ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Ел басына күн туып, рақымсыз жау тыныш жатқан елге тұтқиылдан шабуыл жасаған сол бір қиын-қыстау кезеңнің ауыртпалығы арада көп жылдар өтсе де өшпек емес. Ананы жесір, баланы жетім еткен қанды соғыс талай шаңырақты ортасына түсірді. Соғыс өрті шалмаған бірде-бір отбасы болмады десек, артық айтқандық емес. Сүйегі жат жерде қалып, туған елден бір уыс топырақ бұйырмай құрбан болғандар қаншама? Тепсе темір үзгендей атпал азаматтардың мүгедек, кемтар болып оралғандарын айтсаңызшы. Уақыт шіркін өз үстемдігін жүргізгенімен, сол жылдардан жүрекке түскен сызат, жан жарасы әлі күнге жазылмай келеді.

 Соғыс кезінде толарсақтан қан кешіп, майдан өтінде қаза тапқандарға «қара қағаз» келсе, кейбіреулеріне «хабарсыз кетті» деген суық хабар жеткізілген. Сол «хабарсыз кеткендерді» ұрпақтары әлі күнге дейін іздестіруде. Жерленген орнын тауып, қуаныш пен жұбанышқа бөленгендер де баршылық. Қуанатындары – ел ертеңі үшін ажал құшқан бабаларының мәңгілік мекенін тауып, рухына бас иіп, олардың ерліктеріне тағзым еткендері. Ал, жұбанудың себебі –соңында қалған ұрпақтары үшін бұл орындардың қасиетті мекен болып қалатындығы.

Молдаш Лұқпанов соғысқа дейін Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданы Калмыков селосында туған. Колхозда бухгалтер болып жұмыс жасаған Молдаштың шаңырағы сүттей ұйып отырған отбасы болатын. «Соғыс» деген жалғыз ауыз сөз дүниені дүр сілкінтіп, халықты есеңгіретіп тастады. Ер адамдар лек-легімен майданға аттана бастады. Сеңдей соғысқан жұртта ес жоқ. 1942 жылдың тамызында Молдаш та соғысқа алынады. Орда бұзар отызға толған жас жігіт соңында қалып бара жатқан жан жары мен кішкене үш қызына, дүниеге жаңа ғана келген ұлына жаутаңдап қарай берген. Әкесінің жиі іссапарға шығып, сыйлық әкелетінін білетін кішкене қызының «маған қуыршақ әкелесің ғой» деген сөзі оның жүрегін тіліп жібергендей еді.

 «Ол кезде мен бар болғаны 6-7-лер шамасындамын. Балалардың үлкені болғасын ба, жанарынан жас тамшылаған анам маған кішкентайларға мұқият қарауымды, өзінің әкемді майданға шығарып салуға кетіп бара жатқандығын айтты. Бір жағымсыз жағдайдың болғанын сезіп-ақ тұрдым. Бірақ, балалығым басым болды ма, аса мән бермеген сияқтымын» деп еске алады Молдаш ақсақалдың қызы Майра апай. 

Басқа түскесін амал нешік, көппен бірге бұлардың отбасы да өмір сүре берді. Шиеттей үш баланы бағу Рахимаға оңайға түспеді. Бірақ, Молдаш бір күні келер деген үмітпен  «көштен»  қалмады. «Алғашында хат келіп тұрды. Анам шала сауатты болғасын, кішкентай болсам да хатты мен жазатынмын. Бір-екі рет жауап келді. Сондағы қуанышымызды көрсеңіз. «Сталинград майданына қарай бара жатырмыз» деді бір хатында. Көп ұзамай әкемнен хат мүлдем тыйылды» дейді Майра апай өткен өміріне тағы бір рет көз жіберіп. Молдаш 1942 жылдың желтоқсанынан бастап хабарсыз қалады.

«Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген, бес жылға созылған қанды қырғын аяқталып, халық біртіндеп естерін жия бастайды. Біреулері бір қол, бір аяғы жоқ болса да аман келгендеріне мәз болса, тағы біреулері хабарсыз кеткендерді сұрастырып, «жоқ» деген сөзді қабылдамай, әрбір күндерін үмітпен қарсылайды. Солардың бірі–Лұқпановтар әулеті. «Атамыздың қайтыс болып, жерленген жерін 1946-47 жылдан бастап іздестіріп келеміз.  Іздеу жұмыстарын Молдаш атамның әкесі, менің арғы атам Лұқпан Өмірзақов бастаған. Ол кісі КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне бірнеше рет хат жазады. Бірақ, «хабарсыз кеткен, басқа ақпарат жоқ» деген жауап алады. Кейін әйелі Рабиға апа, оның қызы, менің анам Майра Лұқпанова жалғастырып, іздеуді тоқтатпайды. Бірақ, еш нәтиже болмайды. 

Сөйтіп жүргенде мен РФҚорғаныс министрлігінің орталық архивінде жаңа сайт ашылғанын естіп, сол сайтпен жұмыс жасай бастадым. 1912 жылы туған, Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданынан соғысқа шақырылып, 1942 жылдың желтоқсанында ауыр жарақаттан Сталинград майданында қаза тапқан Молдаш Мукбиев деген адамның дерегі ағам Фарид Сәулебаев екеуміздің көңілімізді алаңдата берді. Мүмкін, бұл біздің атамыздың аты-жөні шығар. Соғыс кезінде жауынгерлердің аты-жөндері қате жазылу фактілері де кездескен ғой. Сөйтіп, ақылдаса келе, әскери-медициналық құжаттар архивіне сұраныс жібердік. Бірақ, Молдаш Лұқпанов (Мукбиев) туралы мәліметтің аз болуы себепті дұрыс жауап ала алмадық. Бұл сайттың жұмысы жыл сайын дамып, толықтырыла берді. Біз Санкт-Петербург қаласының әскери-медициналық құжаттар архивіне тағы да сұраныс жолдадық. Қызықты қараңыз, Молдаш Мукбиевтің біздің атамыз Молдаш Лұқпанов екендігі туралы жауап келгендегі қуаныш пен толғанысымызды айтып жеткізу оңай емес-ау, сірә» дейді немересі Нұрия Бердиева. «Медициналық архивтегі құжаттар ол кісінің біздің атамыз екендігін толықтай анықтады. 9 мамыр Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында әулетімізге келіп жеткен бұл хабар бізді үлкен шаттыққа бөледі. «Орнында бар оңалар» дегендей, атамыздың артында ұрпақ қалды. «Сол ұрпақ сабақтастығы бізді бүгінгідей бақытқа бөлеп отыр. Артында қалған ізіндей біз, қарындастары, бармыз» дейді облысқа белгілі қоғам қайраткері, Атырау қаласының Құрметті азаматы, халықаралық  «Үздік адамдар» үлкен энциклопедиясына есімі енген, халықтық білім беру саласы мен мемлекеттік қызмет ардагері Сәуле Лұқпанова тебіреніспен.

«Шынымды айтсам, бұл хабарға алғашында сенер-сенбесімізді білмей жүрдік. Талай жыл бойы тынымсыз ізденістің соңы осындай қуанышқа бөлейді деп кім ойлаған? Қайран анамды, оның талай түндер үнсіз жылаған бейнесін есіме алып жаным қиналды. Мен үнемі бір күні атамның зиратын тауып, анамды алып барсам деп армандайтынмын. Сөйтіп, анамның бір сәтке болса да көңілі көншігенін көрсек дейтінмін. Ең болмаса, Отаны үшін жанын қиған жерін тапсақ деуші едім. Бірақ, ұзақ жылғы ізденіске анам шыдамады. Амал не? Сонда да болса, атамыздың бір дерегін тапқанымызға қуанамыз. Інім Идаят жастай қайтыс болды. Сіңлім Софья Шымкент қаласында тұрады. Балалы-шағалы жолдасы Серікбай екеуі бүгінгі күні алты немересінің бақытына бөленуде. Менің жолдасым Бердиев Махмуд дүниеден озды. Екеуміздің бауырымыздан тараған үш баладан алты немере, екі шөбере көріп отырған жайым бар. Бірақ, сол бір ел ішін мұңға толтырған соғыс зардабы әлі күнге есімнен кетпейді. Әкем соғысқа аттанғанда біз Калмыковта тұрдық қой. 1944 жылы бізді атам Гурьевке көшіріп алды. Сәуле екеуміз бір үйде, жарты нанды бөліп жеп өстік. Атам бәрімізді оқытып, үй қылды. Ризашылығымда шек жоқ», – деп  толқыды Майра апай.

Лұқпановтар әулеті ұзақ күткен бұл қуаныштарын аталары жатқан жерін көрумен жалғастыру керек екендігін түсінді. Волгоград облысы Суровикино қаласының әскери комиссариатына хат жолдап, аталарының жерленген жеріне бару үшін көмек сұрайды. Волгоград облысы Суровинский ауданының комиссариаты да, Добринский селолық округінің әкімшілік басшысы Сергей Николаевич Сухаруков та бұл ұсынысты жылы қабылдайды. Сөйтіп, қыркүйектің басында жүректері қуанышқа толған он екі адам Добринка хуторына қарай жолға шығады. Олар Молдаш ағамыздың үрім-бұтақтары: қыздары Майра мен Софья, қарындастары Сәуле мен Надежда, күйеу балалары (Софьяның кіші қызының жолдасы) Серікбай, немересінің жолдасы Тимур, немерелері Мұрат, Рашид, Нұрия, шөберелері Мирас пен Ерсұлтан болатын. Барлықтарының да көңіл-күйлері көтеріңкі. Табиғат та осы бір әдемі шақты қолдағандай жаймашуақ. Бұл село Ростов облысымен шекаралас орналасқан. Сталинград соғысы кезінде бұл жерде үлкен  шайқас болған. Добринка селосында әскери госпиталь орналасқан. 

Тұңғиығына талай сыр бүгіп, тұнжырап жатқан бұл аймақ, жолаушыларды жылы қарсы алады. Оларға арнап үлкен қабылдау ұйымдастырылады. «Волгоград қаласынан хуторға жеткенше жаңбыр жауып тұрды. Қалай баратын жерімізге жеттік, солай жаңбыр да тыйылды. Бізді Бауырластар зиратындағы ескерт- кішке алып келді. Сол кездегі жан толғанысын  айтып, жеткізу қиын. Көзден аққан жасқа ерік беріп, біресе қуандық, біресе жанымыз жабырқады. Хутор тұрғындары атынан Сергей Сухаруков сөйлеп, жергілікті мектеп-интернаттың оқушылары Ұлы Отан соғысына арнаған бағдарламаларын ұсынды» деп еске алады олар. Молдаш ағаның жақын-туыстары атынан Сәуле Лұқпанова сөз сөйлеп: «Біз талай жауынгердің қаны тамған қасиетті жерге келіп тұрмыз. Бұл жерде елі үшін жандарын қиғандар жатыр. Біз үшін олардың барлығы да ағамыз сияқты туысқан-бауыр» деп өзінің құрмет сезімін білдірді.

 Салтанатты сәттен кейін село тұрғындары келген қонақтарды оңаша қалдырды. Ағайындар атынан құран бағыштап, туған жерден әкелінген бір уыс топырақты зират үстіне сеуіп, Молдаш аталарына және осы жерде жатқан барша қазақстандық жауынгерлерге арнап, перзенттік ілтипаттарын көрсетті. «Бір таңғалғанымыз, сол жерде тұратын қазақтардың барлығы да бізге қосылып, алақан жайып, бата қылды. Ізгі тілектерін білдірді. Шетте жүрген ағайындарымыздың бұл ілтипатына біз де риза болдық», – дейді Сәуле апай көкейіндегі жолсапар  әсерінен арыла алмай. Қанқұйлы соғыста туған жерге жете алмай қанша қазақстандық осы жерде мәңгілікке қалды. Лұқпановтар әулеті олардың да бастарына гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.

Одан кейін мектепте орналасқан әскери мұражайды аралап көрді. Қыршын кеткен отандастар рухына бас иіп, бір сәт кеуделерін намысты қолдан бермеген жерлестеріне деген мақтаныш сезімі билесе, біресе көзге ыстық жас келіп, қимастық та жанды қинады. Село тұрғындарының көрсеткен құрметтері мен ақ адал ниеттерінде шек болмады. Әсіресе, Сергей Николаевичтің ақ көңілі жандарын жадыратты. «Ел басына күн туған соғыс жылдары бала болсам да менің осы күнге дейін жадымда. Біздің ұрпақ Ұлы Отан соғысы туралы мектеп қабырғасынан бастап оқып, кеуделерінде ел үшін жандарын қиған жауынгерлерге деген құрмет қалыптасты. Қантөгіспен келген бейбітшіліктің қаншалықты қымбат екендігін жандарымен сезінді. Уақыт өте келе бұл соғыс тақырыбы кейінге ысырылды. Шынын айтсақ, қазіргі балалар герман соғысы туралы мүлдем білмеуі де мүмкін. Менің бір таңғалғаным, Добринка хуторындағы мұражайға барғанда, сол жердегі жәдігерлермен таныстырған балалардың көздерінің жастарын тыя алмай соншалықты әсерлі баяндағандары сондайлық, кәдімгі соғыс зардабын көзбен көргендей әсерде қалдырды. Олардың сөздерін тыңдап тұрып, жаның тебіренбей бейжай тұру мүмкін емес еді. Осы жерде кәнігі педагог ретінде ойға қалдым. Келер ұрпақ ертеңгі ел болашағы үшін қан төккендердің ерлігін ешуақытта ұмытпауға тиіс. Соны оқушылардың санасына сіңіретіндей жағдай жасау керек деп ойлаймын. Осы жерде менің балалық шағымдағы мына бір оқиға есіме түсіп отыр. 

1943 жыл. Соғыстың нағыз күшейген кезі. Есі кірген баладан еңкейген кәріге дейін қолдарынан келгенше неміс фашистерін жеңуге үлес қосты. Мен  Молотов атындағы мектептің бірінші класында оқимын. Біз бала болсақ та, кішкентай жүрегімізбен «соғыс» деген суық сөздің не екенін білдік. Сөйтіп, бір топ оқушы жиналып, үй-үйді аралап, ақша жинай бастадық. Сондағы мақсат – майдан өтіндегі жауынгерлерге аз да болса көмегімізді беру. Бұл жұмыстың қанша айға созылғанын да білмеймін. Әйтеуір, 160 мың ақша жинадық. Сол кездегімен салыстырғанда, бұл аз қаржы емес. Үлкендердің көмегімен бұл ақшаны майданға жөнелттік. Біршама уақыттан кейін мектепке Сталиннің атынан телеграмма келді. Телеграммада Теңіз ауданының пионерлері мен мектеп оқушыларына алғыс айтып, олар жинаған 160 мың ақшаның танк жасауға кеткендігін және өз атынан оқуда, қоғамдық өмірде табысқа жетулерін тілегендігі айтылған. Сіз сенесіз бе, сол кездегі біздің қуанышымыз қандай болды. Кішкентай болсақ та жаудан кек алып, соғыста жүрген әкелеріміз бен ағаларымызға қолғабысымыз тигендей шаттандық, өзімізді Отанымыздың нағыз ержүрек патриоттары ретінде сезіндік. Бұл жерде айтайын дегенім, соғыс біткелі 70 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл – тарих. Ал, ел тарихын кейінгі ұрпақ білуге міндетті. Өйткені, сол соғыстан зардап көрмеген отбасы жоқ деуге болады». Сәуле Лұқпанова апай осылайша  өз ойын білдірді.

Көкіректе сенім мен күдік қабаттасып, оның үстіне сан жылдар бойы көксеген армандарына қол жеткізіп, алыс жолдан арып келгендегі бұл жылы қабылдау жүректерге шуақ құйғандай, барлығы да  керемет беймарал күйге бөленді. Ризашылық ниетпен, қазақтың ата дәстүріне орай Сергей Сухаруковтың иығына шапан жауып, алғыс сезімдерін білдірген олар туған елге бет алды. Барлықтарының да көңілдерінде тыныштық, ата-баба алдындағы перзенттік парызды өтеген жеңілдік бар тәрізді.

«Біз хутордан кетер алдында тағы да нөсер жауын жауып, айналаны көл-көсір етті. Атам жарықтық, бізді қимай жатқандай, тебіреніп кеттім. Мен енді бұл жерге жиі келетін боламын. Балаларым мен  немерелеріме де бұл жердің қаншалықты қымбат екендігін айтамын. Себебі, жас ұрпақ бабалар өткен жолды, олардың бейбіт заман үшін қасық қандары қалғанша шайқасып, құрбан болғандарын біліп өсуі қажет. Қазіргі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманның сол аталардың ерліктерінің арқасында келгенін  келер ұрпақ санаға түюге  тиісті», – дейді Нұрия.

Кешегі қанды қырғын – Ұлы Отан соғысында кеуделерін оққа төсеген ерлердің ерлігіне біз мәңгі қарыздармыз. Жалынды жастық шақтарын бораған оқтың астында өткізген ерлер туған елге деген сүйіспеншіліктің арқасында жеңіске жетелейтін әрбір күндерін ажалдың аузында өткізді. Зұлмат соғыстан аман келгендер де, жоғарыда сөз болған Молдаш ақсақал сияқты жат жерде қалғандар да ұрпақ жадында мәңгілікке сақталады. Өйткені, олар – Отан үшін от кешкендер…

Ағиба Қатешова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз