ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ

Руханият

Астанадағы мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері, «Нұр Отан» партиясының елу жаңа тұлғасы» жобасының қатысушысы Гүлнар Кулушева бастаған арнайы топ Атырауға оңалту орталығын ашу үшін арнайы келді. Мамандар орталық жүйке жүйесі зақымданған балалар үшін арнаулы сәбилер үйінде болып, дәрігерлер мен тәрбиешілер арасында шеберлік сыныбын өткізді.  

– Атыраудағы сәбилер үйіндегі құрал-жабдықтардың жай-күйімен танысып, көмегімізді көрсетуге келдік. Жоба екі жыл бұрын Астанадан бастау алды. Он алты сал ауру баланы оңалту орталығына алып, жұмысымызды бастаған едік. Ісіміз жақсы нәтиже берді. Сал ауруынан сауыққан он баланың төртеуін қазір ата-аналар асырап алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің бұл жобамызға қолдау білдірді. Бүгінгі күні еліміздің әр түкпіріндегі балалар үйінде болып, олардың жағдайымен танысып жүрміз. Атырау облысынан кейін, Қызылорда, Шымкентте кішкентай балаларға арналған оңалту орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлнар Ережеқызы.

 Жобаның негізгі идеясы – балалар үйінен оңалту орталығын ашу болып табылады. Себебі, мүмкіндігі шектеулі балалардың бәрі бірдей Алматы, Астанадағы республикалық орталықтарға барып емделе алмайды. Сондықтан, оңалту орталықтарының әрбір облыс орталығында ашылуы -құптарлық іс. Туабітті ауру балаға неғұрлым ерте ем-дом жасалып, көмек берілсе, олар ауруынан тез  жазылып, аяғынан тұрып кетуі мүмкін.

Атыраудағы Сәбилер үйінде бүгінде 3 жасқа дейінгі отыз сәби тәрбиеленеді. Олардың арасында даун, туабітті жүрек ауруы, церебралды сал ауруымен ауыратын науқас балалар бар. Бүгінгі күні төртеуі ғана сауықтырылған екен. Ендігі кезекте науқас сәбилер жаңадан ашылған оңалту орталығында емделетін болады. Сондай-ақ, жоғары санатты дәрігерлер жиі келіп, тәжірибе алмаспақ. Оңалту орталығының алғашқы эксперименттік жаттығуын астаналық емдік-дене шынықтыру  дәрігері Айнұр Нұрқожаева жасап көрсетті.

 «Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарту барлық қоғамның міндеті саналады», – дейді «Нұр Отан» партиясының Атырау облысы бойынша сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Фарида Ахметова. – «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға бірінші кезекте көңіл бөліп келеді. Қоғамдық қабылдаудың әр бейсенбісін мүгедек жандарға арнап отырмыз. Жалпы, облыс бойынша 18 мыңның үстінде мүгедек адам болса, бүгінгі таңда жоба қолға алынғалы бері қоғамдық қабылдауға 386 мүгедек хабарласып, оның 316-сы жұмысқа орналасты.

Фарида Төлегенқызының айтуынша, сәбилердің де туабітті ауруларынан айығып, олардың өмір сүруіне жағдай жасау  «Нұр Отан» партиясының жаңа елу тұлғасы» жобасының қатысушыларының басты назарында келеді. Олар әрі қарай да бұл мақсатта жұмыстар атқаратын болады. Партияның қоғамдық қабылдауы арқылы облыстағы мүгедек жандардың 2015 жылға дейін 50 пайызын жұмыспен қамту жоспарланса, 2020 жылға дейін 100 пайызына жағдай жасалмақ. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі жандар туралы мәліметтер алынып, жұмыстар жүргізілуде.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған