ҮМІТ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Ресейдің Сочи қаласында өтіп жатқан Қысқы ойындар Олимпиадасына Қазақ елі атынан қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тілеп, қолдау көрсету мақсатында еліміздің әр өңірінде акциялар ұйымдастырылуда. Игі шаралардың жалғасы Атыраудағы мұз айдынында Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ұйымдастыруымен «Жеңіспен, алға!» атты ұранымен өтті. 

 Акция барысында қаладағы аз қамтылған отбасынан шыққан мектеп оқушылары, колледж студенттері, С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 мектеп-интернаттың оқушылары мұз айдынында тегін сырғанауға мүмкіндік алды. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев «мұндай акциябұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді», – дейді. Оның айтуынша, мұндай шара аталмыш партияның ұйымдастыруымен аудандарда да ашық сабақ, тәрбие сағаты түрінде өткізілуде. 

Жүздері бал-бұл жанған оқушылар өздеріне  жасалып  жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, қуаныштарын жасырмады. Мұз айдынына алғаш рет коньки тебуге келген 10 жасар Жасмин Құрбаниязова қазақстандық спортшыларымызға үлкен табыстар тіледі. №30 орта мектептің 9-сынып оқушысы Лиза Сафронова алдағы уақытта мәнерлеп сырғанау бойынша жарыстарға қатысқысы келеді. Айта кету керек, мұз  айдынына  конькимен  сырғанауға келген жүз елуге жуық оқушыға торт, тәттілер де таратылды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз