МЕРЕКЕ АЛДЫНДАҒЫ ҚУАНЫШ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Балықшы елді мекенінің Бейбітшілік даңғылы  №70 және Қожақаев көшесі №21 мекен-жайындағы екі тұрғын үйден 60 пәтердің кілті қоныстанушыларға табыс етілді. Тәуелсіздік мерекесіне орайғы осынау жаңа үйлерді тапсыру салтанатына қала әкімі Нұрлыбек Ожаев  қатысып, ыстық ықыласын білдірді.

– Баспанаға ие болу – әр адамның асқақ арманы. Бүгін, міне, Елбасымыздың дана басшылығының, салиқалы саясатының арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа тұрғын үй пайдалануға берілгелі отыр. Бүгінгі игіліктеріңізге ұсынылып отырған пәтерлерге 11 аз қамтылған отбасы, 12 балалар үйінің тәрбиеленушісі мен 28 бюджеттік сала қызметкерлерінің жанұялары және 9 апатты үй тұрғындары қоныстанатын болады. Ұрпақтарыңыз өз ошағында бақытты өмір сүруіне тілектеспін. Алған баспаналарыңыз жайлы болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, үйлеріңізден береке кетпесін, – деп қала әкімі құттықтады.

Өз кезектерінде баспаналы болған Ирина Гарина, Назгүл Қадыржановалар қуаныштарымен бөлісіп, Елбасымызға, облыс және қала басшылығына алғыстарын білдірді.

Қала әкімі Нұрлыбек Жұмахметұлы баспаналы болу бақыты бұйырған, жаңа пәтерлер иелерінің шаңырақтарында болып, микротолқынды пеш тарту етті.

Балалар үйінің тәрбиеленушісі Ермек Есжановтың отбасы ерекше қуаныш үстінде. Олар үшін маңызды күн. «Пәтер жалдап, талай қиындықты бастан өткердік. Қуанышым қойныма сыймай отыр. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында  осындай кең сарайдай пәтерге ие болдық, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандарға бұл үлкен көмек, ризашылығымыз шексіз», – дейді Ермектің жары Нұргүл Ерғазиева.

Өзіндік сәулетпен салынған тұрғын үйлердің келбеті көз сүріндіреді. Бір орталықтандырылған су және жылу жүйесіне қосылған үйдің ауласы да абаттандырылған.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз