ӨЛКЕНІҢ ӨТКЕНІНЕН НЕ БІЛЕМІЗ?

Қойнауы шежіреге толы туған жер төсіне көз жіберсең, жатқан бір тарих екен. Мәселен, Сағыз селолық округінің оңтүстік-батысында ірі елді мекен бар. Сағыздан 110 шақырым қашықтықта орналасқан мекеннің Кенбай атануы - сол жердің батыс бөлігінде тұрған бейітпен тікелей байланысты. Бұл жерде Кенбай атаның қорымы жатыр. Кенбай ата өте қасиетті адам болған деседі. Кезінде атаның басына топалаңмен ауырған малды түнеткен екен. Адамдар да жиі барады. Кенбай ата туралы деректер тым тапшы. Сол себепті де, естіген-білгендерімді қағазға түсіріп отырған жайым бар.

Осы өзіміздің ауылымызға қатысты тағы бір аңыз бар. Он сан оймауыт пен тоғыз сан торғауыт кезінде ме, әлде ноғайлы заманында ма, әлде қалмаққа қарсы күрес тұсында ма, әйтеуір, осы атырапта ерлі-зайыпты екі кісі өмір сүріпті. Жаугершілік заман болса керек. Жауға қарсы ұрыстарда бір анамыз елден ерек жұрттың көзіне түсіпті. Кейін оны жастар «Алып Ана» деп атап кетеді. Денелі, ірі адам болған деседі. Ол кісінің күштілігі сол, қаптаған жаудың ортасында қалса да, жекпе-жекте де жау батырын найзамен түйреп, ат үстінен лақтырып жібереді екен.
Ол Ебейті – Ноғайты мен Сағыздың тұщы сулы Қопа тұсын мекен етіпті. Бейбіт заманда көріпкелдігі бар емші ретінде де Алып Ананың атағы алысқа жайылады. Қартайған шағында Алып Ана зайыбы Түкті атаға «…біз екеуміз бұл күнде бірге тұрғанмен, о дүниеде бөлек жататынымыз айқын. Егер бір қорымда қалсақ, ел көп ұзамай, «Алып Ана» қорымы деп атап, сенің есімің ұмыт қала ма деп қорқамын, ер – әйелдің иесі ғой» депті. Бүгінде Сағыз өзенінің солтүстік беткейінде Түкті Ата, оңтүстігінде Алып Ана бейіттері тұр. Екеуінің де бейіттері жер болып кеткен, тек халық қойған белгі ғана бар. Осы жердің тұрғындары мұнда тәу етіп, түнейді.
Халық аузындағы екінші бір әңгімеде Түкті Ата мен Алып Ананы ертедегі жырларда кездесетін Бабатүкті және Шашты Әзізбен байланыстырады. Бабатүктінің зайыбы Шашты Әзіз өзінің жолдасына үш шарт қояды. Ол мынадай шарттар екен. Біріншісі – басын жуғанда басына қарамау, екіншісі – қолтығының астына қарамау. Үшіншіден – аяғына қарамау.
Бабатүкті алғашқыда келіскенімен, қызығушылықпен бір күні сығалап қараса, Шашты Әзіз басын қолына алып, жуып отыр екен. Қолтығынан өкпесі көрініп тұрады екен. Ал, аяқтарының башпайлары теріс қарап тұрған пері қызы екен. Бабатүктінің қарап тұрғанын көрген пері қызы: «Енді мен жоқпын. Сен уәдеңе тұрмадың» деп қаша жөнеліпті. Содан Алатаудан ба, Қап тауынан ба, болмаса, Арқадан ба, Алтайдан ба, жеткен жерлері Сағыз өзенінің екі жағынан екеуі мәңгілік орын тепкен деген аңыз да бар.
Ауылымызға қатысты елеусіз жатқан тағы бір есім – Абдолла Хазірет Жаналыұлы. Ол 1853 жылы Сағыз өңірінде дүниеге келіп, 1918 жылы қайтыс болған. Уфадағы атақты «Ғалия» медресесін үздік бітірген және Бұқарадағы діни мектептің түлегі болған. Меккеге қажылыққа барған, өте білімдар кісі болыпты деседі. Орта Азия діни бірлестігінің ғалымдары оның білімділігін жоғары бағалап, «Хазірет» атағын қосып, Абдолла Хазірет деп атаған екен. Қазіргі Мақат-Қандыағаш темір жолы бойындағы Сағыз станциясынан 12 км жердегі Шибұлақ деген мекенде мешіт ұстаған. Мешіттің күмбезі алыстан көкшіл тартып, көрініп тұрған соң, халық «Көк мешіт» атап кеткен.
Абдолла мешітке түскен қаржыны кемтар адамдар мен кедей-кепшік отбасыларына үлестіріп, мейірімділік көрсеткен екен. Аядай ғана ауылдың осындай терең тарихын білу және оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – аға ұрпақтың міндеті. Десек те, осындай мәселелер өлке тарихына енгізілсе, мамандар тарапынан зерттелсе, ұрпақ үшін зор ұлағат, мол мұра болар еді.

Жайық ТЕМІРБОЛАТОВ,
Кенбай орта
мектебінің мұғалімі,
Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз