МАЙДАНГЕР ӨТКЕН ЖОЛ

Ризуан Сиджанов жылқы жылының басында тоқсан жасқа толғалы отыр. Орта шаруа шаңырағында өмірге келген ол сол кездегі тұрмыстың қиындығынан еңбекке ерте араласады. Бала жастан алғыр, есеп-қисапқа жетік Рекең сонау 1940-42 жылдары кітапхана меңгерушісі, кассир-есепші, ферма есепшісі болады. 1942 жылдың күзінде Қиыр Шығыстағы Қызыл Тулы Амур өзенінің соғыс-теңіз флотына алынып, 1945 жылдың тамызынан қыркүйегіне дейін Манчжурия жерінде еліміздің шекарасын Жапон империалистерінен қорғайды. Сөйтіп, бұл шайқас Квантун армиясын жеңумен аяқталады.

Соғыстағы ерлігі үшін атамыз ІІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Жеңіске қосқан үлесі үшін» ордендерімен, 1945-ші жылдардағы соғысқа қатысқаны үшін тағы бірнеше медальмен марапатталады. Елге 1950 жылы аман-есен оралып, Махамбет орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен дәріс береді. Кейінгі жылдары ол Бақсай аудандық мәдени-ағарту бөлімінде меңгеруші, аға инспектор қызметін атқарады. Бар саналы өмірін ерен еңбекке арнаған Рекең сол кездегі ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Сарытоғай селолық кеңесінде, кейін «Орал» кеңшарында агроном, экономист қызметтерін абыроймен атқарады. Зейнеткерлікке шыққан соң да жұмыстан қол үзбей, бригадир болып істейді.
Аудан мен селоның қоғамдық-саяси өмірінен шет қалмайтын ол шаруашылықта бастауыш партия ұйымының хатшысы, бірнеше рет селолық кеңестің депутаты болып сайланады. Тұла бойы тұнған өнер иесі ұлттық бидің шебері десе болғандай. Көрген адамды осынау өнерімен тамсандыратын ол республикалық, облыстық, аудандық фестиваль мен конкурстардың жүлдегері атанғаны оны білетіндердің әлі күнге есінде шығар.
Елгезек, жаңалық пен жақсылық хабарға елеңдеп отыратын атамыздың өмірлік серігі Нәзипа анамыз осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын о дүниелік болып кетті. Марқұм анамыз денсаулық саласының ардагері, мейірімді де сыпайы жан болатын. Тату тірлікте өмір сүрген қос бәйтерек өмірге алты қыз, төрт ұлды әкеліп, бәрін адамгершіліктің биік үлгісімен тәрбиеледі.
Тоқсаныншы қысын қарсылап отырған ардагерді Сарытоғай ауылында білмейтін жан жоқ десе де болады.

Жұмабай РАҚЫШЕВ,
зейнеткер,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз