МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Бүгінде мемлекетіміз шикізатқа иек артып қоймай, экономиканы әртараптандыруға ұмтылуда. Соның бір көрінісі – облыстың ауыл шаруашылығындағы іргелі жобалардың жүзеге асуы. Мұны азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ертеңін ойлаған елдің игі қадамдары деп түсінуге болады.

Ауыл бұрыннан атажұртымыздың алтын қазығы саналады. Ал, оның қазіргі жағдайы қандай, ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігі нендей? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрейікші. Оның үстіне, он жасымнан қозы бағып, ауыл шаруашылығын өркендетуге 55 жылымды арнаған, кезінде «Путь Ильича» совхозына басшылық еткен жан ретінде ауылды дамытуға орай бірауыз сөз айтуға құқығым бар деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қоғам өзгерген өлара шақта ауылдың өмірі нілдей бұзылды. Бұрынғы ірі ұжымшарлардың ыдырауынан, экономикалық байланыстардың үзілуінен жұмыс жүйесі бұзылып, шаруашылық жұмысы тоқырады. Осы себептен жергілікті жұрт жұмыс таппай қиналды. Күнкөрістің нашарлауынан ауылдықтардың қалаға үдере көшкені осы тұс. Мұны қазір «урбанизация» деп атап жүрміз ғой.

Ерекше атап өтерім, облыс басшылығының ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуінің арқасында бізде жылдар бойы қалыптасқан проблемалар шешілуде. Соның бірі – жүн өңдеу. Бұрын малдың жүнін Ресейдің Астрахан қаласынан келіп, алып кетіп жүрді. Алыс жол өзін ақтамаса керек, кейін саудагерлер оны да қойды. Ал, өзіміздің кәсіпкерлер бұл шикізат түріне көп қызығушылық таныта қойған жоқ. Тері туралы да осыны айтуға болады. Алатын адам болмағаннан соң, шикізатымыз іріп-шіріп, ақыры оны өртеп жіберуге тура келетін. Ақпарат құралдарынан естіп білудеміз, қазіргі күні Атыраудан үлкен жүн өңдейтін фабрика салынып жатыр. Бұл өндіріс ауыл адамының біраз мәселесін шешетіні анық. Қазірдің өзінде біз жүнімізді мұқият сақтап, жинақтаудамыз. Мұны бір десек, екіншісі, еттің жайы.

Қазіргі күні облыс орталығындағы базарларда ірі қаралардың төмен бағамен сатылатын сәті кездеседі. Халықтың қалтасына салмақ түсірмейтін, арзан өнімнің болғаны әрине, жақсы. Әйткенмен, сол малдың қайдан келгеніне, дәрігерлік құжаттамасының түгелдігіне маңыз бердік пе? Байқасақ, ол Ресейдің Қалмақ елінен әкелінуде екен. Еділ өзенінің бойында орналасқан аймақтың табиғаты бізбен салыстыруға келмейді. Шөбі шүйгін, суы мол. Осы себептен шаруагер сиыр бағуға көп шығын шығармайды. Дегенмен, айтқым келгені ол емес. Әңгіме, сол малдың еті қаншалықты адал, ауру-сырқаудан аман ба? Өзге елдің арзан етін саудалай отырып, осы жағдайды ойладық па? Білетінім, мұндағы ірі қара кәдімгі жабайы қабан секілді өседі. Оның тек жалпы есебі ғана иесіне белгілі. Алайда, сол малдың уақытылы егілетініне, ветеринар дәрігерлердің оны жүйелі тексеріп тұратынына күмәнім бар. Оны сейілту үшін мынадай ұсыныс айтар едім: Қазір технологияның дамыған заманы. Саудагерлердің Ресейден Қазақстанға тасымалдаған малының ауру-саулығын жаңа жабдықтар арқылы тез арада тексеріп біліп беруге болады. Сонда көп мәселенің беті ашылып, жұртшылыққа сапалы, таза малдың еті жетер еді. Түптеп келгенде, бұл азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі.

Тағы бір айтар жай, алыпсатардың біздің малымызды арзанға алып, етін халыққа қымбатына сататыны – өмірдің шындығы. Дегенмен, оның жолын кесудің мүмкіндігі бар ма? Менің ойымша, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Атырау қаласында коммуналдық базар салуға жұмыстанып жатқаны өте орынды іс деп білемін. Тың бастама малдың ет-сүті мен бау-бақша дақылының қалалықтардың дастарханынан табылуына жол ашады. Ол өте құнарлы, әрі арзан өнім болмақ.

Біз алыстағы ауылдың ахуалын айтқанда қолдағы мүмкіндіктерімізді ескере бермейміз. Соған орай бір мысал келтірейін. Индер ауданындағы бұрынғы «Путь Ильича» совхозынан қалған 22 мал қыстағы бар. Оның біразы Көктоғай ауылына өте жақын орналасқан, кейбірінің арақашықтығы бес-алты шақырымды құрайды. Ал, мұнда жанға керектінің, тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Электр шамы самаладай жанып тұр. Тек көгілдір отын ғана тасымалданады. Салыстырмалы айтқанда, біздегі жағдайдың жақсылығы осыдан-ақ көрінеді. Жастар бұл мүмкіндікті неге пайдаланбайды? Олар мал ұстаймын, тұрмысымды түзеймін десе, қолдарын кім қағады? Кейінгі буын өкілдері уақыты келгенде ауылға жаппай бет бұрады деп ойлаймын. Бүгінгі өмірдің өрісі де осыған алып келе жатыр.

Өркенді өзгерістер өзіміздің шаруа қожалығымыздың өмірінен де байқалады. 1997 жылы мал өсірумен айналысатын «Жанбай» шаруашылығы құрылғанында қиындықтар көп кездесті. Шаруашылығымызда қазіргі күні төрт түліктің бәрі бар. Оның жемшөбі күні бұрын артығымен өз күшімізбен дайындалады. Шаруа қожалығы Индер ауданының орталығындағы үш балабақшаға ет тапсыруда. Жұмысшыларымыз болса белгіленген еңбекақысын уақытылы алады, басқалай да көмек көрсетіледі. Олар малдарын қосады, жем, шөбіне ештеңе алмаймыз. Жағдайы төмен отбасыларға шама шарқымызша шөппен, малмен көмектесеміз. Мұның бәрі қазақтың «мал баққанға бітеді» аталы сөзін айғақтай түседі.

Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ,

«Жанбай» шаруа

қожалығының жетекшісі.

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз