ОЛ – ЕЛДІҢ МАҚТАНЫШЫ

Қисапсыз ынта-жігермен Отаны үшін еңбек еткен, еліміздің мақтанышы мен марқайтып көз тойдырар қуанышы болған, айбынды да абыройлы, шоқтығы биік, тұғырлы тұлға Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев дүниеден өтті. Жүректі шымырлатар қимастықта шек жоқ.

 

Нұрлан Өтепұлы екеуміздің жұбымыз жазылмастан сыйлас, жұмыстас, дәмдес болғанымызға 30 жылдан асыпты. Ол ес жиғалы әкесінен, айналасындағы аға-бауыр, ағайын-туысқандарынан естігені тек мұнай төңірегіндегі әңгімелер болғасын ба, көп ойланбастан мұнайшылық мамандықты таңдады. Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне тікелей араласып, білікті маман ретінде өзіндік ізін қалдырды. «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының ашылуына да мұрындық болды. Мәскеудегі СССР Мұнай және газ өнеркәсібі бас басқармасында жұмыс жасаған кездеріндегі атқарған істерінің өзі бір төбе.

Өндірісі жаңа дамып, тәуелсіздіктің туын тіккен кезде Қазақстандай үлкен мемлекетке іріленген мұнай ордасының қажет екендігін көрсетті. Сөйтіп, 1997 жылы «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясы ашылып, оның тұңғыш президенті болып Нұрлан Балғымбаев тағайындалды. Білікті маман ретінде ол егемендіктің алғашқы кезінде ұлттық мұнай компаниясының, жалпы осы саланың дамуына көп еңбек сіңірді. Бұдан кейін ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды. Нар жігіт республика өміріне тікелей араласып, Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең-байтақ Ұлы Дала елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуында айтарлықтай ізін қалдырды.

Тізбектей берсек, Нұрлан Өтепұлының ел халқы үшін, соның ішінде өзі туып-өскен Атырауы үшін жасаған еңбектері ұшан-теңіз. Әр минуты есептеулі жауапты қызметтердің қайсысында жүрсе де, кіндік кесіп, кір жуған Атырауын естен шығармайтын. Ел жағдайын білуге әркез уақыт табатын.

Етек-жеңі кең, келісті келбетті, ақ адал ниеті мен өрлігі қашанда жарасымдылық беріп тұратын туғандай болған қайран інім, енді саған жатқан жерің жарық болсын дегеннен басқа айтар сөзім жоқ.

Бақұл бол, бауырым!

Равиль ШЫРДАБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз