КУРСК ШАЙҚАСЫНЫҢ ЕРЖҮРЕК КУӘГЕРІ

Жуырда Елбасымыз Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен кездесуінде Жеңістің 70 жылдығын келесі жылы ТМД елдері аумағында салтанатпен атап өтуге дайындық жұмыстарын бастау жөніндегі өз ұсынысын айтқаны белгілі. Соған байланысты елімізде Жеңіс күніне дайындық шаралары, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесулер басталып кетті. Жуырда Қызылқоға ауданындағы Сағыз селосында тұратын қарт майдангердің 90 жасқа толған мерейлі күні аталып өтті. Майдангер атамыз Аралбай Жүсіпов 1924 жылы қаңтар айында Сағыз ауылдық кеңесіне қарасты «Буракөл» елді мекенінде дүниеге келген. 1935-1941 жылдары «Ақшелек» орталау мектебінде білім алады. 18 жасқа толған балаң жігіт 1942 жылы әскер қатарына алынып, Башкирия АССР-ындағы Уфа қаласында кіші командирлер дайындайтын мектепте оқып, кіші сержант атағын алады. Ал, 1943 жылы Чкаловтан Курск бағытындағы шайқасқа аттанады.

 – Аспан мен жер тұтасқан алапат қанды соғыс талай боздақтарды қыршынынан қиды. Талай қарулас достарымнан айырылдым. «Старый оскол» деген жердегі немістердің бекінісін бұзу жөнінде бұйрық түсті. Бекіністі алу кезінде жауынгерлер жаумен арыстанша арпалысып, алапат айқас басталды. Бақайшағынан бастап, басына дейін қаруланған жау солдаттары оқты қарша боратты. Алайда, туған ел, кіндік қанымыз тамған қасиетті жер үшін біздің жолдастарымыз жандарын аямай, кеуделерін оққа тосты. Жарылған бомбаның астында қалып, топырақ солдаттарды басып қалды. Сол жарылған бомбаның кесірінен контузия алдым. Госпитальдан емделіп шыққаннан кейін Донбастағы көмір шахтасына келіп, «Горловка» деген шахтада әскери тұтқындарды күзеттік. Фашистік Германия жендеттері өздерінің ордасында талқандалды. Жеңіс жалауы желбіреген қасиетті күнді шахтада қарсы алдық. Ол күнгі қуанышымызды сөзбен жеткізе алмаймын. Қуаныштан естері шығып, екі көздеріне ерік беріп жылаған тұрғындар қала көшелеріне сыймай кетті. Қаншама қиындық көрсе де адамдар аштық пен азапқа төзді. 1946 жылы елге оралдым. Медициналық комиссияның шешімімен маған ІІ топтағы мүгедектік берілді. Әлима есімді қызбен шаңырақ көтердім. Рзабек, Жәнібек есімді ұлды болдым. Ұлым Рзабек өмірден ерте кетті. Артында үш перзенті қалды. Зайыбым 2008 жылы өмірден озды. Жеті немере, екі шөбере сүйіп отырған бақытты атамын. Облыс әкімі Атырау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Ұзақ жылдар Ленин атындағы кеңшарда еңбек еттім, – дейді қарт майдангер бізбен әңгімесінде.

Жуырда қарт майдангердің өмірінде тағы бір қуанышты жайт орын алды. Ресей елінің Курск облысындағы губернаторы А.Н.Михайлов Курск қаласын жау басқыншыларынан қорғауда жанқиярлық ерлік көрсеткен қарт майдангер Аралбай Жүсіповті «Курск шайқасына – 70 жыл» мерекелік медалімен марапаттаған еді. Бұл награданы аудан әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов ақсақалға табыс етті.

Аралбай атамыздың ұлы Жәнібек – «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің Атырау филиалының аға ғылыми қызметкері, биология ғылымының кандидаты. Немерелері Нұршат болашақ хирург болса, Бекзат – Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің 3-курс студенті, мамандығы ветеринариялық дәрігер.

Аралбай атаның көзі ашық, көкірегі ояу. Қажыр-қайраты келіскен жан, әлі де тың. Әсіресе, Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын теледидардан тыңдап, аса риза болып отырғандығын жеткізді.

Қарт ардагерге аудан әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов аудан әкімі атынан, Сағыз ауылдық округінің әкімі Серік Тұрыш село тұрғындары атынан азық-түлік себетін тарту етіп, күнделікті тұрмысқа қолайлы қысқы кезеңге арналған жылы киім-кешектер салынған сандықты сыйға тартты.

Қызылқоға аудандық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының басшысы Мақсот Кариннің берген мәліметіне қарағанда, аудан көлемінде қазіргі таңда Ұлы Отан соғысына қатынасқан төрт қарт майдангер қалған. Олардың біреуі бүгінде 96 жасқа толып отырған Көздіғара ауылдық округінің тұрғыны Қалихан Мұхтаров, қалған екі ардагеріміз Құрал Сәрсенбаев пен Кетебай Шоқпаров Сағыз селосында тұрады. Аудан орталығы Миялы селосындағы орталық саябақта Ұлы Отан соғысының отты жылдарында оралмаған боздақтарға арналып, гранит тасқа 1474 жауынгердің есімдері ойылып жазылған ескерткіш бар. Жалпы ауданнан Ұлы Отан соғысына 4512 адам қатынасқан. 910 жауынгерден «қаралы қағаз» келген. 2128 жауынгер майдан даласынан елге аман оралған. Бейбіт еңбекке араласып, кейіннен өмірден озған ардагерлерге арналып ескерткіш тақта ашылды. Бүгінде аудан көлемінде 2 464 тыл және еңбек ардагері бар.

Мағрупа 
БАҒЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қызылқоға ауданы.

Суретте: Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары 

Бибоз Шаяхметовтің қарт майдангерге «Курск шайқасына – 70 жыл» мерекелік медалін тапсыру сәті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз