КІСІЛІКТІҢ КӨРКЕМ КЕЛБЕТІ

Атырау өңірі тарихының әлеуметтік-экономикалық бағытындағы оң өзгерістерінде баға жетпес үлесі бар, ел игілігіне еңбегі  сіңген, бедел биігінен көріне білген, кісіліктің көркем келбетіне қылау түсірмеген жандардың бірі Орынтай Кенжетайұлы Кенжетаев еді.

Нарықтық жүйенің жекелеген элементтерін жан-жақты талдап, экономикалық заңдарды топшылап, белгілі мерзімнен кейін бұл салада қандай өзгерістер болатынын, қабылдаған шешімдердің әлеуметтік жоспарлау  нәтижелілігін айқын айта алатын азамат Орынтай Кенжетайұлы деп айтуға толық негіз бар.Экономика майданында жаңылмай жұмыс істеген, біліктілігі мен жауапкершілігі мол әріптесіміздің өнегелі өмір жолы сауатты азаматтарды қызықтыратыны да, ынталандыратыны да сөзсіз. 

 «Ісім оңсын  десеңіз, сол істің маманы болыңыз,  даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» дегендей, Орекең  еңбектен қуаныш таба білген, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты кемелденген шағында  өмірден озды. Орынтай Кенжетайұлы 2002-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Атырау филиалы директорының орынбасары қызметін атқарды. Филиалдың эмиссиялық-кассалық жұмысы мен шаруашылық қызметін, сондай-ақ экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының мониторингі жұмыстарын шебер ұйымдастырды. Ұлттық Банкі ақша-несие саясатын насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялап, теледидар мен радио хабарларына жиі сұбхат беріп тұрды. Сыртқы экономикалық қызмет бойынша төлем балансы есебін жүргізу, облыс банкілеріне қажетті қолма-қол ақшаны жоспарлау және оны қабылдау, филиалдың қаржылық төлем тәртібін жоғары деңгейде ұстау, жаңа әкімшілік ғимаратын тұрғызу және оны іске қосуда мол еңбек сіңірді.

Ұжымда қызметкерлерді алға қойған мақсатқа жетуге жұмылдыра білетін, өзін де, өзгені де талап үрдісінен көрінуге бастай алатын іскер де білікті ұйымдастырушы ретінде көріне білді. Әріптестерімен қарым-қатынас жасауда үлкен ізеттілік, тәрбиелік танытып, ешкімнің арын, намысын аттамай, биік парасаттылық, ізгілік, көрегендік танытудағы адами абзал қасиеттері ерекше еді.

Ал, ықылас қойып, шабытпен істеген әр ісі оны табыс биігіне жеткізіп отыратын.Орекең қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ұлттық валюта – төл теңгенің мерекесіне орай банк саласы қызметкерлерінің арасында жыл сайын спорттық жарыстар ұйымдастырды. Ұжымдағы әр отырыстың, жиналыстың басты түйіні бола білетін, адамды өзіне баурай алатын, өнегелі тұлға болды.

Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ.

 «ҚР Ұлттық Банкі» РММ

Атырау филиалының директоры.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз