Мұнайлы өлкеде егін де өседі

тек қана бабын тауып, осы саланың бағын ашсақ болғаны!..
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына қатысты жүктеген маңызды міндеттердің орындалуында республикамыздың басқа аймақтарымен қатар, Атырау облысының да өзіндік еншісі барлығы даусыз. Өткен сенбіде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жұмыс сапарымен Атырауда болды.

АУЫЛДАҒЫ ШАРУА
АЛҒА БАСТЫ

Үстіміздегі жылы облыс бойынша қой-ешкі 533,7 мың, мүйізді ірі қара 149,2 мың, жылқы 46,0 мың және түйе 29,8 мың басты құраған. Сәйкесінше, төрт түліктен өндірілетін ет пен сүт, өзге де өңделіп шығарылатын өнімнің түрін де, көлемін де көбейтуге көңіл бөлінуде. Асыл тұқымды мал саны мен шаруашылықтардың қатарын көбейтуге де айтарлықтай көңіл бөлінген.
Егіс алқабының аумағы биыл 2400 гектарды қамтыса, 2015 жылы 3850 гектарға жеткізіледі. Соның ішінде картоп егістігін қазіргі 900 гектардан 1350-ге, көкөніс-бақшаны 1500-ден 2500 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Осыған дейін тамшылатып суару тәсілімен баптап-күтіліп келген 650 гектардан астам егіндіктің көлемі де таяу жылдары 1000 гектарға көбейтіледі.
Тұтастай алғанда, облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2012 жылы мемлекеттен берілетін субсидияның сомасы 1,2 млрд. теңгені құраса, биыл 1,5 млрд. теңгеге өскен.
Сенбі күні түстен кейін Асылжан Мамытбеков облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов және оның бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевпен бірге Атырау қаласы аумағындағы Қайыршақты селолық округіне қарасты Бесікті елді мекенінде орналасқан «Қарағаев» шаруа қожалығының шаруашылығына ат басын тіреді. Ол алдымен аймақтағы аграрлық саланың даму барысынан хабардар болды. Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев баяндады. Әңгімені одан әрі аталған қожалық жетекшілерінің бірі Айболат Рзиев жалғастырды.

АЛУАН ТҮРЛІ КӘСІПТЕН НӘСІП ТАПҚАН

2009 жылы құрылған «Қарағаев» ШҚ көкөніс-бақша, малазықтық дақылдарын, сондай-ақ, ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды мал, оған қоса құс және балық өсірумен айналысады.
Қожалықтың 486 гектар егістік жері, әрқайсысы 525 шаршы метрлік төрт жылыжайы, 10 мың шабақты өсіруге мүмкіндік беретін бірнеше балық тоғаны, жеміс бағы, сан салалы жұмыстарды орындауға бейімделген ауыл шаруашылығы техникалары бар. Мұның сыртында қожалықта еділбай тұқымды қой (3000 бас) мен асыл тұқымды «кушум» жылқысы (370 бас) бағылып, құс (1000 «линдов» асыл тұқымына жататын қаз) өсіріледі.
Алуан істің басын бір арнаға тоғыстырып, сан кәсіптен нәсібін тапқан шаруашылық ұжымының келешекке жасалған жобаларының да аз еместігін аңғардық.
Солардың бірі – бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсіруге арналған, тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысы. Нысанның жобалық-сметалық құны 75 млн. теңге, құрылысының аяқталу мерзімі – 2013 жылдың желтоқсан айы. Пайдалануға берілгендегі жылдық өнімділігі 10 тоннаны құраса, маусымдық шараларды қосқанда 70 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастырылған.
Келесі кезекте құс шаруашылығын дамыта отырып, өсіріліп, семіртілген қаздарды жаңа технологияға сай сойып, сатуға мүмкіндік беретін цех салу көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 15 млн. теңге қаражат жұмсалынатын бұл нысанның тапсырылу мерзімі де биылғы желтоқсан айына белгіленген. Іске қосылғанда сағатына 200 дана құс қасапқа түсетін шағын өндіріс орнында 20 адамға жұмыс табылады.
Инвестиция сомасы 200 млн. теңгеге есептелген, жылына 80 тонна көкөніс өсірілетін, ауданы бір гектар жылыжай тұрғызу да осындай жобалардың қатарынан орын алған. Нысан құрылысы келер жылдың маусым айында тәмамдалып, 30 адам жұмысқа тартылады.
Осылайша, «Қарағаев» шаруа қожалығының сан салалы жұмысымен жете танысқан республикалық ведомоствоның басшысы мұндағы су маржандары өсірілетін тоғандарды да көзімен көріп, бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын табиғи жетілу ортасына жіберу рәсіміне қатысты.

ІЛКІМДІЛІК ІЛГЕРІГЕ
БАСТАЙДЫ

Айтулы сәттің куәсі болған министр осы жерде журналистерге қысқаша сұхбат берді. Асылжан Сарыбайұлы әуелі еліміздегі аграрлық сектордың ахуалына тоқталды. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығының қай саласында да даму үрдісі байқалатынын аңғартты.
Дегенмен, агроөнеркәсіп кешенінде табиғаттың тосын жағдайларымен, басқалай да себептермен байланысты туындауы ықтимал қиындықтардың, проблемалардың орын алу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Үкімет тарапынан қабылданып, бастапқы кезеңі жүзеге асырыла бастаған «Агрокешен-2020» мемлекеттік бағдарламасында да осындай жағдаяттардың ескерілгендігін қаперледі.
Қай шаруаны қолға алғанда да тәуекелдердің басым, рентабелділіктің төмен, кепілге салынатын мүліктің немесе базаның жеткіліксіздігі агробизнесте де жиірек кездесетін жайттар екендігін жасырмады. Сондықтан да ел Үкіметі мен салалық министрлік қаржыландыру институттарымен бірлесіп, несиелік тәуекелдерді сақтандыру, инвестициялық субсидиялау, шығындарды өтеу мүмкіндіктерін арттыру шараларын қарастырып, іске асыруға бағыт ұстанғандығын мәлімдеді.

ШАРУАГЕРЛЕР
БАЗАРЛЫҒЫН АЛА КЕЛДІ

Осында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесіне облыс орталығы мен аудандарынан келген тауар өндірушілер өз базарлықтарын ұсыныпты.
Бұлардың санатында «Достан-Ата» ШҚ, «Жаңа таң, «Атырау-Сауда» ЖШС-тері (Жылыой ауданы), «Құрманғазы» ӨК, «Рсай» шаруа қожалығы, «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауыты (Құрманғазы), «Асыл-Агро ШҚ (Индер), «Жасқайрат» (Қызылқоға), «Первомайский» ЖШС, «Дастан», «Райхан» ШҚ-тары (Махамбет), «Қарағаев», «Арай», «Мұрат», «Сұлтан» ШҚ-тары (Атырау қаласы), т.б. атаған ләзім.
«Жақсыны – көрмекке» демекші, Ауыл шаруашылығы министрі жанындағы облыс басшыларымен бірге бұл жағына да мойнын бұрып, сол жерде шаруагерлермен жүздесті.
Сапарының соңында Асылжан Мамытбеков аймақтағы агросекторды қаржылай қолдаушы құрылымдардың бірі «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-на қарасты «Атырауагросервис» ЖШС-нің (директоры Асқар Бисенов) көкөніс сақтау қоймасына аялдады. Байқағанымыздай, әрқайсысының сиымдылығы 5100 тонналық екі қоймадан бөлек, мұндағы айналасы атшаптырым аумақта көкөніс дақылдарын заманауи технологиялардың көмегімен өсіруге лайықталған бірнеше жылыжай жайғастырылып, ауыл кәсіпкерлеріне лизингтік жүйемен, ұзақ мерзімге берілетін техника түрлері қойылған.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз