ҰЛТЫНЫҢ АРЫ, ҰРПАҒЫНЫҢ ҰРАНЫ

Индер ауданында «Тәуелсіздік жолындағы қайсар күрескер» тақырыбындағы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, тарихи-өлкетану мұражайы және Индер аудандық мұражайы бірлесіп ұйымдастырған конференция болып өтті. Шара «Борат» мәдениет үйінің залына орналасқан көрменің салтанатты жағдайда ашылуымен басталды. Махамбет бабамыздың ерлігін насихаттау, дара тұлғаның асыл қасиеттерін бағалап, жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған көрменің таныстырылымы өтіп, аудандық кітапхана ұйымдастырған «Өткір тіл, өжет ойдың алдаспаны» атты көрме де көпшілік назарына ұсынылды.

 

ТАРИХТЫ ТҰЛҒАЛАР ЖАСАЙДЫ

Өмірдегі қасіреттің, өнердегі қасиеттің символына айналған айтулы тұлғаға арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын ашқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы С.Мұхамбетов бұл шара Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілістегі «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында ел тарихына жаңа көзқарасты қалыптастыру бағытындағы іске асырылып жатқан жұмыстармен үндесетінін атап көрсетті.
Конференцияға арнайы шақырылған ғалымдардың арасынан мінбеге алғаш болып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Л.Бердіғожин көтеріліп, «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістің зерттелуі туралы» баяндама жасады. Ғалым өз баяндамасында көпшілік зерттеушілер мойындаған ХІХ ғасырда-ақ қос батырды аспандағы жарық метеорға теңеген Н.Савичевтен басталған көтеріліс тарихының әр қоғамдық дамуына сай түрліше бағаланып, әр қырынан насихатталып келгенімен бұл ұстанымның еш өзгермегеніне ерекше екпін берді. Тек 1991 жылдан кейін ғана шаруалар қозғалысы тарихшылармен ұлт-азаттық көтеріліс екендігі ашық аталып, кең насихатталып, зерттеліп келе жатқандығын жария еткен ғалым көтерілістің тарихын зерттеу, оны халыққа танытуда еңбек сіңірген ғалымдардың пікірлері мен еңбектерін де атап өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл көтеріліске «Азаттық жолындағы күрестің бірегейі» деп жоғары баға бергендігімен сөзін қорытындылаған баяндамашыны аталған университеттің профессоры, мұражайдың ғылыми кеңесінің мүшесі А.Шамғонов жалғастырды.
Ол «Махамбет Өтемісұлының туған жылы мен туған жері туралы тың деректер» атты баяндамасындағы сөз болған бірқатар жайлар конференцияға қатынасушылардың да қолдауына ие болды. Атап айтқанда, ғалым 2012 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасынан шыққан 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында ақынның туған жылы 1803 жыл, «Атамұра» баспасынан шыққанында 1804 жыл болып көрсетілген. Сонымен қоса, бүкіл мектеп түлектері ҰБТ-ге дайындалатын «Шың» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығында 1803/1804 жылы туған деп қатар көрсетілгендігін сынға алған баяндамашы бірқатар деректерді алға тартты. Сонымен бірге, ол ақынның балалық, жастық шағы Бекетай құмында өткендігін нақты дәлелдермен айтып берді. «Дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы бұрынғы Бөкей хандығы аумағындағы Нарын құмының шығыс бөлігі – Бекетай құмында 1803 жылы дүниеге келген. Біз ұлы ақынның туған жері мен туған жылына байланысты осы тұжырымның барлық оқулықтарға енгенін, оқу орындарында оқушылар мен студенттердің осындай түсінік алғанын және мерзімді баспа беттерінде де осы тұжырымның көрсетілуі қажет деп есептейміз, – деді ол баяндамасында.
Атырау университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, мұражайдың ғылыми кеңесінің мүшесі Ж.Мұстафин «Махамбет шығармаларындағы өлке тарихы» атты баяндамасында да әрбір жер атауына жан-жақты тоқталып өтті. «Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастанындағы Махамбеттің бейнесі» тақырыбында баяндама жасаған университеттің доценті, Қазақстанның Құрметті журналисі, Журналистер Одағы сыйлығының иегері Т.Жаңабай:
– Ы.Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастаны толықтай дерлік Исатай Тайманұлының ерлігін, өрлігін, көсемдігін, шешендігін, кісілігін, кішілігін, кесін-келбетін, қимыл-қаракеттерін көтерілістің өрбуімен қиюластыра отырып, жыр тілінде баян етуге құрылған. Ал, Махамбет – шығармадағы екінші кейіпкер. Екеуі бірін-бірі толықтыратын, байытатын әдеби бейнелер, – дей келе, қос батырдың шайқастардағы әрекеттері мен өжеттіктерін шындық шеңберінен алыстатпай жырлағандығын ерекше атады.
Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалының төрағасы Қ.Жылқышиев қатысып, бүгінгі тарихты зерттеуде таптаурын болған кеңестік жолдан батыл түрде арылу қажеттігін, сондай-ақ өлке шежіресін халыққа танытуға арналған өзінің «Дендертас» атты туристік соқпағы жайын сөз етті.
«Махамбет шығармаларын насихаттау арқылы ұлттық патриотизмді қалыптастыру» тұрғысында Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы Г.Қалиева, «Махамбет қорығының тарихы мен өзекті мәселелері» туралы Индердегі қорық бөлімшесінің басшысы С.Суханқұлов және «Махамбет Өтемісұлы деректерінің мұражайда көрініс табуы» хақында аудандық мұражай бөлімшесінің ғылыми қызметкері С.Ғалым сөз алды. Олардың да сөздері өз салалары бойынша батыр-ақынның рухын асқақтатып, Қазақ елінің егемендігін нығайту бағытындағы жұмыстар мен игі тілектерге толы болды. Аудандық мұражайда ең үлкен, әрі мазмұнды көрме жабдықталып, халық игілігіне жұмыс істеп тұрғандығы мақтанышпен көпке жария етілді.
Конференция барысында тұрғындар атынан сөз алған Ж.Жұлқаров Махамбет мазары басында әлі де көптеген жетпестіктер барын сөз етсе, әдебиетші ұстаз Ғ.Габдуллина рухы халқынан бір ажырамаған ақынның есімін одан әрі ұлықтауға байланысты жұмыстар жайлы айтып өтті.

БАБА РУХЫНА
ТАҒЗЫМ

Бұдан соң, ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатынасушылар аудандық мұражайда болып, онда жұмыс істеп тұрған «Дауылпаз ақын, ақберен батыр» тақырыбындағы көрмемен танысқан соң, Махамбет баба мәңгілік мекен еткен Жарсуат ауылындағы ақиық ақын атындағы орта мектепте болып, батыр бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Мұндағы Махамбет Өтемісұлының әдеби-мемориалдық бөлімшесіндегі жаңадан ашылған экспозициясының тұсаукесері болып, оның лентасын С.Мұхамбетов пен аудан әкімінің орынбасары Ә.Балахметов қиды. Сонымен қатар, ол аудан басшылығы атынан ғалымдар иығына шапан жауып, ризашылық тілегін арнады. Сөйтіп, бір күнге созылған ақынның 210 жылдығына арналған шаралар легі қорытындыланып, Махамбеттанудың тағы бір ерлік пен елдікке үндеген парағы алмасты.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз