкінішке орай, оның өлеңге әкелген түрі мен формасын дамытып, алға әкеткен шәкірттері болмады. Бірақ, Жұмекен аға өлеңдерінің формасы осы кісіден бастау алған сияқты. «Ұстазым» деп ілтипат көрсетіп отыратын еді өзі. Ол да Әбу Абыз сияқты прозаға да, поэзияға да қатар барды.

Мен де кейде күзгі аспанның бұлтымын,

Жел қысқанда не жауарын білмейтін,-деген Жұмекен ағаның өлең жолдары Әбуге де, Жұмекеннің өзіне де тән еді. Шабыт қысқанда не ғажап прозалық туынды, не болмаса сәулелі, керемет өлең жазатын еді екеуі де…

Жұмекен аға Әбу атадан алған сол форма, сол жаңалығын дамытып, қазақ әдебиетін бөлекше, өзгеше көкжиекке көтерді. Бұл – әдебиеттегі сабақтастық десек, артықтық етпес. Прозада екі адам теңіз табиғатын, балықшылар өмірін тайға таңба басқандай етіп жазды.  Олар – Әбу Сәрсенбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейісов. Басқа қаламгерлер ауыл өмірін, ел мен жерді жазды. Олар теңізді көрмегендер. Бүкіл теңіздің табиғаты, балықшы жұрттың қам-қарекеті тек осы екі қаламгер арқылы көрініс тапты. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың көп таныстары, байланыстары бар адам. Сондықтан, Арал тағдырына әлем назарын аудартты. Әбу атаның шығармалары одан ешбір кем болмаса да  дүние жүзі халықтарына танылмай, өз ішімізде қалып қойды. Сол жағын қолға алған жөн.

Ол кезде қаншама керемет жазсаң да Мәскеудің баспаларынан кітап шығартуың міндетті еді. Оны сол Мәскеудің тіл мен жағына сүйенген, аузы дуалы еврейлері аударуы қажет тағы да! Сол арқылы әрі қарай әлем әдебиетінің есігі ашылатын. Бір өкініштісі, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Әбу ата да бар, қазақтың үлкен дарынды перзенттері әлемдік аренада көрінбей қалды.   

Оның өмірдің өзіндей шыншыл, теңіздей терең, Жайықтың толқындарындай ағынды өлеңдерін оқығанда оқырман бойына ерекше шабыт, рух даритыны кәміл. Сондықтан, жақында Әбу Сәрсенбаев мұрасын жинақтап жүрген қазақтың белгілі жазушы қызы Заря Жұманова қарындасыма ол кісінің барлық шығармасын жинақтап, электронды нұсқасын жіберуді тапсырып едім. Кітап етіп шығару үшін! Ол ұсынысты Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының да қолдайтынына сенімдімін.

Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Әңгімелескен

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз