МӘДЕНИЕТ – ҰЛТТЫҢ МӘЙЕГІ

ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуден көрінеді

Мәдениет - ұлттың мәйегі. Заман ағымына қарай дамыған өзге салалармен қатар мәдениет саласына да жан-жақты көңіл бөлінуде. Елбасының «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы келелі талаптарға сай халықтың рухани ахуалын, ел бірлігін, жастарды ұлттық және әлемдік мәдени құндылықтарға баулу, отаншылдыққа тәрбиелеу мәдениет қызметкерлерінің басты мақсаты болып отыр. Жуырда Исатай ауданында өткен «Мәдениет – жаңа ғасыр белесінде» атты облыстық тәжірибе алмасу семинарында өңірде осы салада атқарылған шаралар мен шешімін күткен мәселелер кеңінен сөз болды.

Шешімін күткен өзекті мәселелер
Семинар алдымен аудан орталығындағы Аққыстау селолық мәдениет үйінде бастамасын тапты. Семинарды ашқан Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев басқосу тақырыбының маңыздылығына, тереңдігіне тоқталды.
– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары басқа салаларға қарағанда мәдениет саласы кенже қалып қойды. Қазіргі таңда мәдениет пен спорт салаларын дамыту жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты тапсырмалар беріп, материалдық-техникалық базасын жақсарту барысында көптеген жұмыстар атқарылуда, – дейді аудан әкімінің орынбасары. – Биыл республикалық трансферт есебінен ауданда екі селолық клуб күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жуырда облыс әкімі ауданға келген сапарында Аққыстау селосынан 400 орындық мәдениет үйін салуға қолұшын беретінін жеткізіп, халықты қуантып кеткен болатын. Қазір бұл нысанның жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамаға жіберілді. Орынды да белгілеп қойдық. Халықтық атаққа қол жеткізген өнер ұжымдарының қатары көбейді. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау, тарихты ұмытпау мақсатында бірігіп шешетін мәселелер баршылық. Сондықтан, аудан әкімінің көрші аудандар басшыларымен мәдени-тарихи ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоюы басты жаңалық саналады. Атап айтсақ, Ақтөбе облысындағы Қобда, Маңғыстау облысындағы Түпқараған, көршілес Құрманғазы аудандарымен келісімге келіп, арнайы топ барып келді. Қобда ауданында мәңгі мекенін тапқан Исатай батыр бейітіне кесене орнату мәселесін шешу үстіндеміз. Исатай – халықтың батыры. Сондықтан, оның ерлігін, ұлтжандылығын, батырлығын ұмытпай, кейінгі ұрпаққа насихаттау, оның рухын құрметтеу – парызымыз.
Семинарға қатысқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынбек Нысанғалиев облыста мәдениет саласын дамытуда бірігіп жұмыс жасауға, пікір алмасуға шақырды. Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен мәдениет саласына оң бетбұрыс жасалып жатқандығын айта келе ол жуырда алты мәдениет клубы күрделі жөндеуден өткендігін, мәдени мекемелерге он шақты автокөліктің кілтін табыс етілгендігін айтты.
– Жағдай біртіндеп түзеліп келе жатыр, – деді ол. – Үлкен сахна алдық, жаңа аппаратуралар әкелінді. Осы қарқынды жалғастырсақ, жұмыс ілгері басатыны сөзсіз. Көптеген жерде Атырау облысының мәдениет саласына көпшілік қанағаттанбайтыны, өкінішке орай, ақиқат. «Ердің атын ел шығарады» демекші, жергілікті жерден таланттарды шығару қажет, оларға қолдау көрсетуіміз керек. Тарихи ескерткіштерді жөндеу, қазақ эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырған атыраулық өнерпаздарды насихаттау – алда тұрған басты міндеттер.
Сонымен қатар, басқарма басшысының міндетін атқарушы қазір кештерді жүргізетін мамандардың, топтық деңгейдегі әншілердің (дуэт, трио, квартет және т.б. – ред.) жоқтығын сынға алып, сахна үлгісіндегі киімге көңіл бөлу қажеттігін баса айтты.
Ал, Қызылқоға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Жәния Ізбасқан жалпы аудандық мәдениет бөлімдері мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арасы алшақтап кеткендігін ашық айтты. «Облыс орталығында барлық шараны облыстық шығармашылық орталық пен облыстық тілдерді дамыту басқармасы өткізеді. Әсіресе, облыстық шығармашылық орталық үнемі аудандарға шығып, атқарып жатқан жұмыстарымызбен танысып жүреді. Ал, облыстық басқармадан аудандарға арнайы ат басын тіреп келген қызметкерлерді көрмейміз. Тек жыл соңында есеп сұрағанда ғана байланысады. Сондықтан, облыстық мәдениет басқармасының аудандарға көрсетіп отырған қолдауы әзірге жоқтығын айтқым келеді. Сондай-ақ, материалдық-техникалық базамыз жетіспейді. Егер бізге қажетті жағдай толықтай жасалмаса, біздің жұмысымыз қалай өрге басады? Орындықтар, музыкалық аппаратуралар жетіспейді. Сахнамыз да жоқ. Бұған қоса, мәдениет саласы қызметкерлерінің білімін жетілдіру мәселесі қолға алынса жақсы болар еді. Мәселен, дәрігерлер, ұстаздарға біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасалғанда, мәдени қызметкерлерге неге білімін жетілдірмеске? Мәдениет қызметкерлері білімін нығайтып, біліктілігін арттырмаса, бұл сала да жоғары белеске көтерілмейді» – деп бірнеше өзекті мәселелердің басын ашып тастады.
Семинарға қатысқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағимов 2004 жылы шығып, 2010 жылы қайтадан жаңартылған «Мәдениеттану» деген кітабымен таныстырды. Бұл кітапта адамзаттың мәдениеті кеңінен қозғалған. Сонымен қатар ол, Мұрат Мөңкеұлының туғанына 170 жылдығына орай республикалық конференция өткізуді және облыс орталығынан ескерткіш ашуды ұсынды.

«…Мәдениет
дегеніміз – өнер»
Семинар барысында ұлттық киім тігетін фабрика ашу, кино қоюға рұқсат алу, ұлттық аспаптар мәселелері де көтеріліп, шешу жолдары қарастырылды.
– Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында ғасырдың он сын-қатерін атап берді, – деді облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы басшысының орынбасары Абат Кенжеғали. – Соның бірі – өркениет құндылықтарының дағдарысы. Сондықтан, осы мәселе бәріміздің негізгі бағдарламамыз, жұмысымыздың негізгі бағыты болуы керек. Президентіміз Н.Назарбаев «мәдени өнім жасау» деген тіркесті жиі қолданып келеді. Халықтың көпшілігі мәдениет десе ән салып, би билеп, домбыра тартып жүрген адамды көз алдына елестетеді. Ал, шын мәнісінде, бұл – өнер. Ал, мәдениет қызметкері – сол өнерді жасаушы. Сондықтан, Елбасы осы мәдени өнімнің бәсекеге қабілетті болуын тапсырды. Осыған орай, біздің мәдени өніміміз ұлттық құндылықтарды насихаттауға, адами бейнені қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
– Айта кетер мәселе, бізде мәдениет саласында норматив жоқ. Мәселен, үш жүз халқы бар ауылда мәдениет үйі болса, дәл сондай тұрғыны бар басқа ауылда клуб қызмет етеді. Екі мың халқы бар ауылдағы мәдениет үйі мен алты мың халқы бар ауыл клубының штат бірлігі бірдей. Себебі, норматив жоқ.
Исатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Ақылбек Рысқалиевтың айтуынша, биыл аудан басшылығының қолдауымен қаржы бөлініп, «Қызыл үй» мен Жанбай селолық клубы күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, Исатай және Забурын селолық клубтарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Былтыр «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бір «Газель» автокөлігін тарту етсе, биыл облыстық әкімдік тарапынан «Нива» автокөлігі сыйға берілген. Байқап отырғанымыздай, көптеген түйінді мәселелерге қарамастан, салада алға қарай дамуға қадам бар.

«Ауыл кеші көңілді…»
Көшпелі семинар Нарын селолық клубында «Салт-дәстүрім – сарқылмас қазынам» атты мәдени шарамен жалғасын тапты.
Мұнда шағын ғана селолық клуб шалғай елді мекенде орналасқан ауылдың мәдени ордасы болып отырғандығын аңғардық. Бізді жылы шыраймен қарсы алған олар халқымыздың қанына біткен қонақжайлық қасиетін танытып, «Сүйінші сұрау», «Ат қою», «Тұсау кесу», «Бата беру» сынды ұлттық салт-дәстүрлерімізден көріністер қойды.
Ал, Жанбай селолық клубында өлең-сөзден өрнек салған үш буын ақындарының өнеріне тәнті болдық. Аға буын өкілін таныстырған Адайбек Есекеш осы жиынға арнаған «Үзілмес өнер желісі» атты өлеңін көпшілікке тарту етті. Сондай-ақ, орта буын өкіл ақыны Оралбек Шманов пен кіші буын арасынан топ жарып жүрген Саягүл Айтжанова да өз туындыларын оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене білді.
Новобогат селолық клубында «Той тойлай білеміз бе?» ток-шоу бағдарламасында қазіргі таңда тойымыз қандай деңгейде өтіп жатқаны сөз болды. Қонақтың тойға кешігіп келуі, асабалардың орынсыз қалжыңдары және тағы басқа жайттар өткір сынға алынды.

Түйін
Айтылған мәселелері көп, бір-бірінен үйренетін тәжірибелері молдығын аңғартқан бұл облыстық семинардан қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен мәдениет үйлерінің басшылары, клуб меңгерушілері, әдіскерлер өз қызметтеріне қажетті тәжірибе жинап қайтты. Қысқасы, семинарда айтылған мәселелер облыстағы мәдениет және өнер саласына жаңа серпін берер деген ойдамыз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз